Бесжылдық белес байыпталды
Бесжылдық  белес байыпталды
197
оқылды

Индустрияландырудың келесі бесжыл­дығы аясында Қазақстан технологиялық дамудың қазіргі деңгейінен «ақылды» өндіріс деңгейіне көшуі қажет. Дәстүрлі түрде өткен Индустрияландыру күні­не және «Парыз», «Алтын сапа» сыйлық­та­рының жеңімпаздарын ұлықтау рәсіміне қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай міндет қойды. 

Қ.Тоқаев халқымызды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Елбасының мықты мемлекет қалыптастырудағы және ел экономикасын нығайтудағы рөлін атап өтті.

– Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, тәуелсіздікті жариялау бір басқа, ал оны ұстап тұру одан да қиын әрі маңызды. Елбасының басшылығымен өткен 28 жыл ішінде Қазақстан орасан зор та­бысқа қол жеткізді. Индустрияландыру елдің эко­номикалық дамуының берік негізін қалып­тастырды. Бүкіл еліміз бойынша 1300-дей жаңа өндіріс орны іске қосылды. Соның нәтижесінде, соңғы он жылда өндеу секторындағы өндіріс көлемі 3 еседен астам ұлғайды, – деді Мемлекет басшысы.

Ол өңдеу өнеркәсібіне 34 миллиард дол­лардан астам тікелей шетел инвестициясы тартылғанын мәлім етті. Қазір бұл сектордағы экспорт көлемі
30 пайыздан асып, 165 миллиард долларды құрады. Қазақстанда шығарылған өнім әлемнің 120-дан астам еліне жеткізіледі.

– Индустрияландыру әлемдік дағдарыс кезінде экономикамыздың дамуына тың серпін берді. Экономиканың көптеген саласы мен секторының түрі, құрылымы біртіндеп өзгеріп келеді. Металлургия саласында рельс, сым-темірлер, радиаторлар және басқа да болаттан жасалған көптеген дайын өнім шығарыла бастады. Елімізде алюминийдің бастапқы түрін қайта өңдеу ісі ілгеріледі. Бүгінде Қа­зақстан әлемдегі титан өндіретін елдердің қатарына қосылды. Бұрын шығарылмаған титан құймалары мен қорыт­палары секілді өнім түрлерін өндіру игерілді, – деді ел Президенті.

Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, машина жасау саласын дамытуға жағдай жасалған. Бұл өндіріс көлемін 8 есе арттыруға мүмкіндік берді. Биылғы 10 ай ішінде 38 мыңнан астам автомобиль шығарылды.


Келесі 2020 жылы индус­трия­лық дамудың үшінші бағ­дарламасын іске асыру баста­ла­ды. Жаңа бағдарлама да бұрын­ғы­лары сияқты 5 жылға есеп­тел­ген. Президенттің пайым­да­уын­ша, бұл мембағдарлама эко­но­миканың құрылымдық түрлену-трансформациясының басты факторына айналуға және өзге салаларға мультипликативті әсер етуі тиіс.

– Біз жеке сектордың әлеуе­тін барынша пайдалана отырып, экспортқа бағдарланған өңдеу өнеркәсібін дамытуға бет алдық. Индустрияландырудың ІІІ бес­жылдығын жүзеге асыру кезінде алдыңғы бесжылдықтардың кем­шіліктері ескерілуі және нақ­ты қайта өңдеуші өнеркәсіп құ­рылуы қажет. Сондай-ақ бағ­дар­лама келесі міндеттерді – өң­дел­ген өнім экспортын арттыру, елі­мізде шығарылатын өнімді тех­но­логиялық тұрғыдан «күрде­лен­ді­ру», сапалы, тұрақты жұмыс орын­дарын ашу міндеттерін ше­шу­ге тиіс, – деп нықтады Қ.Тоқаев.

Индустриалдық саясаттың түп­кі мақсаты – экономиканың өсімін орнықты ету және азамат­тардың әл-ауқатын арттыру. Ел Президенті бұл үшін бізде бар­лық мүмкіндіктер барлығын баса айтты. Демек, шын ниет пен ынталы жұмыс керек.

Қасым-Жомарт Кемелұлы бес жыл ішінде, кем дегенде 200 қазақстандық компанияны то­лық цифрландыру міндетін белгіледі.

– Отандық өндірісті жаң­ғыр­тудың тағы бір өзекті және ма­ңызды бағыты – 4.0 индустрия­сын дамыту. Қазіргі уақытта осы бағытта бүкіл еліміз бойынша қа­зақстандық өнеркәсіптік кә­сіпорындарды цифрландырудың пилоттық жобалары қолға алы­нып жатыр. Барлығы 7 модельді цифрлық фабрика таңдалды. Үкіметтің алдында 2025 жылға қарай цифрлық технологияны енгізген өңдеу өнеркәсібіндегі ірі және орта кәсіпорындардың санын 200-ге дейін жеткізу мақ­саты тұр. Бұл әрине, күрделі мін­­дет. Бірақ Үкіметтің және барлық атқарушы органдардың қолынан келеді деген ойдамын. Нәти­жесінде, технологиялық дамудың қазіргі деңгейінен «ақылды» өндіріс деңгейіне өту қамтамасыз етілуі қажет. Осы­лайша, өндіріс толық автомат­тан­дырылады және роботтанды­рылады, – деп түйді Мемлекет басшысы.

Шара соңында Қасым-Жо­март Тоқаев әлеуметтік жауап­кер­шілігі жоғары бизнес нысан­дарына арналған «Парыз» рес­публикалық конкурсының же­ңімпаздарын және «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттарын марапаттады.