Дауыс бергендерге азық-түлік себетін таратады деген – фейк!
Дауыс бергендерге азық-түлік себетін таратады деген – фейк!
164
оқылды

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қаулаған бір қауесет ресми жоққа шығарылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy хабарлады. Әлдекімдер: «10 қаңтарда сайлау учаскесіне барып, Nur Otan партиясына дауыс берсеңіз, сол үшін сыйлық аласыз» деген ауанда хабарлама таратуда. Атап айтқанда, азық-түлік себетінің тарту етілетіні айтылған. 

«Nur Otan» партиясының Алматы қалалық филиалы бұл мәліметті ресми жоққа шығарып, мәлімдеме жасады.
«Бүгін елімізде – Үнсіздік күні. Бұл күні және ертеңгі дауыс беру күнінде кез келген саяси партия атынан сайлаушыларға қандай да бір сыйлық, кәдесый немесе ақшалай төлем үлестіруге қатаң тыйым салынған! Дауыс беруге қатысқан адамдарға сыйлық берілетіні туралы жалған жаңалықтарға сенбеңіз! WhatsApp және өзге де мессенджерлердегі осыған ұқсас жарияланымдар шындыққа сәйкес келмейді», – делінген Nur Otan филиалының ресми мәлімдемесінде.
Партия жалған ақпарат таратқаны үшін құқықтық жауапкершілік көзделгенін еске салады және қазақстандықтарды тек қана ресми дереккөздерге сенім артуға шақырады. Дауыс беру – әрбір адамның азаматтық құқығы әрі парызы. Сондықтан қазақстандықтар ешбір тарту-таралғысыз сайлауға қатысып, өз ықтиярын білдіргені абзал. Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың сайлауы бір күнде – жексенбіде, 10 қаңтарда өтеді. Бүгін, 9 қаңтардағы Үнсіздік күнінде барлық үгіт-насихатқа рұқсат етілмейді. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңының 32-бабына сәйкес, сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез келген үгiтке тыйым салынады. Бұл тыйым үгіт-насихаттың барлық түрлеріне қатысты: телеарналардан сайлауалды роликтер көрсетілмейді, үнпарақтар таратылмайды, кандидаттадың сайлаушылармен кездесулері өткізілмейді. Сонымен бірге әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі сайлауалды үгітпен байланысты кез келген іс-әрекет те заңға қайшы деп танылады. Ол үшін жауапкершілік қарастырылған.