Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолаушылар ұшағының құлауына байланысты Индонезия президенті Джоко Видодоға көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл жайында Ақорда хабарлады.
"Жантүршігерлік апатта жақындарынан айрылған отбасылардың ауыр қайғысына ортақпын. Жаратушы олардың қайғысын жеңілдетіп, қазаға ұшырағандардың жанын өзінің мейірімімен жарылқасын", – делінген жеделхатта. Кеше, 9 қаңтарда индонезиялық БАҚ жергілікті Sriwijaya Air әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағының апатқа ұшырағанын хабарлаған. Джакартадан ұшып шыққан Boeing 737 жолаушылар ұшағы Лаки аралына жақын маңда суға құлаған. Әуе компаниясының мәліметінше, бортта барлығы 62 адам, соның ішінде 56 жолаушы және экипаждың алты мүшесі болды.