Бүгінде көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан аз қамқорлық жасалып жатқан жоқ. Алайда «аналар шеруі» әлі күнге азаймай тұр. Бұрын аналар орталық алаңға шығып, өз талаптарын қоятын болса, қазір олар әкімдік ғимаратына жиналады. Жуырда Жамбыл облысы әкімдігінің алдына шеруге шыққан аналардың шағымына аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев құлақ түріп, әрқайсысының мәселесін жеке-жеке қарады.
Облыс басшысы бұған дейін де көпбалалы аналармен кездесіп, олардың мәселелерін назардан тыс қалдырған емес. Ал өткен жылы Тараз қаласынан заманауи «Бақытты отбасы» орталығы ашылып, аналарға деген қамқорлық арта түскен еді. Алайда бұл жолы аналар әр балаға 21 мың теңгеден төлеу туралы талабын алға тартты. Шыны керек, мұны біреулер қолдаса, екіншілер асыра сілтеу деп қарсы шықты. Сондықтан облыс әкімі көпбалалы аналардың басын қосып, тараптардың талабын тыңдады. Бұл жиында көпбалалы аналар бала санына, табыс деңгейіне және әлеуметтік жағдайына қарамастан әр балаға 21 мың теңгеден төлеуді сұрады. Ол үшін олар басқа жеңілдіктер мен жәрдемақылардан, соның ішінде АӘК, азық-түлік жиынтығы, көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақыдан бас тартуға дайын. Алайда аймақ басшысы мұндай шешім қабылдау мемлекеттің қаржылық мүмкіндігіне байланысты екенін айтты. Аталған жәрдемақыны енгізу – қосымша 3 триллион теңгені қажет етеді. Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев мектептердегі балаларға арнайы берілетін ыстық тамақты алып тастауға үзілді-кесілді қарсы болды. – Көбіне ақшалай жәрдемақылар мүлдем басқа мақсаттарға бағытталады және балаларға жетпейді. Бүгінде арнайы әлеуметтік карта әзірленуде, ол бойынша қаражат тек балалардың қажеттілігі үшін ғана берілетін болады, – деді өңір басшысы. Басқосуда аналар тұрғын үй және жер учаскелері кезегінің баяу жылжуы, алты жасқа дейінгі балаларды тегін дәрі-дәрмек- пен, бір жылға дейін қоспа тағаммен қамтамасыз ету, тұрғын үй комиссияларына қатысу және шенеуніктердің қолжетімді болуын мәселе етіп көтерді. Бұған қатысты облыс әкімі кездесуге арнайы шақырылған басқарма басшылары мен Тараз қаласы әкіміне комиссия жұмысына қоғам өкілдерін неғұрлым белсенді тартуды, веб-сайттағы кезек күту тізімі мен тұрғын үйді пайдалануға беру кестесін тұрақты түрде жаңартып отыруды тапсырды.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы