Аналардың арызы бар
Аналардың арызы бар
121
оқылды

Бүгінде көпбалалы аналарға мем­лекет тарапынан аз қамқорлық жаса­лып жатқан жоқ. Алайда «аналар шер­уі» әлі күнге азаймай тұр. Бұрын ана­лар орталық алаңға шығып, өз талап­тарын қоятын болса, қазір олар әкімдік ғимаратына  жиналады. Жуырда Жамбыл облысы әкімдігінің алдына шеруге шыққан ана­лардың шағымына аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев құлақ түріп, әр­қайсысының мәселесін  жеке-жеке қарады.

Облыс басшысы бұған дейін де көпбалалы аналармен кездесіп, олардың мәселелерін назардан тыс қалдырған емес. Ал  өткен жылы Тараз қаласынан  заманауи «Бақытты отбасы» орталығы ашылып,  аналарға деген қамқорлық арта түскен еді. Алайда бұл жолы аналар әр балаға 21 мың теңгеден төлеу туралы талабын алға тартты. Шыны керек, мұны біреулер қолдаса, екіншілер асыра сілтеу деп қарсы шықты. Сондықтан облыс әкімі көпбалалы аналардың басын қосып, тараптардың талабын тыңдады. Бұл жиында көпбалалы аналар бала санына, табыс деңгейіне және әлеуметтік жағдайына қарамастан әр балаға 21 мың теңгеден төлеуді сұрады. Ол үшін  олар басқа жеңілдіктер мен жәрдемақылардан, соның ішінде АӘК, азық-түлік жиынтығы, көпбалалы отбасылар бойынша жәрдем­ақыдан бас тартуға дайын. Алайда аймақ басшысы мұндай шешім қабылдау  мем­ле­кеттің қаржылық мүмкіндігіне байланысты екенін айтты. Аталған  жәрдемақыны енгізу – қосымша 3 триллион теңгені қажет етеді. Сонымен қатар  Бердібек Сапарбаев  мектептердегі балаларға арнайы берілетін ыстық тамақты алып тастауға үзілді-кесілді қарсы болды. – Көбіне ақшалай жәрдемақылар мүлдем басқа мақсаттарға бағытталады және балаларға жетпейді. Бүгінде арнайы әлеуметтік карта әзірленуде, ол бойынша қаражат тек балалардың қажеттілігі үшін ғана берілетін болады, – деді  өңір басшысы. Басқосуда аналар  тұрғын үй және жер учаскелері кезегінің баяу жылжуы, алты жасқа дейінгі балаларды тегін дәрі-дәрмек- пен, бір жылға дейін қоспа тағаммен қамтамасыз ету, тұрғын үй комиссияларына қатысу және  шенеунік­тердің қолжетімді болуын мәселе етіп кө­тер­ді. Бұған қатысты облыс әкімі кездесуге арнайы шақырылған  басқарма басшылары мен Тараз қаласы әкіміне  комиссия жұмысына қоғам өкілдерін неғұрлым белсенді тартуды, веб-сайттағы кезек күту тізімі мен тұрғын үйді пайдалануға беру кестесін тұрақты түрде жаңартып отыруды тапсырды. аналар Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев  болса, балаларға арналған  барлық дәрі-дәрмек пен қоспа жеткілікті екенін жеткізді. Аймақ басшысы бұден бөлек қазір халық арасында дәрігерлерге қатысты көптеген сауал туындап отырғанын тілге тиек етіп, бұл ретте кадр тапшылығын жою үшін  облыс орталығынан  С.Асфендия­ров атындағы Қазақ ұлттық медицина уни­вер­ситетінің филиалы ашылғанын хабардар етті. Сондай-ақ ақ халаттылардың жала­қысы едәуір артқан­дықтан, сұраныс та жоғары болатынын ескертті. Ең алдымен дәрігерлер нау­қастарға  деген көзқарасын түбегейлі өзгертіп, қолдан келер көмегін аямауы керек. – Әрбір азаматқа мемлекеттік қыз­меттер толық көлемде көрсетілуі тиіс. Электронды базалар барлық бағыт бойынша, соның ішінде тұрғын үйді пайдалануға беру және кезек бойынша нақты жұмыс істеуі қажет. Сонымен қатар әрбір адам  қолжетімділікпен өз кезегін тексеріп, рәсімнің ашықтығы мен әділ­дігіне көз жеткізе алуы қажет, – деді Б.Сапарбаев. Тағы бір мәселе – жеке тұрғын үй құрылысына арналған учаскелер көптен бері қажетті көлемде берілмеген. Мұндағы түйткіл  – инженерлік инфрақұрылым тарту және барлық коммуналдық қыз­метпен қамтамасыз ету болып отыр. Облыс әкімі айтылған мәселенің бар­лығы жіті назарға алынатынын айта оты­рып, аналарды  мемлекеттік бағдар­лама­лар­ға белсене қатысуға, шағын несиелер мен гранттарды пайдалануға шақырды. Өткен жылы 7 800 адамға жалпы сомасы 4,8 млрд теңгенің гранты берілсе, ал микро­кредиттеу көлемі 5,4 млрд теңгеден асқан. – Ел бойынша ең төменгі табыс бізде.  Сондықтан біз өнеркәсіпті, ауыл шаруа­шылығын, кәсіпкерлік бастаманы, шағын және орта бизнесті дамытуға, ин­вес­тициялар тартуға айрықша көңіл бөлеміз. Әлеуметтік павильондарды көпбалалы отбасылар көп қоныстанған аудандарда ашу қажет. Бүгінгідей кез­десулер кемінде әр тоқсанда бір рет ұйымдастырылатын болады. Сондықтан сіздердің мәселелеріңіз әрдайым на­зарымыз­да болады, – деді аймақ бас­шысы. Осылайша, атқамінерлер базына айта келген көпбалалы аналардың  ашуын басқандай болды. Әрине, аналардың әкімдік алдына жиналып, шу шығаруы ешкімге абырой әкелмейтіні анық. Сондай-ақ шенеуніктердің де  аналар үнін жүре тыңдағаны жөн емес. Осыны екі тарап та түсінеді деп сенеміз.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы