Мен тәуелсіз байқаушы боп отырған №314 сайлау учаскесінде бәрі жақсы ұйымдастырылған. Тазалықтың да, тәртіптің де жүйелі ұйымдастырылғанына куә болып отырмыз. Өз басым барынша қадағалауға тырысып жатырмын. Себебі бірінші рет байқаушы боп жатқандықтан әрі қызық, әрі үлкен жауапкершілік жүктейді. Дауыс берушілер саны, соның ішінде жастардың қарасы көп. Қолына таяқ ұстаған қарттар да келіп жатыр. Ол кісілерге Абайдың кітаптарын сыйға бердік. Осы үрдіске ішім жылып қалды. Екі кішкентай баласын ерте келген отбасыны да кішігірім осындай сыйлықпен қуанттық. Жалпы алғанда отбасымен, бәрі бірге келіп жатқандар көп. Тағы бір айта кетерлігі, таңертең арнайы машинамен мүмкіндігі шектеулі және денсаулығына байланысты шыға алмай отырған жандардың үйіне барып, дауыстарын алып келдік. Барғанымызда іздеп, арнайы келгенімізге, еленгендеріне қуанып жатты. Бұған өзім де қуаныштымын. Себебі қазір қоғамда мүгедек жандар назардан тыс қалып қоя береді. Сол жандарды елеп-ескеріп, барып келдік. Арасында кәрісі, қазағы бар. Кәріс ұлтының өкіліне орыс тіліндегі Абайдың қара сөздерін, қазақ апайға қазақшасын сыйлады. Қазақ апай келмей қала ма деп уайымдап, өзі шыққалы жатқанын айтып қалды. Сондай белсенді. Басында барсам ба, бармасам ба, қажыған адамдарды көріп, көңіл-күйім түсіп кетер ме екен деп екіойлы болып отырғам. Сосын “ол жақтағы сайлаудың да әділдігін бақылау керек қой” деп келістім. Тағы бір байқаушы қосылды. Солай аралап қайттық. Ауырып отырған жандардың өзі жадырап қарсы алып жатыр. Өздерін қоғамның бір мүшесі санағанына риза. Өмірге құштар, позитив, белсенді адамдарды көрсем қатты қуанамын. Тәуелсіз байқаушы болғаны ұнап жатыр. Санитарлық талаптарға келсек, бәрі қатаң сақталған. Байқаушылар да арақашықтық сақтап, бір-бірімізден алшақ отырмыз. Одан бөлек, сайлау учаскесінің қызметкерінің бәрі қауіпсіздік щит, қолғап, маска таққан. Келушілердің температурасын міндетті түрде тексеріп барып кіргізеді. Дәретхана хлормен тазаланады, еден жиі жуылады. Осы жолы ұнағаны - кабиналардың беті ашық тұрғаны әділдікке жақындатқандай. Басында екі қағаз салып жатқанын түсінбей, дереу барып тексеріп жатқам. Сөйтсем, мәслихат пен мәжіліске беріліп жатқандықтан солай екен. Әзірге тәртіп бұзу фактілері тіркелген жоқ. Бұрын заң факультетінде сайлау туралы заңды жата-жастана оқып жүргенде сайлаудағы абсентизмнің жастар арасында басымдығын айтып, жиі талқылайтынбыз. Жастарға елінің болашағы қызық емес, саяси сауаты төмен секілді сезілетін сол уақытта. Ал бүгін сайлауда бақылаушы болып отырып байқағаным - жас сайлаушылар белсенді. Үлкен кісілер де келіп жатыр. Бірақ айтқандай, жастардың қарасы басым. Сол ұнады.
Жадыра Аққайыр