– «TAZA SAILAU» тәуелсіз бақылаушылар азаматтық қозғалысы мүшелері таңертеңнен бері сайлау учаскелерін аралап жүр. Қазір Тараз қаласындағы №23 сайлау учаскесінде бір адамның екі рет дауыс бермек болғаны анықталды. Осы іс бойынша хаттама толтырылды. Алматы қаласында №178 сайлау учаскесінде жаппай дауыс бермек болған дерек бар. Ол бірнеше адамның дауысын ұрламақ болған. Тәуелсіз және партиялар атынан келген бақылаушылар оның бұл әрекетін бірден тоқтатып тастады. Өздеріңізге мәлім, аурухана, түзеу мекемелері және басқа да орындарда арнайы сайлау учаскелері жұмыс істеп жатыр. Алматыдағы осындай арнайы учаскенің бірінде қазірдің өзінде сайлау нәтижесі белгілі болып отыр. «TAZA SAILAU» тәуелсіз бақылаушылар азаматтық қозғалысының мүшесі Әбдіхалық Нұрбекті ПТР сынамасы нәтижесіне қол қойылмағаны үшін сайлау учаскесіне бақылаушы ретінде кіргізбей қойды. Бұл жерде бақылаушының да кінәсі бар, өйткені ПТР сынамасы нәтижесіне қол қойылмағанын байқамай қалған, – деді бақылаушы, тележурналист Ерқанат Көпжасар.