Алматы бюджеті 100 миллиард теңгеден қағылды

Алматы бюджеті 100 миллиард теңгеден қағылды

Алматы бюджетінің негізін кәсіпкерлік саласы құрайды. Пандемия алып шаһардың кәсіпкерлік нысандарына ауыр тиді. Алматы қаласы Кә­сіп­керлік және инвестиция басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалиннің ай­туынша, өткен жылы қала шағын және орта бизнес нысан­­дарынан түсуі тиіс 100 мил­лиард теңгеден қағылды.

Оның сөзінше, уақытша жұ­мысын тоқтатқан немесе бағ­дарларын өзгертуге мәжбүр бол­ған бизнес нысандарына қатысты нақты статистика жоқ. «Біз көктемнен бері ай сайын жүргізілетін сауалнамаларды басшылыққа аламыз. Өнеркәсіп саласында ешқандай кәсіпорын жабылған жоқ. Жағдай өте күрделі болған жаз айларында 1 500 кәсіпорын 15%-ға дейін жұмысын тоқтатқан еді. Жұмыс орындарын қысқарту болды. Соңғы сауалнамалар бойынша жұмыс істеу орындары жалға берілді немесе жұмысына қайта кірісті. Біздің ойымызша, өндіріс өнеркәсіптерінің көп дегенде 5%-ы жұмысын қайта бастамады, олар шағын цехтар. Саудада және қызметтерде шағын бизнестің кейбір нысандары жұмысшылар құрамын оңтайландырды деген бағалау бар», – деді ол. Мысалы, бір ғана қоғамдық тамақтану саласын алсақ, елімізде өткен жылы тамақтану нысан­дарының 30 пайызы жабылған. Көбі 10-20 пайызға бағаларын көтер­ген. «Қазақстан ресто­раторлар клубы» қауымдас­тығының президенті Гүлнар Қа­ты­баеваның айтуынша, мейрам­хана бизнесі жалақы, коммунал­дық қызмет және жеткізілім төлеміне қарыз. «Карантин кезінде барлық ірі қаладағы мейрамханалар өз бастамасы бойынша медқызмет­керлер мен полицейлерді, аз қамтылған отбасыларды тегін тамақтандырды. Бұл жағдайды екі айға ғана жалғасады және кейін бұрынғы өмірімізге қайта орал­амыз деп ойладық. Сондықтан да дәрігерлерге көмектесу керек деп шешіп, 1 300 дәрігерді екі жарым ай бойы тамақтандырдық. Енді біздің өзімізге көмек керек. Карантин шығындарына келер болсақ, караоке қауымдастығы 20 миллиард теңге шығынға ұшыра­ғанын айтып отыр. Ал кино­театрлар 7 миллиард теңге шы­ғын­ға ұшырады. Мейрам­ханаларды есептеген жоқпыз, олар ішінара жұмыс істеді», – дейді маман. Оның сөзіне қара­ғанда,  банкет залдары өз шығын деректерін әлі бермепті. Ал са­бақтың онлайн болуына бай­ланысты мектеп асханалары да әлі жұмысын бастай алмай отырған жайы бар. «Деректерге қарағанда, Алматыда мейрамхана, кафе, барларда 300 мың жұмыс орны бар. Карантин кезінде олардың 70 пайызы үйде отыруға мәжбүр бол­ды. Олар біртіндеп жұмыстарына кірісіп жатыр. Осы жерде айта кету керек, мониторинг тобының тексеруінен кейін айыппұл ар­қаламаған нысан жоқ. Мейрам­ханалар 80 пайызға дейін ақша айналымын жоғалтты. Караоке, фудкорттар, банкет залы, бильярд клубтары 100 пайыз ақша ай­налымынан айырылды. Осы сала­лардағы нысандардың 30 пайызы жабылды. Тағы 20 пайызы жа­былуы мүмкін деп қауіп­тене­міз», – дейді Гүлнар Қатыбаева. Алматыда карантин кезінде мейрамханалар мен кафелерде отырғызу саны 80-100 пайыздан 30-50 пайызға дейін төмендеген. Өйткені талап солай болды. Елімізде рестораторлардың үштен бірі қызметкерлерін 30-40 пайызға қысқартуға мәжбүр болған. Мейрамхана мен кафе қо­жайындарының 20 пайызға жуы­ғы жұмыс орнын 10-20 пайызға қысқартқан. Ал 6 пайызы жұмыс­шыларының жартысынан ас­тамын, 2 пайызы 70-80 пайызын қысқартқан. Өткен жыл рестораторлар үшін өте қиын болды. Пандемияға дейін Қазақстанда 18-19 мың мейрамхана, бар, кафе жұмыс істеген. Қазір оның 60 пайызы жұмысын тоқтатқан, 20 пайызы тіпті жабылып тынды. Ең қызығы, пандемия кезінде елімізде 950-ге жуық жаңа мейрамхана мен кафе ашылған. «Қазақстан рес­то­раторлар клубының» зерттеуі бо­йынша, ірі қалаларда кофехана мен барлардың жұмысына сұраныс артқан. Ал өзге қалаларда пиццерия сияқты бір бағытқа негізделген тамақтану о5отыр», – дей­ді бар қожайыны Мәдина Момынбекова. Алматыда қазір қоғамдық та­мақ­тану нысандарынан фуд­корттар, банкет және салтанат зал­дары, ойын-сауық орын­дарынан бильярд, караоке, боу­линг орталықтары, компьютер клубтары, түнгі клубтар, жабық нысандардағы балалар ойын алаңдары мен аттракциондар, батуттар, букмекерлік кеңселер мен ойын клубтарының жұмысы әлі тоқтап тұр. Сондай-ақ бұ­қаралық іс-шаралар өткізуге, атап айтқанда спорттық іс-шаралар; форумдар, конференциялар, семинарлар, жиналыстар өткізуге рұқсат берілген жоқ. Осыдан бірер күн бұрын Ал­маты қаласы Кәсіпкерлер палата­сының басшысы Айтуар Қош­мамбетов «Қаңтар айынан бастап пилоттық жоба жоспарлануда – жабық қалған 9 сала қызметінің барлық түрі пайдалануға берілмек және олар үшін жеке алгоритмдер әзірленетін болады. Барлығы мемлекет пен бизнес арасындағы адалдық пен сенім қағидаттарына негізделеді. Сондықтан қол­да­ныс­тағы нормаларды толығымен сақтауға шақырамыз және тиісті келісімдер аясында барлық қыз­мет түрін біртіндеп іске қоса- мыз», – деді. Демек, алдағы күндері пан­демия салдарынан айлар бойы жұмысын тоқтатып тұрған ал­матылық кәсіпкерлердің жаңа жүйеде жұмыс істеп дағдылануына тура келіп тұр.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ