Пандемия сайлауды қалай өзгертті?

Пандемия сайлауды қалай өзгертті?

Биылғы сайлау шынымен де ерекше. Халықтың дауыс беруге жаппай бетперде киіп келуі бұрын ешқашан бол­маған. 2021 жылғы Мәжіліс пен мәслихат депутаттары­ның додасы – пандемия ая­сын­­дағы тұңғыш бүкілхалық­тық сайлау ретінде ел тари­хын­да қалмақ. Әрине, был­тыр­ғы 12 тамызда Сенат сай­лауы да ко­ронавируспен кү­рес шек­теулері аясында ұйым­­дас­тырылған. Алайда оған тек мәслихат депутатта­ры ғана қатысқаны мәлім, бы­лай­ғы жұртшылық араласпады.

Санитарлар билік еткен сайлау

Тағы бір ерекшелік, бұл сай­лауды ұйымдастыруға алғаш рет мемлекеттік бас санитар белсене араласып отыр. Және жай аралас­пайды, басты рөлді ойнайды: ОСК-ден бастап аймақтардағы бар­лық сайлау комиссиялары со­ның нұсқауына сөзсіз бағынып, бұйрықтарын бірінші кезек­те басшылыққа алады. Осы орайда, ел тарихында бірінші рет «Пар­ламент Мәжілісі мен мәсли­хат депутаттарына дауыс беру ке­зінде санитарлық-эпидемиоло­гиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың денсаулы­ғын қорғау алгоритмі» әзірленіп отыр. Шыны керек, көптеген қазақ­стандық үшін дауыс беру күні – мейрам. Азаматтар бала-шағасын, көрші-қолаңын ертіп, топтасып барады. Бюллетеньді жәшікке са­лар алдында бір мезет аялдап, сурет­ке түседі. Әр сайлауда түскен фотоларынан коллекция жинай­тын­дар бар. Бұл жолы ол дәстүр бұзылатынға ұқсайды: кемінде 1,5-2 метр әлеуметтік алшақтықты сақтау, бөлмеде көп адамның жиналуына жол бермеу мақсатында дауыс беру жәшігі алдында аза­маттардың көп кідіруіне рұқсат етілмейді. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алдағы сайлау күні сай­лау учаскесіне, комиссия мү­шелеріне және дауыс беру­шілерге қойылатын санитарлық талап­тарды айтып берді. – Мемлекеттік бас санитар дәрігер сайлауда эпидемиология­лық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы қаулы қабылдады. Құжатта бірқатар талап қарас­тырылған. Нақтылай кетсек, әрбір сайлау учаскесіне кіреберісте ме­ди­цина қызметкері немесе волон­тер кезекшілік жасап, қашықтан өлшейтін термометрмен келуші­лердің температурасын тексеріп тұруы тиіс. Азаматтың дене қызуы 37ºС жоғары көтерілген жағдайда оны оқшаулауға арналған жеке кабинет болуы қажет. Ол адам жалпыға ортақ кабинада дауыс бере алмайды. Сондай-ақ учаскеде адамдардың артық-ауыс, әрлі-берлі сенделуін болдырмау үшін сайлау­шылардың нақты жүру бағытын көрсететін көрсеткіштер мен арақашықтық белгілері қойылуы шарт, – деді ДСМ бас­шысы. Осы аптаның сейсенбісінен бері Парламент және мәслихаттар додасын өткізуге жұмылғандар – сайлау учаскелерінде тұрақты жұ­мыс істейтіндер, жоғары және ор­таша қауіпті аймақтардағы сай­лау комиссиясының мүшелері, шетелдік және отандық бақылау­шылар, партиялардың сенімді адамдары ПТР-тест тапсыруда. Тестілеу олар үшін тегін, бюджет­тен қаржыландырылады. Олардың ішінде тек нәтижесі тазалары әрі қарай жұмысын жалғастыра алады. Министр Алексей Цой алдағы науқанға байланысты елге қайы­рылып, азаматтардан жауапты болуға, сақтық шараларын бұз­бауға шақырды. – Пандемия әлі де жалғасуда. Өкінішке қарай, вирусты толық жеңген жоқпыз. Сондықтан жағдайға барынша жауапкер­шілікпен қарауға шақырамын. Өзгелерге індет жұқтырмау, өзіңіз жұқтырып алмау үшін міндетті түрде бетперде киіңіздер. Әлеу­меттік арақашықтық пен гигиена талаптарын сақтаңыздар! – деді А.Цой.

Әр жәшік ашыларда өңделеді

Еліміздің мемлекеттік бас са­нитар дәрігері Ерлан Қиясовтың айтуынша, сайлау учаскесі қыз­меткерлеріне бір-бірімен және келу­шілермен қол алысуға тыйым салынған. Өзара ешқан­дай бай­ла­ныс болмауы керек. Мысалы, сайлау бюллетенін аларда сайлау­шылар жеке куә­лігін сайлауком мүшесіне көр­сетеді, бірақ оның қолына бермейді. Азаматтарға өз қаламымен келуге кеңес бе­рілді. «Дауыс беруге өз қаламыңызды ала келіңіз! Болмаған жағдайда сайлау комиссиясы берген қалам­ды пайдаланыңыз. Дауыс беруге бұл жолы бала ертіп келуге бол­майды», – деді мемлекеттік бас санитар. Сайлаушылар да, сайлауком мүшелері де міндетті түрде бет­перде киеді. Соңғылары әр 3 сағат сайын бетпердесін ауыстыруы керек. Сайлау учаскесінде қолды дезинфекциялайтын санитай­зерлер тұруы қажет. Бетпердесіз келгендерге тегін бетперде ұсы­нылады. Карантиндегі сырқаттарға сайлау учаскесіне кіруге рұқсат жоқ, үйде емделуіне байланысты оқшаулау режиміндегі немесе коро­навирус инфекциясына бай­ланысты карантинде отырған дауыс берушілер өз ықтиярын біл­діргісі келсе, «сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс беру туралы» өтініш жазып, сайлауком мүшесіне хабарлауы тиіс. Үйлерді аралап жүріп дауыс жинайтын сайлау комиссиясының әрбір мүшесі жеке қорғаныс құ­рал­дарымен қамтылуы тиіс. Тасы­малданатын дауыс беру жәшігін сайлаушыға дейін немесе одан кейін ұдайы дезинфекциялап отыру қажет. Бюллетеньдерді санау ісі де індетке қарсы қатаң реттеледі. – Учаскелік комиссиядан дауыс беру қорытындылары ту­ралы хаттамаларын қабылдау кезінде қауіпсіздік шарасын қатаң сақтау қажет. Дауыс беруге арнал­ған стационарлық және тасымал­данатын жәшіктерді ашпас бұрын, ең алдымен оларды дезинфекция­лау құралымен өңдеу керек. Бай­қаушылар мен сенім білдірген адамдардың бетперде режимін сақтауы міндет. Байқаушылар мен журналистер орналасатын жер әлеуметтік алшақтықты ескере отырып, кемінде 1,5–2 метр әріде орналасады. Бұл ретте оларға дауыс беру барысын, дауысты санау рәсімдерін айқын көруге мүмкіндік болады, – деді Е.Қиясов.

КВИ әлемде сайлауға қалай әсер етті?

Жер-жаһанды коронавирус жайлағалы көптеген ел сайлау мен референдум атаулыдан бас тартты немесе оны бұрын бел­гіленген мерзімінен кеш өткізуге мәжбүр болды. Мысалы, Ар­менияда 2020 жылғы ақпанда премьер-министр Никол Па­шинян конституциялық рефор­маларға әзірлік басталғанын жа­­риялады. Осыған орай, 5 сәуір­де референдум ұйымдас­ты­рылуы тиіс еді. Алайда артынша кесел тарап, төтенше жағдай енгізілуіне бай­ланысты Армения былтыр оны өт­кізбеді. Микронезия 2020 жыл­дың наурызында жалпы­ха­лықтық дауыс беру арқылы Трук аралының тәуелсіздік алуы мә­селесін шешуге бел буған-тын. Әйт­кенмен, ол іс-шара 2022 жыл­ға қалдырылды. Македония – 12 сәуірге, Сирия 13 сәуірге та­ға­йын­далған парла­менттік сайлау науқанын уақытша тоқтатты. Көрші Ресей 22 сәуірде ұйымдастырылуы тиіс болған РФ Конституциясына түзетулер енгізу бойынша дауыс беруді кейінге – 25 маусымға дейін шегеруге мәжбүр болды. Чили коронавирус салдарынан былтырғы 26 сәуірге жоспарланған конституциялық референдумды амалсыз 26 қазанға ысырды. Референдум 2019 жылы метро билетінің бағасын көтеруден және бұқаралық наразылық акциясынан басталып, өршіп кеткен саяси дағдарысқа нүкте қоюы тиіс еді. Нәтижесінде, былтыр қазандағы «жалпыұлттық сұрау» нәтижесінде халық Пиночет кезінен келе жатқан конституциядан бас тартты. Шаттыққа бөленген бұқара көшелерді толтырды, алшақтық және бетперде режимі бұзылды. Салдарынан бүгінде Чилиде індет тарауының қарқыны артқан: COVID-19 жұқтырғандар үлесі тестілеуден өткендердің 4,05%-ынан асып кетті. Бұрын әлдеқайда аз болған. Осы жайт жалпыха­лық­тық науқан кезінде шектеу та­лаптарын сақтаудың маңызын паш еткендей. Италия 29 наурызға белгі­ленген, елдің Ата заңын өзгертуге қатысты референдумды тек 20 қыркүйекте өткізе алды. Гибрал­тарда аборт үшін қылмыстық қудалауды жою туралы референдум да уақытында өтпей қалды. Бұдан бөлек, пандемия Аустрия, Арген­тина, Парагвай, Перу, Тунис, Черногория секілді елдерде жер­гілікті сайлауларды дер кезінде ұйымдастыруға кедергі жасады. Кипр президенттік сайлауды 26 сәуірден 11 қазанға, Польша 10 мамырдан 28 маусымға ауыс­тыруға мәжбүрленді. Пандемия кезінде поштамен дауыс беру тәсіліне жүгінген елдер де болды. Сондай мемлекеттің бірі – АҚШ. Оның арты неге соқтыр­ғаны мәлім. Бұзушылық­тардың тым көп болғаны сонша, Д.Трамп: «дауыстарымды ұрлады» деп қарсыласына өкпелеп жүр. Франциядағы 15 наурызда өткен муниципалдық сайлауды үлгілі деуге болады. Елде эпиде­мияға қатысты ахуал ушыққан­дықтан, науқанда сақтық шара­лары қабылданды: сайлаушы­лардың тегіс бетперде және қолғап киіп, өз қаламдарымен келуі талап етілді. Сайлау учаскелерінде әр адам арақашықтықты сақтау үшін еденге түсірілген белгі-көрсет­кіштермен қозғалды. Егде жастағы азаматтар дауыс беруге бірінші болып, кезексіз жіберілді. Өз таң­дауын жасап болған сайлаушыларға қолдарын антисептикпен өңдеу ұсынылды. Молдовада 1 қарашада өткен президенттік сайлау кезінде қатаң шектеу енгізілді. Экс-премьер Майя Санду жеңген сол дода бары­сында елде наразылық акциясына және митингтерге жаппай тыйым салынды. Кандидаттарға үй-жайда да, көшеде де 50 адамнан аспайтын шағын топтармен ғана кездесуге рұқсат етілді. Үміткерлер үгіт жұ­мыстарын БАҚ пен әлеуметтік желіде қызу жүргізді. Сайлау күні учаскеге келген сайлаушыларға бетперде таратылды. Арақашық­тықты сақтау талап етілді. Учаскеде кабиналар саны қанша болса, сонша адамнан ғана ішке кіргізілді. Азаматтар тегіс өз қаламымен кел­ді. Үйінде не ауруханада карантинге жабылғандарға тасымалданатын дауыс беру жәшіктері жеткізілді. Сарапшылар пандемияның әлемде биыл өтетін көптеген сай­лау мен референдумға әрі қарай да өзгеріс енгізе беретінін болжап отыр.

Айхан ШӘРІП