Олар енді «оралман» емес
Олар енді «оралман» емес

Борышқа белшеден батқан адам өзге ел аза­маттығын иеленіп, тайып тұруға талпынса, мұндай қулықтың құйрығы – бір-ақ тұтам! Енді оларды ше­ка­рашылар мен кеден­ші­лер сыртқа аттап бастыр­ма­й­ды. Басқаның азамат­ты­ғын алғандар бұдан бы­лай борышын толық өте­мей, шетелге кете алмай қалады.

Нұрлан Нығматулиннің тө­ра­ғалығымен өткен палатаның жал­пы отырысында Мәжіліс «Кей­бір заңнамалық актілерге көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заң жобасын 1-оқылымда мақұлдады. Құжатта мысалы, тек оралмандармен жұмыс істейтін Бейімдеу және ықпалдастыру ор­талықтарының функциясын кеңейту ұсынылады. Жобаға сәй­кес, оңтүстік облыстан сол­түстік өңірге қоныс аудару­шы­ларды орналастыру, жұмыспен қамту, бейімдеу жөніндегі әлеу­меттік қызметтер кешенін ұсыну да осыларға берілмек.

Бұған депутаттар таңғалды. Біріншіден, бейімдеу орталық­тары Қарағанды, Түркістан облыстарында және Шымкентте ғана орналасқан. Ал жұмыс күші шектен тыс көп өңірлерден қо­ныс аударушылар Үкімет ұсы­­нысымен мүлдем басқа облыс­тарға – ШҚО, Қостанай, Павло­дар, СҚО жаққа бет алады.

Екіншіден, осы орталықтар қызметін атамекенге қайтқандар қатты сынап жүр: заңгерлік кө­мек сыртында орысша үйретеді. Содан қандастар арасында: «Ота­ныма орыстану үшін орал­дым ба?» деген наразылық туа­тын. Әрине, облыс арасында кө­шетін қазақстандықтарға он­дай қызметтің қажеті жоқ: зерт­теулер көрсеткендей, халқы­мыз­дың 97 пайызы орыс тілін біледі.  

Заң жобасын Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігі әзірлеген. Министр Бір­жан Нұрымбетов депутаттар сынына көнді.

– Келісемін. Бұл орталыққа ондай қосымша функция беру орынды ма екен. Біз 2017-2021 жыл­дарға арналған Көші-қон сая­саты тұжырымдамасын қабыл­дағанбыз. Сол құжатта бейімдеу орталығы тек оралмандармен ғана емес, сондай-ақ қайта қо­ныс­танушылар ісімен де ай­на­лы­сатыны жазылған. Тұжырым­да­маны орындау үшін осы нор­маны ұсындық. Қазір орталықтар саны аз. Мысалы, Маңғыстауда жа­был­ды. Қалғандары 431 орын­ға есептелген. Айналасында 136 мың қандас тұруда, – деді министр.

Н.Нығматулиннің байла­мынша, бөтен елден келген аға­йындарды жаңа ортаға үйреткен, заң және құқық көмектерін берген дұрыс.

– Қазақстанның бір өңірінен екіншісіне барған азаматтарға орталықтың қажеті қанша? Мы­салы, астана көшкеніне 22 жыл толды. Қоныс аударғандар депу­таттар арасында да отыр. Жер­гі­лікті қоғамға кіріккені сонша, ақ­молалықтардан айыра алмай­сыз. Ешқандай бейімдеуден өт­педі. Айталық, Түркістаннан СҚО-ға бет қойған отбасы бөтен жерге бармайды. Республи­ка­мыз­дың қай түкпірінде тұрса да заң ортақ. Жаңа орнында қай жерде өмір сүріп, нендей жұмыс істей­тінін жауапты құрылымнан алдын ала біледі. Бұлар арасына делдал инстанция құру қажет емес. Ол бюджеттен қосымша шығын шы­ғаруға соқтырады. «Тұжырым­дамада бар» дейсіз. Мен сізден басқа дәйектеме естімедім! – деп нықтады Нұрлан Зайроллаұлы.

Сондықтан Мәжіліс тө­рағасы екінші оқылымға дайын­дау ба­рысында заң жобасын әбден пы­сықтап, орталық функциясын кеңейту туралы бапты қайта қа­рау­ды тапсырды. Ол «қызметі за­манауи өмір шындығына жа­уап беруі үшін бейімдеу орталық­та­рының жұмысын түбегейлі түрде қайта форматтау» керегін қадап айтты.

Отырыста «азаматтығы жоқ­тар» жасайтын қылмыс саны арт­қаны жария етілді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, аза­маттығы жоқ адамдардың (АЖА) ел заңнамасын бұзу көле­мі артуда. 2016-2018 жылдар ара­лығында Қазақстанда осы санаттағылар саны 1,2 есеге кө­бейген. Ал олар жасаған заңбұзу­шылық саны 4,5 есеге өсіпті.

ІІМ басшысының бірінші орынбасары Марат Қожаевтың дерегінше, қазіргі кезде мемле­кетімізде 7 мыңнан астам АЖА бар. Олар жасайтын қылмыстар негізінен, «ел аумағында еш құ­жатсыз және тіркеусіз тұруымен» байланысты көрінеді. Біразы АЖА куәлігін жоғалтып алады. Не құзырлы органдар бекіткен жерден өзге өңірге кетіп қалады. Сол себепті құқық қорғау орган­дары оларға қатысты дүркін-дүркін рейд жүргізіп, әшкерелеп отырады. Әйтпесе, қазақ еліне қарау ниетпен келгені де болуы ғажап емес. Дегенмен М.Қожаев АЖА-лар көші-қон ахуалының нашарлауына салмақты ықпал етпейтініне сендірді.

Айтқандай, І оқылымда құп­талған осы заң жобасы арқылы елімізде «оралман» термині «қан­­дас» деп ауыстырылады. Яғни, заң жүзінде бекітілмек. Aiqyn және Egemen Qazaqstan газет­теріне қыркүйектегі сұхба­тында Мемлекет басшысы Қ.То­қ­аев «орал­ман» сөзіне қарсы екенін жеткізді. Ізінше Президент Twitter парақшасында тарихи Ота­­нына келген қазақтарды «орал­ман» деп атаудан бас тар­тып, «қандас» деу жөн болаты­нын, жеті атасын білетін халыққа «қандас» ұғымы жарасатынын мәлімдеді.