Халыққа қанат бітіретін құндылық
Халыққа қанат бітіретін құндылық
172
оқылды

Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік концертке қатысты. Шара барысында Елбасы қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

– 1991 жылы 16 желтоқсанда арнайы заң қабылдап, бүкіл әлемге Қазақстанның тәуелсіздігін жарияладық. Біз елдігіміздің жаңа дәуірінің негізін қалап, куәгері болдық. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманын орындау мәртебесі біздің буынға бұйырғанын мақтан тұтамын, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев басқа мемлекеттер ғасырлар бойы жүріп өткен үлкен жолды Қазақстан 28 жыл ішінде өткергенін атап өтіп, еліміздің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктері туралы айтты. Елбасы, сондай-ақ мемлекет тағ­дырына деген сенім мен жауапкершілік, ха­лықтың ерік-жігері біздің ұлтымызды біріктіргенін тілге тиек етті.

– Тәуелсіздік – халыққа қанат бітіретін құндылық. Мұндай баға жетпес байлық кез келген халыққа бұйыра бермейді. Оған қол жеткізген күннің өзінде де бәрі бірдей игілігін көре алмауы мүмкін. 1991 жылдан бастап біз қанатымызды кеңге жайып, жарқын болашаққа қадам бастық, – деді Қа­зақстанның Тұңғыш Президенті.

Шара барысында Елбасы қазақстандықтардың жас буынына арнайы үндеу жасады.

– Біз сендер жақсы өмір сүру үшін барлық жағдайды жасадық. Сондықтан тек қана алға ұмтылып, биік белестерді бағындырыңдар, асқар асуларға талпыныңдар. Ең бастысы, елімізде бірлік, бейбітшілік пен келісімді сақтай біліңдер. Бұл – біздің Тәуелсіздігіміздің басты жетістігі және алдағы жеңістеріміздің кепілі, – деді ол.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті өзінің 30 жыл бойы елдің жарқын болашағы үшін қызмет ету мәртебесіне ие болғанын мақтан тұтатынын айтты.

– Тәуелсіздік жылдары мемлекетіміздің қол жеткізген жетістіктерін еселей түсу маңызды. Сондықтан барлығымыз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге болуымыз керек. Біздің ойы­мыз да бір, мұрат-мақсатымыз да ортақ. Ол –Қа­зақстанның Тәуелсіздігін нығайту, – деді Н.Назарбаев.

Сөз соңында Елбасы барша халықты тағы да Тәуелсіздік күнімен құттықтады.