Мектеп оқушылары үшін III тоқсан 6 өңірде - 11 қаңтардан, ал 11 өңірде - 12 қаңтарда басталады. Мұндай ақпаратты ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ұсынды. Ведомство мәліметінше, ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 29 желтоқсандағы қаулысына сәйкес, сайлау учаскелері ретінде жұмылдырылған білім нысандары сайлау аяқталғаннан кейін зарарсыздандырылады. 10 және 11 қаңтар күндері дауыс беру жүргізілген аталған нысандарда тазалық жұмысы жүргізіледі. "Осыған байланысты, 10 қаңтарда дезинфекциялық іс-шаралар өткізілгеннен кейін 2020-2021 оқу жылының III тоқсаны оффлайн режимде еліміздің алты өңірінде - Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда облыстарында және Шымкентте 11 қаңтарда басталады", – деп хабарлады комитеттегілер. Республиканың 11 өңірінде – Түркістан, Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында оқу 12 қаңтарда басталады.