Алтын Орда тарихын таспалайтын кез келді
Алтын Орда тарихын таспалайтын кез келді
184
оқылды

Тәуелсіздік – ұлттың бағы! Қа­зақ баласы үшін азаттықтан ар­тық баға­лы ештеңе жоқ. Биыл – ел Тәуелсіз­дігінің 30 жылдығы. 30 жылда ел талай-талай табыс­тарға қол жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazaqstan газетіне жариялаған «Тәуелсіз­дік бәрінен қымбат» мақаласы көптің көкейінде жүрген көп мәсе­леге түрткі болды. Әсіресе, қазақ та­рихы туралы Прези­денттің «Бабалардан мұра болған қа­сиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді» деуі – дұрыс байлам, оң шешім!

Ұлттың жадын жаңғыртуға жол ашады

Біз қазақ тарихы туралы кино түсіруде де ақсап жатқан тұсымыз көп. Осы кезге дейін тарихқа қа­тыс­ты бірлі-жарым фильм түсіріл­гені болмаса, тұтас тарихты сурет­тейтін көркем дү­ниелер жоқтың қасы. «Бұл ретте, ауқымды көрме­лер­мен немесе басқа да үлкен жобалар­мен әуестенбей, балаларға, жастар­ға арналған қарапайым әрі қабыл­дауға жеңіл туындыларға баса мән берген жөн. Мысалы, деректі және көркем фильмдерді алайық. Осы бағытта «Алмас қылыш», «Жау жү­рек мың бала», «Томирис», «Кейкі батыр», «Тар заман» сияқты тарихи фильмдер түсірілді. Бұл әлі жет­кіліксіз», – дейді Мемлекет бас­шысы. Тарихи фильмдер түсіру үшін не үшін қажет? Ол ұлттың жадын жаңғыртуға жол ашады. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың көр­меген қиындығы, тартпаған тақ­сыреті жоқ. Мұның бәрі кино тілін­де көрерменіне жете қойған жоқ. Мемлекет басшысы қырғыз­дың «Құрманжан датқа» фильмі туралы текке айтқан жоқ. Елдік пен мемлекеттілікті санаға сіңірудің жолы – тарихи фильмдер. «Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын. Әрине, қаржы мәселесі шешілуі керек. Дегенмен көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туынды­сын түсіруге болатынын қырғыз бауырларымыз «Құрманжан датқа» фильмі арқылы анық көрсетті», – дейді Президент. Әлем киноиндустриясында та­рих тақырыбындағы сценарийлерге сұраныс жоғары. Оған бұған дейін түсірілген тарихи фильмдер дәлел бола алады. Ресейліктердің өзі Ал­тын Орда тақырыбына бірнеше фильм арнады. Біреуінде алтын­орда­лықтардың, бабаларымыздың жағымды образы жоқ. Өйткені әр ел өз саяси идеологиясы тұрғы­сынан фильм түсіретіні анық. Әлем көрермені де тарихты кино тілі арқылы қабылдайды. Ал бізге бұл  қателікті түзейтін уақыт жетті. Мемлекет басшысы «Америка­ның да, Еуропаның да айтулы оқиғалары туралы фильмдер өте көп. Қазір Netfliх, HBO және басқа да алпауыт кинокомпаниялар Азияға бет бұруда. Осы орайда біз­дің де шежіремізде ауқымды фильм­дерге арқау болатын ма­ңызды белестер мен оқиғалар бар­шы­лық. Мысалы, әлемдегі ең қуат­ты империялардың бірі болған Алтын Орда тарихы дайын тұрған жоқ па?! Бұл мәселеге болашақта кино саласының мамандары баса назар аударғаны жөн» дегенді бекер айтып отырған жоқ. «Қазақфильм» киностудия­сының президенті, режиссер Ақан Сатаев тарихи фильм түсіру қа­жеттігі туралы: «Өте ауқымды, маңызды, мағынасы өте кең және терең мақала. Мүмкіндігінше, әр қазақстандық осы ойларды оқып-біліп, түйінін жасауға тиіс құжат деп айтуға болады. Өзім қазақ кино саласының маманы болғандықтан, бізге қатысты айтылған орынды ойларды толығымен игеріп, іске асыруға бар күшімізді саламыз», – дейді. «Қазақ хандығы» фильмінің режиссері Рүстем Әбдіраш та «та­рихи киноны көптеп түсіру қажет» деген пікірін жеткізді. «Азат қазақ елі­н­ің түп-тамыры Қазақ хан­дығына баратын болса, мемлекеттің дәстүр-тарихы Ақ Ордаға барып тіреледі. Алтын Орданың тарихы – біздің ата-бабаларымыздың тарихы. Сондықтан ауыз толтырып айтатын уақыт та келді, көрсететін заман да жетті. Өткеннің алдында әлі де болса қарыздармыз. Сол қарызды өтейтін кезең – дәл осы тұс. Сондай-ақ Жошы хан, Бату хан туралы да фильмдер түсірілуі керек. Сондықтан Мемлекет басшысы­ның айтқаны орынды. Біз мұны қос қолдап қолдаймыз», – дейді ре­жиссер.

Сарайшықты қалпына келтіруге болады

Жазушы Смағұл Елубаев Президенттің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласындағы қазақ ки­но­сы туралы айтылған ойларының орынды екенін айтады. «Кино саласында жүргендіктен, Мемлекет басшысының бұл айтылған ойлары құлағымызды елең еткізді. Тіптен, бізді рухтандырып, шабытымызға шабыт қосты», – дейді қаламгер. Ашаршылық туралы «Ақ боз үй» шығармасын жазған жазушы осы роман желісі бойынша кино­сценарий жазып жатқанын, оны режиссер Бекарыс Елубаев түсір­етінін айтып өтті. «Бұл фильм көк­темде Алматы облысында, Маң­ғыс­таудың құмында тү­сіріле бастайды. Өзбекстанның да ескі қалаларының бірінде түсіре­міз деп жоспарлап отырмыз», – дейді Смағұл Елубаев. «Президент қыр­ғыздың «Құрманжан датқа» фи­льмін тегін мысалға келтірген жоқ. Бұл фильм өте жақсы түсірілген. Осы орайда Алтын Орданың 750 жылдығы айтылды. Алтын Орда тақырыбы бізді киногер ретінде, кинодраматург ретінде өткен ғасырдың 80 жылдарында ерекше есімізді кетірген еді. Соның әсері­нен «Қайқы қылыш дәуірі» деген сценарий жазылған. Ол сценарий Тоқтамыс ханның өмірі туралы болатын. Өкінішке қарай, ол сценарий цензурадан өткен жоқ. Содан бері Алтын Орда та­қырыбына қалам тарту үлкен ар­ман болатын. Елбасының арнайы тапсырмасымен «Қазақ хандығы» фильмі түсірілді. Режиссері – Рүстем Әбдіраш. Өте жоғары деңгейде түсірілді. Бұл біздің қазақ мемлекетінің қалыптасуының әліппесі һәм сол жас буын оқитын тарихи дүниеге айналды деп түсіне­мін», – дейді жазушы. Алтын Орда тарихы талай-талай фильмдерге жүк болары анық. Бұл тақырыпта бірнеше сериал түсіруге де болады. Бұл – өте бай тақырып. 300 жылға созылған алып империяның та­рихы. «Батудың Еуропаның жар­тысын жаулап алғанының өзі – тарих. Бәрі де адамзат баласының әлі де есінен кетпеген атышулы тарихы ғой. Ендеше мұны кино саласына пайдалану қажет дер едік. Тоқтамыс пен Едігенің тарихы – өз алдына жатқан эпопея. Сарай­шықта қазақтың жеті ханының сүйегі жатыр. Сол Сарайшық тура­лы  ақын Маралтай Райымбекұлы арнайы поэма жазды. Сарайшықты қалпына келтірсек, талай тарихи кино түсіруге таптырмайтын орын болар еді. Оны қалпына келтіру  аса қиын емес», – дейді жазушы Сма­ғұл Елубаев. Мемлекет басшысы тарих­шыларға отандық академиялық үлгідегі жаңа тарих жазуды текке тапсырған жоқ. Бұл тарихи дүние­лер  көркем және деректі фильм­дердің көбеюіне де негіз болады. Бастысы, Президент айтқандай, «көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет». Сонда ғана біз ұтарымыз анық.

Гүлзина БЕКТАС