Барлау генералы
Барлау генералы
201
оқылды

Қауіпсіздік қызметінің отстав­ка­дағы генерал-майоры, алғаш Қа­зақстан егемендік алған тұста сырт­қы барлау қызметіне басшы­лық жасаған Жүкен Мәрденов жайында бір емес, бірнеше кітап жазуға болар еді, бірақ оның уақы­ты әлі келген жоқ. Жүкен аға 85 жыл­дық ғұмырын ар­наған құпия қыз­меттің ерекшелігі – оның құ­пия­лығында. Бүкіл өмір­бая­ны, атқарған қызметтері «құпия», «өте құпия» деген белгілермен құ­жатталған генерал туралы кө­сіліп жазудың өзі қиын. Дегенмен барлау­шының халық қауіпсіздігін, мемлекетіміздің тұтастығын қор­ғауға сіңірген еңбектерін толықтай аша алмасақ та кейбір фактілерді айтуға болады.

Жақында Павлодар облысы Ақтоғай ауданы орталығындағы Абай атындағы мектепте, «Рухани жаңғыру» бағдарлама­сы­ның «Туған жер» жобасына сәйкес, қа­уіп­сіздік органдарының құрметті ардагері, ел мақтанышына айналған Жүкен Мәр­де­новтің мұражайы салтанатпен ашылды. Мұндай шаралар ауданда көп бола бермейді. Алыс-жақыннан көп адамдар жиналды, об­лыс, аудан көлеміндегі жергілікті әкімқа­ра­лар, жоғары шенді әскерилер арнайы кел­ді. Елге еңбегі сіңген ардақты азаматта­рын ғана ел осылай құрметтейді. Бұл кісінің халқы құрметтейтіндей игі істері жетерлік, сондықтан ел ішінде оның абыройы асқақ, беделі биік. Жасы сексеннің бел ортасына келсе де, отставкадағы генерал-майор Жүкен Мәрденов қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Қазақстан Генералдар кеңесі қауымдастығы президиумының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ардагерлер кеңесінің құрметті мүшесі, Алматы қалалық әкімшілігі жанындағы жастарға құқықтық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде жоғары әскери оқу орындарында дәріс оқиды, өзінің бай тәжірибесімен бөліседі, мек­тептерде жиі кездесулер жасап, жастар арасында тағылым-тәрбие сағатын өткізеді.

– Атақ-мақсатқа құмартқан адам емес­пін. Қазағымның кәдесіне жарасам – тө­бем­нің көкке жеткені. Қасиетті өңірде туға­ныма, Абай атындағы мектепте білім алып, ұлағатты ұстаздардың алдын көрге­німе өзімді бақытты сезінемін. Осы жерде өзім де ұстаздық еттім. Ауылым, өскен жерім – әрдайым жүрегімде. Өзге өңірде жүрсем де, туған жерімде не болып жатыр екен деп үнемі алаңдап жүремін. Дарын­дардың барлығы ауылдан шыққан. «Бұлақ көрсең көзін аш», бұл – ұстаздық парыз. Әлемді тануға ұмтылмаған халықтың бола­шағы бұлыңғыр. Көп жастардың шетелге барғысы келеді. Ол дұрыс та шығар. Шетел­дерге шыққанда еліме пайдасын тигізетін қандай да бір жақсылық әкелем деп бару керек. Біздің жер қойнауындағы байлық­тарды алып жатқан шетелдіктер енді рухани байлықтарымыздан айырмақшы, идеоло­гиямызды әлсіретуде, жастар арасында патриоттық сезім төмендеуде. Ұлттық ру­хы­мыз бен ұлтжандылығымызды жоғары ұс­тап, ұлттық құндылықтарымызды баға­ла­уы­мыз керек, – дейді Жүкен Баймұхамбетұлы.

Қазақстан Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі (МҚК) Бірінші басқарманың (Сыртқы барлау қызметі) бастығы, Қазақ КСР және Қазақстан МҚК комитеті төра­ғасының орынбасары, ҰҚК органдарының құрметті қызметкері, отставкадағы генерал-майор Жүкен Мәрденов бұл салада ұзақ жыл қызмет етіп, генерал шеніндегі лауа­зымға дейін жеткен тәжірибелі бар­лаушы. Қазақстан тәуелсіздік алған алғаш­қы жылдарда қауіпсіздік қызметін басқар­ған генералдың бірі. 1956 жылы Алматы шет тілдер институтын бітіргеннен кейін Пав­лодар облысындағы Лебяжі орта мек­тебінде мұғалім, мектеп директоры болды. Жүкен Баймұхамбетұлы сеніп тапсырылған барлық учаскелерде өзін сауатты, іскер маман ретінде көрсетті. Басшылық қыз­меттерде біліктілігімен, принциптігімен, жауапкершілігімен қарамағындағыларды артынан ерте білді. КСРО мемлекеттік қа­уіп­сіздік қызметіне 1961 жылы шақырылды. Павлодар облыстық басқармада жедел уәкіл болып бастаған ол көп ұзамай орталық аппаратқа ауыстырылған. Кейіннен Көк­шетау, Шығыс Қазақстан облыстарында басқарма бастығының орынбасары қыз­метін атқарды. Жүкен Баймұхамбетұлы 1983 жылы МҚК Бірінші басқармасына (барлау қызметі) бастық болып, Алматыға қайта оралады. 1987 жылы полковник Жү­кен Мәрденов МҚК Целиноград облыстық басқармасының бастығы болып тағайын­дал­ды. Осы кезде қазақ ауылында туып-өскен Жүкен ағаның арқасында облыстағы желтоқсан оқиғасына қатысқан көптеген жастар «ұлтшыл декабрист» деген қаралау­дан арылып, оқуларына, жұмыстарына қайтадан кіруге мүмкіндік алды. Облыстық басқармаға жетекшілік еткен ол тек ұжымда ғана емес, облыс активтерінің алдында да сыйлы болды, аймақтың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты, облыстық ком­партияның бюро мүшесі, облыстық және қалалық халық кеңесінің депутаты болып сайланды. Қыз­метіндегі және қоғамдық-саяси саладағы осындай жетістіктері үшін Жүкен Мәрденов 1988 жылы КСРО Үкіметінің Жарлығымен ге­нерал-майор деген жоғары әскери атаққа ие болды. МҚК жүйесіндегі мол тәжірибесі ескеріле отырып, генерал Ж.Мәрденов 1990 жылы Қазақ КСР МҚК төрағасының кадр мәселесі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. КСРО ыдырайтын кезде Жүкен Баймұхамбетұлы төрағаның барлау қызметі жөніндегі орынбасары болды.

– 1991 жылы күзде одақтас республика­лардың Бірінші басқарма бастықтары орта­лықтың нұсқауы бойынша Мәскеуде бас қостық. Жиында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі Сыртқы барлау қызметінің сол кездегі басшысы Евгений Примаков баяндама жасайды деп алдын ала ескер­тіл­ген болатын. Жиналып отырмыз. Залда әдет­тегідей президиумға арналған үстелдер, тіпті сөз сөйлейтін мінбер де қойылмапты. Примаков біраз кешігіп келді. Ол келердің алдында ғана залға шағын үстел, орындық әкеліп қойды. Примаков соған жайғасты. Еш­қандай баяндама жасалған жоқ, бірден іске көшті. «Бұдан әрі сыртқы барлау жұ­мыс­тарын қалай жүргіземіз? Кімде қандай ұсыныстар бар, бір-бірден шығып ойлары­ңызды ортаға салуларыңызды сұраймын» деді. «Ұсынысымызды алфавит бойынша шығып айтайық» дедім. Ондағы ойым – ал­фавит бойынша Әзірбайжан, Армениядан басталып, Қазақстанға жеткенше біраз уақыт өтеді, соны пайдаланып айтатын ойымды жинақтап алу. Солай болды. Ма­ған дейінгі республикалардың өкілде­рі­нің аузына қапелімде ештеңе түспей, өз пайдаларына асыратын ешқандай ұсыныс айта алмады. Өз кезегіміз келгенде, «Қазақ­стан Республикасында алдағы уақытта дербес Сыртқы барлау қызметі құрылады. Сондықтан Евгений Максимович, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің базасындағы бізге қажетті, Қазақстанға қатысты барлық құпия ақпаратты беруіңізді сұраймын. Екіншіден, бізге білікті маман қажет. Кадр мәселесін сіздермен бірігіп шеш­сек дейміз» дедім. Примаков менің ұсыны­сымды толықтай қабылдады. Сырт­қы барлау қызметінің алғашқы отырысын Алматыда өткіздік. Кейіннен Мәскеудің бұйрығымен сырт елдерде жүрген қазақ жі­гіттерді елге шақыртып, өз мамандары­мызды дайындай бастадық. Осы жігіттер «Барлау» қызметінің негізін қалауға үлкен үлесін қосты. Сол кездегі уәделестік бо­йын­ша қазақстандық барлаушылар қазірге дейін Мәскеудің арнайы барлау мектебінде да­йын­далады. Қазір Қазақстанның «Бар­лау» қыз­меті әлемдік деңгейде жоғары көрсет­кіш­терге ие болып жүр, – дейді Жүкен Мәрденов.

Сегіз қырлы, бір сырлы қауіпсіздік қыз­меті генералының жастарға берер тәрбиесі мол, кішіпейілділік қасиеті ерекше адам. Жүкен Мәрденов арнайы қызметте істеген жылдарында барлау, қарсы барлау маман­дарын дайындады. Бүгінгі «Сырбар» сырт­қы барлау қызметіндегі генералдар мен офи­церлердің арасында «Жүкен ағаның шәкір­тіміз» дейтіндер аз емес. Жүкен Мәрденов пен зайыбы Сақып апа екеуі – екі ұл, бір қыз тәрбиелеген ұлағатты ата-ана. Үлкен ұлы Жұмат – бизнесмен, кіші ұлы Марат – генерал-майор, Ауған соғысы­ның ардагері.

 

Әбдімәлік РАЙЫМҚҰЛОВ,
Алматы қалалық ҰҚК
Ардагерлер кеңесінің төрағасы