Сүйіншіні ерте сұрапты
Сүйіншіні ерте сұрапты

Көкшетауда Сарыарқа шағынауданындағы 9/8 тұрғын үй иелерінің жергілікті билікке өкпесі қара қазандай. Ондаған жылдар бойы баспана кезегінде тұрғандар енді аламыз дегенде тағы бір мәселе алдынан шыққан. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне есепшот ашып, қаражат жинағандар үйді «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша алған. Жақында қалалық тұрғын үй-құрылыс бөлімінен хабарласып, «Бас­панаға ие болдыңдар» деген хабар жеткізген. Қуанышы қойнына сыймаған үй иелері ипотеканы рәсімдеп те алыпты. Алайда күні бүгінге дейін баспаналарының кілті қолдарына тимеген. Ал ай сайынғы ипотекалық несиені төлеуді бастап та кеткен.

«Ипотеканы төлеп бастаған пәтеріміздің кілтін ала алмай жүрміз»

Облыс орталығында жаңадан салынып жатқан бұл шағы­нау­данда тұрғын үйлердің сапа­сына қатысты бұған дейін де тұр­ғын­дардың наразылығы бол­ған. Жа­қында ипотека рә­сімдеген бұл үй тұрғындары да жергілікті билік өкілдеріне ша­ғымдарын бірнеше мәрте ай­тыпты. Бірақ әкімдіктің тиісті органдары тұр­ғындарды біріне-бірі сілтепті. «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы кон­курс болып, бізге тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­­­лық бөлі­мінен «бас­панаға ие бол­­дыңыз­дар, ипотека рәсім­деңіз­дер» деп хабарласты. Төбеміз көк­ке екі-ақ елі жетпеді. Қатты қуан­­дық. Бірақ қуаны­шымыз су сеп­кендей ба­сылды. Өйткені әлі күнге дейін пәтердің кілтін ала алмай жүрміз. Тұрғын үй-ком­­муналдық шаруа­шылық бөліміне хабар­лассақ, «сәл кү­тіңіздер, кейін­­­­деу тап­сырамыз» деп те­лефон тұт­қасын қоя салады. Олардың ай­туынша, үйге жарық қосыл­­маған. – Онда үй толық аяқталмаса, бізге неге ипотека рәсімдетеді, – дей­­ді өзін Гүлмира деп та­ныс­тырған Көкшетау қала­сы­ның тұрғыны. Болашақ көршісінің сөзін осы үйден пәтерге ие болғандар да қостай жөнелді. «Бізге күтіңдер дейді. Қалай күтеміз? Жылдар бойы енді жеттік дегенде осындай қиындыққа тап болдық. Бізге не үшін пәтеріміздің кілтін бермейді? Ипотекалық не­­сиемізді төлеп жатырмыз. Бізге жаңа жылға дейін баспанамызды беруге үлгереміз деп уәде берген. Алайда әлі де пәтер жалдауға бір, онымен қоса үйдің ипотекасына екі төлеп жатырмыз. Өзім тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне күнде хабарласамын. Олар тапсырыс беруші қалалық құрылыс бөлімі деп бізді сонда жібереді. Әбден сандалып, не істерге білмей дал болып отырмыз», – дейді Ай­нұр есімді қала тұрғыны.

«Электр жарығының қуат көзін ауыстыру керек»

Мәселені Көкшетау қалалық әкімдігінен анықтап білмек болдық. Қала әкімінің орын­басары Ербол Төлеуовтың ай­туынша, тұрғын үй иелерінің қо­ныс­тан­бауына жарық мәселесі себеп болған. – «Сарыарқа» шағын­ауда­­­­­нын­дағы 9/8 мекенжайындағы 30 пәтерлі баспана «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша берілген. Баспана тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектері және толық емес отбасылар сияқты арнайы жеті санат бойынша ұсынылған. Қазір құрылыс бөлімі тапсырыс берген үйде орнатылған уақытша жарықты тұрақты электр жарығы жабдығына ауыстыру процесі жүріп жатыр. Негізінен, барлық жұмысты аяқталған. Тек осы жарықты тұрақты ету қажет. Содан кейін келер аптаның ба­сында құрылыс бөлімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне баспананы тапсырады. Алдағы дүйсенбіде пәтер кілтін үй иелеріне тапсыруды жоспарлап отырмыз. Қазір өзім аталған тұр­ғын үйге барып, жағдайды өз кө­зіммен көруге барамын, – дейді Көкшетау қаласы әкімінің орын­басары Ербол Төлеуов.

«Сырлау, сүрту жұмыстары қалды»

Тұрғын үйге тапсырыс берген құрылыс бөлімі басшысымен де тілдесіп көрдік. – Мердігер «Еңбек Аршалы» ком­­паниясы қазір аздаған кем­­шілікті түзетіп жатыр. Алдағы дүйсенбіге дейін толықтай аяқ­тауы тиіс. Жаңа ғана сол тұрғын үйге барып келдім. Үйдің ішінде сырлап, сүртетін жерлер қалыпты. Жаңа үй болғандықтан, терезенің айналасында жарылған тұстары бар екен. Сондай-ақ электр жаб­­­дықтарын тұрақты қуат көзіне ауыстыру жұмыстары жүріп жа­тыр. Бір-екі күн ішінде бітіріп, тұрғын үй иелеріне пәтер кілтін табыстамақпыз, – дейді Көкшетау қалалық құрылыс бөлімінің бас­шысы Рүстем Сәдуа­қасов. Тиісті орган басшылары осы­лай деп мәселенің жақында ше­шілетінін жеткізді. Алайда тұр­­ғындар әлі де болса пәтер кіл­­тінің жуық арада берілетініне күмәнмен қарайды.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы