«Түркі әлемі» туралы атлас

«Түркі әлемі» туралы атлас

Халықаралық Түркі ака­демиясы Нұр-Сұлтан қала­сындағы Ұлттық академиялық кітапханада «Түркі әлемі: тарихи-мәдени мұра» атты халықаралық конференция өткізді.

Бірқатар бауырлас түркі мем­лекеттер Тәуелсіздігіне 30 жыл толатын мерейлі меже аясындағы іс-шаралардың бастамасы ретінде ұйымдастырылған алқалы жиынға ТүркПА ұйымының бас хатшысы Алтынбек Мама­юсупов, Түркі кеңесінің алғашқы бас хатшысы Халил Ақынжы, Халықаралық Түр­кі ака­демиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Әзербай­жан­ның алғашқы премьер-министрі Гасан Гасанов, Қырғыз Респуб­лика­сының экс-мемлекеттік хатшысы Османакун Ибраимов қатысты. Сонымен бірге басқосуда Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары Өмер Коджаман, Әзербайжан, Түркия, Мажар­станның елшілері және еліміздегі дипломатия­лық миссиялардың жетекшілері, бауырлас түркі елдері Ұлттық ғылым академияларының басшылары, еліміздің Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, белгілі қо­ғам және мемлекет қайраткерлері, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түркия, Ресей, АҚШ, Италия, Моңғолия, Германия, тағы басқа 20-дан астам мемлекеттен танымал түркітанушы ғалымдар мен сарапшылар жиналды. Онлайн-оффлайн режимде өткен басқосу барысында Түркі академиясы әзірлеген «Түркі әлемі: тарихи-мәдени Атлас» атты іргелі ғылыми еңбектің салтанатты тұсаукесер рәсімі жасалды. Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Н.Назарбаевтың алғыс­­өзі­мен жарық көрген бірегей басы­лым әйгілі саяхатшылар мен жиһан­кездер жасаған көне карта­лар мен байырғы баба­ларымыздың мол мұрасын көрсететін маңызды мәліметтерді қамтиды. Конференцияны жүргізген Халықаралық Түркі ака­демия­сының президенті Дархан Қыдырәлі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazagstan газетінде жария­ланған «Тәуелсіздік бәрінен қым­бат» атты мақаласындағы «Қазақ­қа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ» деген ұстанымын Түркі академиясы әзірлеп шығарған 200-ден астам тарихи картаны қамтитын «Түркі әлемі» атласы ғылыми тұрғыда айқындай түсе­тінін атап өтті. Түркі кеңесінің алғашқы бас хатшысы Халил Ақынжы тарихи шекаралар туралы әңгіменің тарихтың еншісінде қалуы керек екенін  атап өтсе,  Әзербайжанның алғашқы премьер-министрі Гасан Гасанов сақ-скиф дәуірінен бастау алатын  қазақ тарихының тамыры тереңде екеніне тоқталды.

Ж.НҰРЛАН