ҚТЖ-да жастар форумы басталды
ҚТЖ-да жастар форумы басталды
115
оқылды

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында өңірлік темір жол бөлім­шелерінен келген 300-ден астам жас қызметкердің қатысуымен Х Республикалық жастар форумы ашылды.

Форумның мақсаты – жас теміржол­шыларды инновациялық белсенділікке ынталандыру, олардың өсіп-өнуіне жағдай жасау, өндірістегі ұқыптылық пен мәдениет принциптерін енгізу және коммуникацияны дамыту.

Салалық жастар форумы биыл оныншы рет өткізіліп отыр. Қазақстанда баламасы жоқ форум темір жолдың әртүрлі учаскелерінде жұмыс істеп жүрген жас қызметкерлерге қолдау көрсетеді.

Жас теміржолшылар алдында «Қа­зақстан темір жолы» компаниясы басқарма төрағасының корпоративтік мәселелер және HR жөніндегі орын­басары Серік Әбденов құттықтау сөз сөйледі. Ол ұжымның мақсаттары мен соңғы жетістіктерін айтып, бұл табыстың бәрі жас қызметкерлердің арқасында мүмкін болғанын атап өтті.

– Компанияның 2016 – 2021 жыл­дарға арналған Жастар саясаты бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде, сондай-ақ «Жастар жылы» аясында жас теміржолшылар әртүрлі іс-шараларға қатысты. Компания жас қызметкерлерге өзін дәлелдеуге және кәсіби біліктілігін жетілдіруге мүмкіндік берді. Осында тұрған әрбір қызметкер – көшбасшы, өзгерістердің жолсерігі, – деді Серік Әбденов.

Форумда жыл бойы компанияда ұйымдастырылған ерекше жобаларға қорытынды жасалды. Мәселен, еліміздің 16 өңірінде «Менеджмент жобасы» бағдарламасы бойынша 1600-ден астам қызметкерге инновациялық білім беру тренингтері өткізілді.

Бұған дейін Тараз, Қарағанды және Нұр-Сұлтан қалаларында Көңілді тапқырлар клубының VII Өңіраралық ойындарында 14 команда сайысқан еді. Соның ішінен суырылып шыққан жүйріктер Республикалық жастар форумы шеңберінде басқарма төрағасының Кубогі үшін ақтық сында өнер көрсетеді.

Сондай-ақ «Жастар жылы» ая­сында «ҚТЖ-ның 100 жас тұлғасы» бағдарламасы іске қосылған еді. Енді бұл тізімге енген қызметкерлер компания басшылығының назарына ұсынылады.

Сонымен қатар форумда ком­па­нияның негізгі стратегиясы талқыланды.

Қызықты іс-шаралар, зияткерлік ойындар, бизнес-симуляциялар, сан алуан тренингтер, интерактивті фор­маттар, жарыссөздер, шеберлік сабақтары да басқосуда назардан тыс қалмайды.

 

Ерсайын БАҒДАТ