Ақжарға Смағұлдың есімі беріле ме?
Ақжарға Смағұлдың есімі беріле ме?
163
оқылды

«Артымызға – анық көңілмен, алдымызға – ашық көзбен қарайық!». Бұл – Смағұл Сәдуақасұлының құлпытасында қашалған қайраткердің өз сөзі. Жөн білгенге – жол сілтер, қиыс кеткенге – зілі басым тіркес. 1933 жылы Сәдуақасұлы қайтыс болғанда Жұмабаев «Қайран қазақ, орны толмас жара екен» деп басу айтқан. Мағжан ақын қазақтың панасына теңеген қайраткердің қадіріне жетіп жүрміз бе?

Смағұл Сәдуақасұлы – Алаштың абы­ройы үшін ғұмыр кешкен азамат. Сөзімізге тарихтағы солғын жазбалар дәлел бола алады. Неге солғын дейміз? Өйткені теңдік үшін күрескен азаматқа тиісті құрмет көрсетілді ме? Қайраткердің денесі 1933 жылдың 16 желтоқсанында арнайы пеште өртеледі. Арада 53 жыл өткенде дәл сол күні ел жастары желтоқсан алауын жағады. Осы уақыт тылсымын сәйкестік дерсіз. Алайда жалын мен бұйрық азат күннің астарында біз білмейтін беймәлім көп екенін еске салады.  

Қайраткер мәйітінің күлі 78 жыл бойы Дон қабірстанында топыраққа кө­міл­мей, құмыра ішінде сақталып келді. 2011 жылы Смағұл Сәдуақасұлы сүйе­гі­нің күлін профессор Дихан Қамза­бек­ұлы бастаған топ Мәскеуден елордаға жеткізді. Оған қайраткердің ағайын-туысы Қапар ақсақал Айтуғанов, Ғимадиден Ожаров, журналист Жақсыбай Самрат мұ­рындық болды. Қайырлы істің заң­дық нормаларын «Қаһармандар» қоғам­дық қорының төрағасы Сабыр Қасымов реттеп берді. Аталған тұлғалар жыл сайын тәуелсіздік мерекесін ел үшін ең­бек еткен қайраткердің зиратына құран бағыш­тау­мен бастайды екен.

11 желтоқсан күні Мәмбет Қойгелді, Серік Негимов, Сабыр Қасымов, Дихан Қамзабекұлы, Кәрібай Мұсырман және тағы басқалары Сәдуақасұлына құран оқытып, зират басына барды. Дихан Қамзабекұлы, Сабыр Қасымов сөз сөй­леп, бірқатар бастама көтерді. Мәмбет Қой­гелді қайраткер ағасына кейінгі мен бүгін­гінің мұңын ашына жеткізгендей әсер қалдырды.

«Аса құрметті, Смағұл аға! Сіз кеткелі, бізбен қоштасқалы 86 жыл болды. Жау­лары­ңыз Смағұлды өлтірдік деп ойлады. Алайда олар Смағұлды өлтіре алған жоқ. Мұны уақыт дәлелдеді. Сіз көрсеткен жол, сіз айтқан идея өлген жоқ. Әрине, ол уақыт күрделі кезең еді. Талайды адас­тырды. Талай өзінің басын қорғап, жағ­дайын ойлап жалған жолға түсті. Олар кешегі совет өкіметінің соңғы жылдары мақтап, өзінің жолын мақтап кітап жазды. Сөз сөйледі. Бірақ сіз айтатын сөзді уақы­тын­да айтып кеттіңіз. Уақыт сөзіңіздің дұрыс екенін, ұстанымыңыздың дұрыс еке­нін көрсетті. Әрине, халқыңыз ауыр жылдардан өтті. Адасты. Жығылды. Қайта тұрды. Бірақ қазір бізде үміт оты қайта жанды. Ел ретінде ұлт ретінде болашақтан үмітіміз бар. Міне, осы ауыр жолда сүйе­ніш болған тұлғаның бірі – сізсіз. Сол үшін сіздің алдыңызда қарыздармыз. Сондықтан сіздің халқыңыз тірі болса, сіз онымен бірге мәңгі жасайсыз. Сөзіңіз, ақ ниетіңіз, тілегіңіз халқыңызбен бірге болады» деді академик Мәмбет Қойгелді.

Серік Негимов Сәдуақасұлының атына даңғыл, мектеп, көше берілуі керегі жа­йын­да келелі пікір білдірді. Зират басы­на жиналғандар ғалым ойымен үнсіз келісті.

«Смағұл Сәдуақасұлы – Алаш қайрат­кері, мемлекет қайраткері. 25 жасында Халық комиссары болған тұлға. Ол күні бүгінге дейін тарихтан лайықты орын алған жоқ. Бірақ тарихи ірі істер жа­сап кетті. Өзі жазушы, өзі публицист, өзі қай­раткер болған тұлғаны қалай құр­мет­тесек те жарасады. Солтүстік Қа­зақ­стан облысы Ақжар ауданының халқы Сма­ғұл Сәдуақасұлының атын сұрап отыр. Қызылжар қаласында Смағұл Сәдуа­қасұ­­лына даңғыл, колледж, мектеп аты берілуі керек. Солтүстік Қазақстан газе­тінің редакциясы жеке бір ғимаратта отыр. Сәнді, көрікті, салтанатты. Смағұл Сәдуақасұлы, Қошке Кеменгерұлы «Жас азамат» деген газет шығарған еді. Редакция орналасқан ғимаратқа Самғұл Сәдуақасұлы, Қошке Кеменгерұлы немесе Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов пен Әбдірахман Айсариннің ескерткіші тұруы керек» деді филология ғылымдарының докторы Серік Негимов.

«Қараөткел» қабірстаны сан ға­сыр­дан хабар беріп тұр. Мұнда Кене­са­ры сарбаздары да жерленген. Мұсыл­ман қорымының бас жағында бас бо­лып Сәдуақасұлы жатыр. Жастар шағынау­да­нында орналасқан бейіттің сырты жөндеуді қажет етеді. Бірақ алдымен, Қызылжар жұртының тілегін орындаған абзал. Өйткені өлілер уақытпен санаспайды.

 

 

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ