Мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің ЖСН бұғаттайтын құзыры жоқ
Мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің ЖСН бұғаттайтын құзыры жоқ
150
оқылды

Мұндай жағдай кездескенде құқық қорғау органдарына хабарлау қажет.

Павлодарда өзін Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерімін деп таныстырған бәз біреулер азаматтарға қоңырау шалып, несие борышын өтемесе, ЖСН нөмірін бұғаттаймыз деп қорқытқан. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Әсемгүл Балташева хабарлады.

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифингте Ә.Балташева алаяқтардың пайда табу үшін қолданатын айла-амалдары туралы айтып берді.

Оның айтуынша,   Павлодарда өзін ХҚО қызметкерімін деп таныстырған біреулер азаматтарға қоңырау шалып, несие борышын өтемесе, ЖСН нөмірін бұғаттаймыз деп қорқытқан. Алаяқтар азаматтардың әлеуметтік желілердегі парақшаларына жазып, СМС жіберіп, телефондарына қоңырау шалып мазалаған. Кейін ақша аударылуы тиіс банк картасының нөмірін айтып отырған.

«Мемлекеттік корпорация қызметкерлері азаматтарға қоңырау шалмайды және ЖСН бұғаттайтын құзыры жоқ», – деп ескертті Балташева.

Қарағандылық тағы бір тұрғын алаяқтық құрбаны бола жаздапты. Оған ХҚО қызметкерімін деп қоңырау шалған адам Нұр-Сұлтан қаласындағы пәтер бойынша кезегінің жақындағанын хабарлаған. Сөздері дәлелді болу үшін алаяқ тіптен жалған құжаттың суретін де жіберген. Дегенмен, пәтерге ие болу үшін қарызыңызды өтеңіз деп талап еткен. Бірақ тағы да қандай несиені жабу керектігін нақтыламаған.

«Мемлекеттік корпорацияда құжатта көрсетілген тұрғын үй бағдарламасы туралы еш мәлімет жоқ және ол туралы халықты құлағдар етпейміз. Бұл – алаяқтықтың тағы бір схемасы деп ойлаймыз, олар тек сенгіш азаматтардың ақшасын кез келген жолмен тартып алуды көздейді», – дейді басқарма төрағасы.

Балташева мұндай жағдайлар кездескенде құқық қорғау органдарына хабарлау қажеттігін ескертті.