Байқаушыларға қатысты туындаған түйткіл шешілді
Байқаушыларға қатысты туындаған түйткіл шешілді
137
оқылды
Алматыда 20 тәуелсіз бақылаушыны сайлау учаскелеріне кіргізбей қойғаны туралы ақпарат тарады. Алматы қаласы Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанна Асанова журналистерге мұның мән-жайын түсіндірді. Оның айтуынша, мәселе шынымен туындаған екен, бірақ ол жедел шешілді. Ж.Асанованың мәліметінше, таңертең учаскелерге келген байқаушылар арнайы белгіленген клиникада ПТР-тест тапсырған адамдардың тізімінде болмай шыққан. «Сайлау учаскелерінде бас көтерген мәселелер шешілді. Байқаушылар байқау процесіне жіберілді. Бұл осының алдында қалалық денсаулық сақтау басқармасының брифингінде айтылған жағдаймен байланысты. Тұтастай алғанда, сайлау процесін ұйымдастыру барысында зертханаларға қатысты талаптар қойған жоқпыз. Өйткені ол біздің құзырымызға кірмейді. Сондықтан бас санитарлық дәрігердің қаулысын басшылыққа ала отырып, байқаушылардан тек ПТР-тест талап етеміз. Тиісінше, қандай клиникада тест тапсырғанына қарамастан, бойынан коронавирус табылмаған барлық байқаушы сайлау учаскесіне жіберілді», – деді Ж.Асанова. Осының алдында ДСМ вице-министрі-Мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов хабарлағанындай, сайлау учаскелерінде тұрақты жұмыс істейтіндер, жоғары және орташа қауіпті аймақтардағы сайлауком мүшелері, бақылаушылар мен сенімді адамдар 5 қаңтар мен 9 қаңтар аралығында тексерілуі тиіс еді және ПТР-тест нәтижесі таза болуы қажет. Олар белгіленген лабораторияда тегін тексерілді. Байқаушылар учаскеде күннің соңына дейін тұрақты болатындықтан, сайлаушыларды қорғау мақсатында мемлекет осындай шараға барды. Алматыда бүгін таңғы 6:00-де барлық сайлау учаскесі ашылып, 7:00-де дауыс берушілерді қабылдай бастады. Жалпы, еліміздің ең ірі мегаполисінде 581 сайлау учаскесі бар. Оларға 4 мыңнан аса байқаушы тіркелген. «Сайлау учаскелері ашылғанда көптеген өтініштер, сұрақтар болды. Бірақ барлық мәселе қазір реттелді. Барлық түйткіл тарқатылды. Негізінен, мәселелер байқаушылардың құжаттарына қатысты болды. Байқаушылар өз учаскелеріне жіберілді және жұмысын жалғастыруда», – деді Жанна Асанова.