Сайлау жайлы сан дерек

Сайлау жайлы сан дерек

10 қаңтар күні қазақстан­дықтар Мәжіліс пен жергілікті мәс­лихаттар депутаттарын сайлайды. «Егер бізге дауыс берсеңіз, жағдайыңызды жақ­сартуға берген уәдеміз – уәде» деп ұрандаған саяси партиялардың тағ дыры ше­ші­леді. Бұл жолы ресми тір­келген алты партияның бе­сеуі сайлауға қатысады. Биыл­ғы сайлауға қатысты сан де­ректерді назарыңызға ұсын­ғанды жөн көріп отыр­мыз.

«Қазақстан Республика­сын­дағы сайлау туралы» конс­титу­циялық заңның 4-бабына сәйкес, 18 жасқа толған Қазақстан азаматы те­гiне, жынысына, нә­сiлiне, ұлты­на, тiлiне, дiнге көз­қарасына, тұр­ғылықты жерiне немесе кез келген өз­ге жағдаят­тарға қарамастан, сай­лауда дауыс беруге құқылы. Сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сот үкiмi­мен бостандығынан айыру орын­дарында отырған азаматтар сайлауға қатыспайды. Бір айта ке­терлігі, кәмелетке толған әрбір қа­зақстандықтың тыс қалмай, дауы­сын бергені аса маңызды. Көпшілігін қызықтыратын тағы бір дерек – бюджет. Биылғы Пар­ла­мент Мәжілісі мен жер­гілікті мәс­­лихаттар депутаттарын сайлау науқанына республикалық бюд­жет­тен 15,3 млрд теңге бө­лінген. Оның ішінде былтыр – 10,8 млрд теңге, 2021 жылға 4,5 млрд теңге бөлу қарастырыл­ған. Ал партиялар қатысу үшін қанша ақша төлегенін білгіңіз келсе, оны да айтып өтейік. Не­гізі, Орталық сайлау комиссия­сына сайлауға қатысу туралы өтініш берген саяси партиялар әр кандидат үшін заңнамада бекітіл­ген минимал айлық табыстан 15 есе көп мөл­шер­де жарна төлеуі тиіс. Бұл дегеніміз – елдегі ең төменгі айлық 42 500 теңге болып бекітілгенін ескер­ген­де, сайлауға түсетін әр кандидат үшін 637 500 теңге төлейді деген сөз. Бір айта кететін жайт, өткен сай­лауда дауыс беру нәтижесінде же­ті не одан да көп пайыз жинаған сая­си партиялар жарна төлеуден бо­са­тылады. Демек, бұл жолы екі пар­тия ғана төлейді. Есептейтін бол­сақ, сайлау жарнасынан түсе­тін жал­пы сома 24 862 500 теңге. Орталық сайлау комитетінің мү­шесі Ерлан Дауылбаев жасаған баяндамасында жеке және заңды тұл­ғалардың өтініштерін қарау маз­мұны мен барысы туралы айтып өт­кен еді. Орталық сайлау комис­сия­сының төрт отыры­сында – кан­дидаттарды ұсыну кезеңінің қо­рытындысы, партия­лық тізімдерді тір­кеу, сайлау ал­дындағы үгіт ке­зеңінде және үгіт кезеңінің аяқ­талу қо­рытын­дылары бойынша қа­рал­ған. Сайлау жарияланған кезден бас­тап, 21 қазаннан бүгінгі күнге дейін Орталық сайлау комиссия­сы­на 104 өтініш келіп түскен. Оның ішін­де, 46 – жеке тұлға­лардан, 36 – заңды тұлғалардан, сондай-ақ 22 – бұ­қара­лық ақ­парат құралдарынан. Кө­терілген мәселелердің сипаты бойынша өтініштер былайша бө­лініпті: 63,4% (66) – сайлау заң­намасын түсіндіру туралы, 13,5% (14) – сайлау процесін ұйымдастыру мәселесі бойынша ақпарат беру тура­лы, 4,8% (5) – ұсыныстар, 4,8% (5) – өтініштер, 13,5% (14) – өзге мә­селелер. Осы 104 өтініш­тің 81-іне ОСК аппараты өтініш беру­шілерге белгіленген мерзімде толық жауап берген. 12-сі Орт­сайлауком құзыретіне кірмейтін ретінде заңда белгіленген тәртіп­пен мемлекеттік органдарға қайта жіберілген. 6-ы заңнамаға сәйкес қараусыз қал­дырылған. Себебі олардың ішінде 4 азаматтың өті­нішінде мәселенің мәні баяндал­маған. Сондай-ақ жаңа дәлелдер келтірілмеген екі қай­талама өті­ніш келіп түскен. ОСК мәліметіне сүйенсек, қазір 5 өті­ніш қаралып жатыр.

Айша ЕРСҰЛТАН