Сайлаудағы заңбұзушылықтардың басым бөлігі техникалық сипатта болды – Сайлауды бейпартиялық байқау орталығы

Сайлаудағы заңбұзушылықтардың басым бөлігі техникалық сипатта болды – Сайлауды бейпартиялық байқау орталығы

Сайлаудағы заңбұзушылықтардың басым бөлігі таза техникалық сипатта болды. Бұл туралы бүгін Сайлауды бейпартиялық байқау орталығының қорытынды брифингінде орталық басшысы Бану Нұрғазиева мәлімдеді.

Оның айтуынша, орталыққа әрбір нақты сайлау учаскесіндегі дауыс беру рәсімдерін сақтауға қатысты барлық ақпарат келіп түсті және оны өңдеу жүргізілді. Өңірлік байқаушылар штабтарымен жедел байланыс тұрақты негізде сақталды. «Жалпы, елдегі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан электораттың келу көрсеткіші жоғары болғанын атап өткім келеді. Ал заңұзушылықтарға тоқталсақ, олардың басым бөлігі таза техникалық сипатта болды және оның барлығын жергілікті жерлердегі сайлау комиссияларының мүшелері жедел жойып отырды», – деген орталық басшысы сайлау процесі мониторингіне қатысқан бейпартиялық байқаушылардың барлығына жоғары азаматтық жауапкершілігі үшін алғыс білдірді. Ал Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, Қазақстан кәсіподақтар федерациясы байқаушылары республикалық штабының жетекшісі Нұрлан Өтешев бейпартиялық байқау орталығының 7 мыңнан астам байқаушыны дайындағанын, сайлау кезінде әр байқаушымен байланыста болғанын тілге тиек етті. «Олардан алынған ақпарат бейпартиялық байқау орталығына жіберілді.Біздің байқаушылар 20-ға жуық заңбұзушылықты тіркеді, олардың кейбірі тексеру кезінде жалған болып шықты. Сайлауды бейпартиялық байқау орталығының алаңында Кәсіподақтар Федерациясы мен Азаматтық Альянс байқаушыларының күш-жігерін біріктіру сайлауды байқау тұрғысынан өте тиімді болды деп санаймыз», – деді ол. Айта кетейік, Сайлауды бейпартиялық байқау орталығы алғаш рет қоғамдық институт және сайлауды бақылаудың Ахуалдық орталығы ретінде құрылды. Оның платформасында Қазақстанның Азаматтық Альянсы, Кәсіподақтар федерациясы және 130-ға жуық ҮЕҰ серіктес бірікті. Ел бойынша сайлау учаскелерін бақылауды толық қамту мақсатында орталықтың 20 мыңға жуық байқаушысы, соның ішінде 1,5 мыңнан астам мобильді байқаушы қатысты.

Тұмар МЫРЗА