Ұстаздың нәпақасы артып келеді
Ұстаздың нәпақасы  артып келеді
323
оқылды

2020 жылы педагогтердің жалақысы 25%-ға өсті. Тәуел­сіздік күні қарсаңында біраз мектеп мұғалімдері сыйақы алып, қуанып қалған-ды. Білім және ғылым ми­нистр­лігінің мәлі­метінше, биыл ұстаздардың жалақысы тағы да 25%-ға артады. Бұл жаңа­лықты естіген педагог­тердің жүзіне күлкі үйірілді, білемін. Ал осы ақпараттың университет пен колледж оқытушыларына қатысы бар ма? Жалпы, ұстаз жалақысы қалай көбейеді?

Мұғалім болам мен ертең

«Педагог мәртебесі» заңы діттеген мақсатына қарыштап қадам басып келеді. «Қалай?» дерсіз, түсіндірейік. Алдымен, пе­­дагогикалық мамандықта оқи­тын студенттердің шәкіртақы­сы өсті. Бұрын студент есепшотына 26 мың түссе, қазір ай сайын 42 мың теңге алады. Докторанттар­дың шәкіртақысы 82 мыңнан 150 мың теңгеге дейін өсті. Осыған орай, 11-сыныпқа сабақ беретін мұ­ғалімдердің айтуынша, түлек­тер педагог болуға құлшынып отыр. Олар жас маманға берілер артық­шылықтан да хабардар. Ес­теріңізде болса, 2020 жылдан бастап магистратурада оқығаны үшін ұстаздарға қосымша ақы төленеді. Одан бөлек, педагоги­калық шеберлігіне байланысты жалақыға 50%-ға дейін үстемеақы қосылады. Егер пәндерді ағыл­шын тілінде оқыта алсаңыз ай­лыққа 200%-ға дейінгі мөлшер­леме қосылатыны бар. Бір сөзбен айтқанда, мектепте мұғалім болу трендке айналатын сыңайлы. Әрине, өзіне сай қиындығы бары анық. Иә, қазір түлектердің дені пе­дагогикалық мамандықтың шә­кіртақысына қызығып, таңдап жатыр. Бірақ болашақта, 4 жыл­дан кейін, олардың диплом алу-ал­мауы неғайбіл. Өйткені педа­гоги­калық мамандықта білім ал­ған­дарды университетті аяқта­ғасын тест сынағы күтіп тұр. Яғни, кім тесттен сүрінбей өтіп, білі­мін дәлелдесе, ұстаз атанады. Мұны министр Асхат Аймағам­бетов бірнеше рет айт­қан-ды. Міне, осы жоспар кезең-кезеңі­мен жүзеге асса, нағыз білімді шәкірт қана мектепте сабақ бере алады. Осы­лайша, білім ұясын­дағы сапа көтеріліп, жастар ма­ман­дықтың қадірін түсінеді. Бұрынғыдай тесттен төмен балл жинағаны «мұғалім бола салам ғой» деп еркінсімейді. Айналып келгенде бәрі заңды­лыққа сүйе­неді. Талап пен тәр­тіпті қатаң­датқан сайын, маман­дықтың қадірі артады.

Мемлекет қолдауын сезіндік

«Өзім – педагог-зерттеушімін. Осыған сай жалақыма үстемеақы аламын. Жалақының 25%-ға кө­бейгені тағы бар. Шәкірттерім рес­публикалық, халықаралық бай­қаулардың жүлдегері. Сон­дықтан мереке қарсаңында алғаш рет сыйақы алдым. Пандемия тұсында мемлекет қолдауын се­зіндік. Жыл санап бәрі цифрлы жүйеге көшіп жатыр. Байқасам, педагогикалық мамандықты таң­дағысы келетін жастар көп. Осы­лай жалғаса берсе, білім сапасы бойынша ауыл мен қала ара­сындағы алшақтықты жа­қын­датамыз», – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зәуре Бек­сұлтанқызы. Ұстаз Санат Нұржігітов те әріп­­тесінің айтқанын қостады. Ол да «Педагог мәртебесінің» заңды кү­шіне енгеніне қуанады. «Жа­лақы­мыз жыл сайын 25%-ға ар­тып жатыр. Қағазбастылық пен қажетсіз есеп-қисаптардың саны азайды. Ұстаздардың ҰБТ-сы компьютерлік форматқа ауысты. Формативті бағалаудың өзі мұға­лімге де, оқу­шыға да тиімді», – дейді ол. Байқауымызша, ұстаздар ақы­рындап білім саласындағы мә­се­лелердің түйінін табатынына се­німді. «Әліппенің» қайта мектеп бағдарламасына еніп, жалақы жайы­­ның да Президент мәлім­деген­дей мөлшерге жететін күнді күтіп жүр.

Қанша төленеді?

Мұғалімнің айлығын көбейту тарихына үңіліп көрсек. 2019 жылы Президент Жолдауында педа­гог­тердің жалақысын кезең-кезеңімен көбейтуді тапсырды. Яғни, 2023 жылға дейін мұға­лімдердің жа­ла­қысы 100%-ға ар­тады. Білім дең­гейіне, білік­ті­­лігіне, жұмыс өтіліне, еңбек жағ­­­дайына, орын­далатын жұмыс кө­­­­ле­міне қарайды. Жалпы соманы есептеу үшін әр бекітілген коэф­фициентті базалық лауа­зымдық ақыға (БЛА – 17 697 тг) көбейту керек. ұстаз Ranking.kz сайтының мәліметі бойынша, өткен жылы І тоқсанда аталған сала қызметкерлерінің орташа айлық табысы 154,6 мың теңге болған. ІІ тоқсан соңындағы айлық 184,4 мың теңгені көр­сеткен. Жалпы, педагог қызмет­керлердің ішінде ең төмені жа­лақы – мек­тепке дейін білім беру ұйымы тәр­бие­шілерінің енші­сінде. Ал бас­тауышта сабақ бере­тін мұға­лімдер орта есеппен 137 мың теңге алады. Осы тұста Ста­тистика ко­­­митеті де 2015 жылдан бері мұ­­­­ғалімдердің І тоқ­санда алған ор­­­таша айлық жа­лақысын тізген. Ұс­­таздар 2015 жы­лы ор­та есеппен – 73,9 мың теңге, 2016 жылы – 88,5 мың теңге, 2017 жылы – 91,8 мың теңге, 2018 жылы – 95,5 мың теңге, 2019 жылы – 109,9 мың теңге, 2020 жылы 154,6 мың теңге жа­лақы алған. Есептеп көрсек, мұғалімнің ғы­лыми-педагогикалық бағыт бойын­ша магистр дәрежесі үшін 10 АЕК төленеді. 2021 жылғы 1 АЕК – 2 917 теңге. Демек, бұл жүйе бойынша мұғалім жалақы­сына 29 170 теңге қосылады. Ал 1-4-сыныптарға же­текшілік еткені үшін БЛА-ның 50%-ы, шамамен 9 мың теңге береді. 5-11(12)-сыныпқа жетекшілік ет­сеңіз, БЛА-ның 60%-ы, жалақыға қосымша 10 мың теңге аласыз. Тех­никалық және кәсіптік, орта бі­лімнен кейінгі білім беру ұйым­дарында топқа жетекшілік еткені үшін де шамамен 9 мың теңге тө­ленеді. 2020 жылдан бастап, мұғалім дәптер тексергені үшін де қо­сымша ақы алады. Яғни, бастауыш сынып дәптерін тексергеніңіз үшін айлы­ғыңызға 7 мың теңге қосылады. 5-11-сыныптың жазба жұмыстарын тексерсеңіз, 9 мың теңгеге жуық ақы аласыз. Оқу орыс тілінде жүре­тін мектептерде қазақ тілін, оқу ұлт­тық тілде жүретін сыныптарда орыс тілін оқытатын 1-4-сынып мұғалімдері дәптер тексергеніне 9 мың теңге алады. Айта кетерлігі, жазба жұ­мысын тексергені үшін қосымша ақы үлгілік оқу бағ­дарламасына сәйкес төленеді. Мысалы, тарих пәнінің мұғалімдері дәптер тек­сергені үшін ақы ал­майды. Егер мектепте жаңартылған білім беру мазмұнына сай білім берсеңіз, БЛА-ның 30% мөлшер­лемесі төленеді. Физика, химия, биология, информатика пәндерін негізгі және жалпы орта білім бе­ретін оқу бағдарламаларын, тех­никалық және кәсіптік, орта бі­лімнен кейінгі білімнің оқу бағ­дарламасын ағылшын тілінде оқы­татын ұстаздарға БЛА-ның 200% мөлшерлемесі төленеді. Әрине, мұндай қосымша ақынға пәнді толық ағылшын тілінде оқытсаңыз қол жеткізесіз. Ал аталған пәндерді ішінара ағыл­шын тілінде оқыт­саңыз, базалық лауазымдық ай­лықтың 100% мөлшерлемесін қа­нағат тұтасыз. Осыған сай ағыл­шын тілін білу деңгейіңізді арнайы құжатпен растайсыз. Айта кетерлігі, педагогтің білік­тілік дәрежесінің қайсыбірін алып қарасаңыз да, ауыл мұға­лімінің жа­лақысы жоғары. Мы­салы, 1-2 жыл еңбек өтілі бар, жоғары білімді жас маманның жалақысы қалада – 78 560 – 95 819 мың теңге, ал ауылда – 95 166 – 116 740 теңге. Ең жоғары біліктілік санаты «педагог-шебердің» айлы­ғын есептеп кө­релік. Жоғары бі­лімді, 20-25 жыл­дық еңбек өтілі бар «педагог-шебер» қалада – 138 235 – 157 028 теңге алса, ауылда 169 761 – 193 251 теңге жа­лақыға ие. Ал ЖОО оқытушылардың жа­лақысы 20%-ға, ұлттық ЖОО оқы­­тушыларының жалақысы 28%-ға өсті. Білім және ғылым ми­­­нистр­лігінің мәліметінше, 2020 жы­лы 100-ге жуық мектеп са­лынды. Елі­мізде балаларды мек­тепке дейінгі біліммен қамту 98,5% болды. Сәй­кесінше өткен жылы 362 мектепке дейінгі білім беру ұйымы ашылды. Жоғарыдағыны жіті оқысаңыз, «қанша салым салсаң, сонша же­місін көресің» немесе «шығын шық­­пай, кіріс кірмейтінін» бай­қайсыз. Жағдай жасап, қам­та­масыз ету – сапалы білімнің кепілі.

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ