Академик Сұлтан Сартаев дүниеден озды
Академик Сұлтан Сартаев дүниеден озды

Бұл қаралы хабарды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі растады.

Бүгін, 13 желтоқсанда академик Сұлтан Сартаев қайтыс болды, – деп хабарлады zakon.kz.

Сұлтан Сартаев – Қазақстанның алғашқы Конституциясын жасаушылардың бірі.

Сұлтан Сартайұлы Сартаев 1927 жылы 15 қазанда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Жаңақорған ауылында дүниеге келген. 1949 жылы Алматы заң институтын, 1952 жылы Мәскеу заң институтының аспирантурасын бітірген.
С.М. Киров атындағы Қазақ мемленкеттік университетінде 1955 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін: доцент, мемлекеттік құқық кафедрасының меңгерушісі, заң факультетінің деканы, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасының меңгерушісі, осы кафедраның профессоры болып қызмет атқарып келеді. 1970 жылы М.В. Ломоносов атындағы ММУ-да «Строительство социалистической государственности и проблемы высшего органа народного представительства в Казахстане» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған.

С.Сартаевты заңгер ғалым және қоғам қайраткері ретінде тек Қазақстанда, ТМД мемлекеттерінде ғана емес, Еуропа мен Азияның көптеген елдерінде біледі. Ол екі Бүкіләлемдік конгреске белсенді қатысып, баяндама жасаған: 1980 жылы Мальтада Халықаралық саяси ғылымдар қауымдастығы (МАЮД), 1984 жылы Грекияда, 1988 жылы АҚШ-та, 1991 жылы Аргентинада, Еуропа мен Азияның жеті мемлекетінде: Испанияда 1982 жылы, ГФР-да 1989 жылы және 1992 жылы, 1993 жылы АҚШ-та адам құқығының ең маңызды мәселелері бойынша дәрістер оқыды.
Сұлтан Сартаев Қазақстан тарихындағы тұңғыш ҚР Президент Кеңесі – Республика Президенті жанындағы бас Кеңес органының 9 мүшесінің бірі болған, Президент жанындағы ҚР сотымен сотталғандарға кешірім жасау Республикалық Комиссиясының Төрағасы болды. Ұзақ жылдар бойы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің теориялық семинар жетекшісі болды.

Академиктің ғылыми жетекшілігімен 4 докторлық және 30-ға жуық кандидаттық диссертация қорғалды.
Ғалымның 490-нан астам ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектері, соның ішінде 24 монография, 30 кітапша, ғылыми және ғылыми-көпшілік мақалалары бар.
«Құрмет белгісі» және «Парасат» ордендерімен, өзге де наградалармен марапатталған.