Жыл құстарын бақылайтын турист көп
Жыл құстарын бақылайтын турист көп
269
оқылды

«Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып, Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып...». Осынау ән қаншама жүректі те­бірентіп, туған жерге деген махаббатын тербете түсті. Қан­шама адамды табиғатты сүюге, аялауға үйретті. Бүгінде елі­­­міздегі эко­ту­ризм­нің тамыры осындай мәдени-эс­те­ти­калық тәрбиеде жатса ке­рек. Ендеше Қазақстандағы құс­тар әлемінің туристік потен­циалы қандай? Олардың өл­­ке­танудағы үлесін дұрыс бағалап жүрміз бе? 

Бёрдуатчинг

Қазақстан табиғаты аң мен құсқа өте бай. Сондықтан оларды тек пайдакүнемдік мақсатпен ау­лап құрта бергеннен бір ауық тама­шалап та табыс табуға бола­тынын ескерген абзал. Сондай жолдың бірі – birdwatching. Құс­тарды бақылау деген сөздің мағы­насын беретін экоту­ризмнің бұл түрі Еуропа елдерінде өте жақ­сы да­мыған. Әсіресе, Гер­мания, Ұлы­британия, Бельгия және Голлан­дияда құстану­­шылардың ірі бір­лестіктері бар. Бүгінде бұл ел­дер­дегі әуесқой орнитологтардың қауым­­дастығына мүше адамдар­дың саны 80 миллионнан асып жы­ғы­лады. Олар ортақ чартта «қауыр­сын­ды достарының» су­рет­терімен ал­ма­­сып, сирек кез­десетін құс­тардың су­­­­ретін тапса, сүйіншілеп қуанып жатады. Бір­лесіп саяхат жасауға жоспар құ­рып, құстарды қорғау бойын­ша түрлі қайы­рымдылық жобаларына дейін ұйымдастырады екен. Соңғы бес жылдықта олар Қазақ­станға да жиі келетін болыпты. Өйткені шетелдік бёрдуачерлер үшін біздің еліміз әлі де ашыла қоймаған жаңа кеңістік. Бұл әуестіктің мәні – құс­тардың түр-түрін тіршілік ету ая­сында ба­қылап, фотоаппаратқа түсіруде. Қы­зығына түсіп кететіні сондай әуесқой-орнитологтар дүниенің түкпір-түкпірін аралап, қолайлы кадрды ілу үшін құс­тарды сағаттап емес, тәуліктеп аңдып отыруға дайын  екен.  Мұндай іске энту­­зиас­­тар елімізде де көбейіп келеді. Әзірге 50 мың адамнан асып кетпесе де, олар интернеттегі чартта өте белсенді. ТМД елде­рінің басын қос­­қан сайт­тың қа­зақ­стандық бөлігі – www.birds.kz пор­талын күн құр­ғат­пай жаңаша фо­тосуреттер мен блог­­тармен толты­рып отырады. Қазақ­стан­дағы және шетелдегі са­пар­ла­рынан жаңа­лықтарын жа­рия­­лайды. Солардың бірі Ген­надий  Дякин өткен жылды бы­лай деп қорытындылапты. «Пандемия биылғы біраз жос­­парымыздың күл-талқанын шы­­ғарды. Нағыз «олжаға» кенелетін көктем-жаз айларында табиғат ая­сына шыға алмадық. Әйтсе де, карантин сәл саябырсығанда Қор­­­ғалжын, Бурабай, Солтүстік Қазақ­стан, Қызылқұм жақтарға барып қайттым. Ал оның алдында жыл басында Бали мен Ма­лайзияға ба­рып келген бола­тынмын. Құс­тардың 274 түрін суретке түсіріп үлгердім. Осы­лайша менің кол­лекциямда құс­тардың 401 түрі бар», – деп жазды ол.

Тегін жарнама жасайтын туристер көбейеді

Бұл жұмыстардың барлығы қо­ғамдық бастамада жүзеге асып жа­тыр екен. Негізінен қауым­дас­тық мүше­лерінің жарнасына ғана жұмыс жүр­гізіп отырған интернет-ресурс иелері түрлі бёрд-турлар өткізіп, еліміздегі эко­туризмнің бұл түрін өз күште­рімен дамытпақ ниетте. Биылға олар осындай үш турға шақырып отыр. Соның алғашқысы 18 сәуірде басталатын 10 күндік фотоаңшылық Ақсу-Жабағылы ұлттық паркінен бас­талып, Дарбаза, Берқара, Шош­қакөл, Қызылқұм, Қаратау, Келін­шектау, Қызылкөл сынды жер­лер­мен оңтүстік өңірді шарлап, Сай­­рам-Өгем ұлттық паркінен аяқта­­­­лады екен. Одан кейінгі он күндік осындай екі тур мамыр және мау­сым айларына жоспарланған. Әр сапар­­­­дың ұзақ­тығы 2 000 шақы­рымға дейін жетіп жығылады. Не­гізінен бұл турлар шетелдік бёрд­уачерлерге арнап дайын­далған. Қызмет құнын да соларға ыңғайлы етіп еуро валю­­тасымен қойған. 2018-2019 жыл­­дары осындай бёрд-турларда болған шетелдіктер бұл туралы өздерінің интернет ресурс­тарында кең кө­лемді жолсапар фо­то­есептерін жария­­лапты. Бұл да болса Қазақ­станның туристік по­тенциалын насихат­­тау­дың жар­қын үлгісі емес пе? Оның үс­тіне өз қар­жысына осындай тегін жарнама жасап беретін туристердің легі арта түскені еліміздің эконо­микасы үшін де жақсы болмақ. Әрбір тур адам басына 1 000-2 000 еуро ара­лығында тұратынын, әр топ 5-10 адамнан жасақталатынын ес­­керсек, бұл аз қаражат емес. Жаңа басталып келе жатқан бағыт бол­­ғандықтан, мұн­дағы бүгінгі ту­ристер легі сон­ша­лықты көп деп ауыз толтырып ай­туға болмас, бірақ болашағы жар­қын екені анық. Өйткені мұн­дағы саяхатқа жыл он екі ай шыға беруге болады. құстар

Қазақстан – құс жұмағы

Жалпы, әлемде құстардың 10 500 түрі болатын болса, белгілі орнитолог Анатолий Ковшарьдың «Дала анықтамалығы» бойынша Қазақ­станда солардың 505 түрі бар екен. 21 отрядқа бөлінетін бұл алуандық бёрдуачерлер үшін баға жетпес «фотоолжа» екені анық. Еліміз бойынша «құстардың жұ­мағы» деп Алматы облысын айтуға болады. Өйткені мұнда тау құстары да, су құстары да, орман мен дала құстары да бар. Әсіресе, жыл құс­тары келіп ұя салатын мамыр-мау­сым айла­рында мұнда құстың 206 түрі кез­деседі екен. Одан соңғы ке­зекте Алатауға жалғасқан Қа­ратау сілемі, Тар­ба­ғатай-Алакөл-Зайсан ареалы, Қор­ғалжын қо­рығы, Каспий теңі­зі және т.б. аймақтар тұр. Елімізге ұя салу үшін Үндістаннан ұшып келетін құстар да бар екен. Шы­бынаулағыш торғай – тропикалық құстар отря­дына жататын сондай құс­тардың бірі. Ал сирек кездесетін реликтті шағала Алакөл қорығының симво­лына айналып кеткен. Жыл сайын мұнда осында жұмыртқа басу үшін келетін шағаланы көру құрметіне әлемнің түкпір-түк­пірінен жина­латын құста­ну­шыларға арнап «Ала­көл қанаты» бёрдуачерлер фестивалі ұйым­дастырылады. Қызғылт қоқи­қазды еліміздің екі өңірінен тұрақты кездестіруге болады. Каспийде (Қа­ра­­­­­көл көлінде) қыстайтын олар­ды биыл бүкіл әлем дронмен тү­сірілген әуесқой бейне­түсі­рі­лімнен қызыға тамашалай алды. Азамат Сәрсенбаев есімді маңғыс­таулық тұрғын оны Facebook па­рақшасына жүктеген болатын. Негізгі мекені Қорғалжын қоры­ғындағы Теңіз көлі болған қоқи­қаздардың бүгінгі таңда саны 60 000-ға дейін жетеді. Бұл құстар сон­дай-ақ Иран, Ауғанстан, Пә­кістан елдерінде де қыстайды. Ал Каспийде биыл аққудың көптеп келгенін байқауға болады. Жыл­дағыдай емес Ақтау маңына шо­ғырланған олардың саны 16 мың­­ға жеткен. Мұндай жағдай бұдан бұрын 1980 жылдары болған екен. Ол кезде ақ маржан қала Ақтауға 25 мыңға дейін аққу құсы ұшып келіпті.

Құс қанатындағы өлкетану

Каспий теңізіне, соның ішінде Ақтау қаласына қыстауға келетін жыл құстары көп ретте Қаракөл көлін паналайды. Бұл облысқа теңіз суын тұщытып беріп отырған Маң­ғыстау атом-энергетикалық комби­натының (қазіргі «МАЭК-Қазатом­пром» ЖШС) өткен ға­сырдың 60-жыл­дары қолдан тұр­ғызған жа­санды су қоймасы. Егер картадан мұқият қарайтын бол­саңыз, облыс орталығының оң­түстігінде теңіз бауырына ты­ғы­лысып жатқан 15 шақы­рымдық су суытатын то­ғанды кө­рер едіңіз. Өлкеге белгілі эколог Әділбек Қо­зыбақов осы тоғанның орни­толо­гиялық мүм­кіндігін өлке­тану мақ­сатында пай­далануды ұсы­на­ды. Ол үшін «Қа­ракөл көлі» атты эколо­гиялық-ағартушылық орта­лық ашып, көл­дің жағасынан бір­неше жерден бёрдуачерлік бақылау пункт­­терін орналастыру керек. Сон­дай-ақ бұл жерге әуесқой орни­тологтардан бөлек, өлкетану экс­курсиясын ұйым­­­­­­­дастырып, оқушы­ларды да күн сайын әкеліп тұру қажет. «Әуелгіде бұл тоған осы маң­дағы жан-жануарлар үшін, соның ішінде құстар үшін мұншалықты қолайлы тіршілік ортасына айна­лады деп ешкім ойламаса керек. Қазір бұл жер «қанатты достары­мыздың» жо­­­лай аялдайтын, қыс­тайтын және ме­­кен­дейтін көліне айналып отыр. Бүгінгі таңда мұнда құстардың 175, сүт­қоректілердің 11, буынаяқ­­­тылар­дың 8 және қос­мекенділердің 1 түрі тір­­келіп отыр. Жәндіктердің 500 түрі бар. Солар­дың ішінде құстарды айтар болсақ жыртқыш құстардың 7, Қызыл кітапқа енген құстардың 22 түрі кездеседі. Сон­дықтан да көлді Рам­сар конвен­циясына енгізу жос­пары қарас­ты­рылуда. Бұл де­­гені­­­міз пайдалана біл­генге үлкен туристік потен­циал», – дейді «Та­биғи орта» Батыс Қазақ­стан өңірлік ҮЕҰ-ның қауым­дастығы» заңды тұлғалар бірлес­тігінің өкілі Әділбек Мұста­жебұлы. Қаракөлде «Экологиялық-ағар­­ту­шылық орталық» ашу шалшықты-батпақты жерлерді пайдалану бойын­­­­­ша ғылыми мақсатта зерттеу жүр­гізуге, Маң­ғыстауда бёрдво­черлік клубтар құруға, жабайы құс­тарға вете­ринарлық көмек көр­сету тетігін қа­­лыптастыруға, ха­лықтың туристік мәдениетін, эко­логиялық сауатын арттыруға септік етпек. Өйткені бү­гін­­­гі таңда су қой­масы тиісті дә­режеде қор­ғалма­ғандықтан оның айнала­сында еш­қандай қор­шау жоқ. Адам­дар келіп жабайы демалыс жасап, қо­қыс­тарын шашып кетуі, қараусыз жайылған малдың көл суын кешіп лайлауы, мұндағы енді-енді қалып­тасып келе жатқан флора мен фау­наның бүгіні мен болашағына қауіп төндіріп отыр. Егер, қаржы көзі табылып, жоба жүзеге асар болса, Қаракөл эколо­гиялық туризм ны­санына айналып, демалу­шылар­дың арнайы бағдар бойынша соқ­пақ­тармен жүріп, құстарды тама­шалап, суретке түсіріп қана қоймай, оларды жемдеуіне де мүмкіндік жасауға болар еді. Көл айналасында бизнес ны­­сандары мен инфра­құрылым пайда болар еді. Мұндай практика әлемнің Жапония, Гон­конг, Корея сынды тағы да басқа дамыған елде­рінде кеңі­нен жолға қойылған. Эко­логтар бұл жобаның құнын шамамен 50-100 миллион теңгеге бағалап отыр.

Нұрлан ҚОСАЙ