Экономикадағы жиырма сегіз жыл
Экономикадағы жиырма сегіз жыл
138
оқылды

Ел тәуелсіздігіне биыл жиырма сегіз жыл толды. Отыз жылға тар­та уақытта қалыптасқан эконо­ми­камыз туралы не білеміз? Жетпіс жыл бойы жоспарлы эко­номикаға бейімделген ел үшін нарықтық жүйеге бет бұру халыққа қалай әсер етіп еді, бүгін осы ту­ралы сөз етеміз. Нарықтық эко­номикаға таңдау жасау жеңіл болғанымен, оны жүзеге асыруда түрлі қиындыққа тап кел­дік. Бұл қиындықтың бір атауы – тоқ­саныншы жылдардағы тоқырау.

Бүгіндері бәрімізге жақсы таныс сырттан инвестиция тарту, валютаны тұрақтандыру, жеке секторға жағдай жасау, кәсiпкерлiктi, шағын және орта бизнестi дамыту тоқсаныншы жылдар басында да қолға алынған, тек сәтті бола қоймады. Мұны біз емес, сол кезеңнің статистикасы айтады. Жалпы iшкi өнiм деңгейi 5,3 пайызға төмендеп, 1992 жылы экономиканың барлық саласы бойынша өндiрiс көлемi күрт азайды. Өнеркәсiп өнiмдерін өндірудің құлдырау қарқыны құрылыста 40,5, саудада 17,4, көлiкте 19,4 пайызды құрады. Тоқсаныншы жылдар басындағы экономикалық дағдарыс халық тұрмысының күрт нашарлауына әсерiн тигiздi. «Рубль аймағынан» шығып, ұлттық валюта – теңгені енгiзу, дағдарысқа қарсы шаралар бағдарламасын қабылдау – 1993 жылдың еншісінде. Бағдарламаның нәтижесiнде, өндiрiстi тұрақтандыратын әлеуеттi инвестициялар өсуі тиiс едi. Алайда олай болмады. Сөйтiп, экономиканың нақты секторында болған тұрақсыздану өндiрiстiң құлдырауын ушықтырды. 1994 жылы Қазақстан өз өнеркәсiбiнiң ширегiнен астамынан айрылды. Халықаралық валюта қорына мүше болған соң ғана жағдай оңала бастады, себебі қор біздің елге дағдарысты еңсеру үшiн нысаналы несие бөлдi. Көп ұзамай Макроэкономиканы тұрақтандыру бағдарламасы қабылданды. 1998-1999 жылы Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясы қабылданды. Қазақстан бірте-бірте экономикалық өрлеу жолына түсе бастады. Жалпы iшкi өнiм өсіп, жұмыссыздық қысқарып, халықтың кедей топтарының үлесi азая түстi.

Мұнай-газ секторының өнiмi Еуразия құрлығының ондаған елiне экспортқа шығарыла бастады. Экспорт құрылымында мұнай мен газ конденсатының үлесi 2001 жылы 49,3 пайызға жетті. Өнеркәсiп өнiмiнiң жалпы көлемiнде түстi металлургияның үлесi 11 пайызға жетті. Республиканың әлем бойынша мыс өндiрудегi үлесi 2,3 пайызды құрады. Елде өндiрiлетiн темiр кентасының 70 пайыздан астамы экспортқа шығарылды. Осылай бірте-бірте экономикалық қиындықтарды артқа тастай бастадық.

Қазақстанның бір бағы – транзиттік аумақта орналасуы. Қазақстан мен Қытай арасында Достық – Алашанькоу шекаралық теміржолы, Түркіменстан мен Иран арасында Серакс – Мешхед теміржолы салынған соң Ұлы жiбек жолы бойында жаңа транзиттiк дәлiздер ашылды: Қытайдың Тынық мұхиттағы Ляньюнган, Циньдао, Тяньцзин порттарынан Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Иран, Түркия, Жерорта теңізі мен Парсы шығанағының порттарына қатынау мүмкiндiгi туды. Автомобиль жолдарының торабы ТМД елдеріне, Қытай, Түркия, Иран, Қара теңіз бен Жерорта теңізінiң, Үндi мұхиты порттарына шығуға мүмкiндiк бередi. Теңiз кеме қатынасы Каспий теңізінде Ақтау порты арқылы Ресей өзен жолдарымен Қара теңіз бен Балтық теңізіне шығады. Әуе компаниялары туралы әңгіме өз алдына бір бөлек.

Белгілі экономист Сапарбай Жобаевтың сөзімен айтсақ, Қазақстан экономикасы 28 жылда өте бір күрделі кезеңнен өтті.

– Тоқсаныншы жылдарда өте күрделі кезең болды. Бірақ 2000-2001 жылдары басталған оң өзгеріс – мұнай бағасының, басқа да шикізат өнімдерінің қымбаттауы Қазақстан экономикасының 2007 жылға дейін өсуіне мүмкіндік берді. Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, Қазақстан осы кезеңдегі мұнай бағасының қымбаттауын жақсы пайдаланған аз ғана елдердің қатарына қосылды. Шикізат өндіретін мемлекеттердің бірқатары осы кездегі баға өсімін пайдалана алмады. Мысалы, Нигерия, араб мемлекеттері, Ливия, Венесуэлада мұнай көп болғанымен, бүгінгі жағдайы аса мәз емес. Ал Қазақстан экономикасының соңғы жылдардағы өсімі – 3-4 пайыз. Бұл қалыпты және қанағаттанарлық жағдай деуге болады. Ал жалпы ішкі өнімнің көлемі мен адам басына шаққандағы табыстың 9 мың долларға жетуі өте үздік көрсеткіш, – дейді экономист.

Сапарбай Жобаевтың пікірінше, Қазақстан экономикасындағы жалпы өрлеу 2009-2014 және 2015-2019 жылдардағы индустриалды-инновациялық даму бағдарламалары жүзеге асырылған кезеңге тиесілі. Бұл жылдары өте ірі жобалар жүзеге асырылды. Бірақ мұнымен тоқтап қалмай, шағын және орта бизнесті дамыту үшін мемлекеттік меншікті тезірек жекешелендіруге өтуіміз керек.

– Бұл бағытта батыл да жедел қимыл­дауымыз қажет. Ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіпті дамытуға ден қойған ләзім. Тұрғын үй және жол құрылыстарына басымдық берілуі тиіс. Себебі біз экспорттан 60 млрд доллар пайда тапқанымызбен, оның 10-15 млрдын экспорт тасымалына жұмсаймыз. Экономикамызды дамытуға әсер ететін жаңа бағыт – қаржы жүйесі. Алматы өңірлік қаржы орталығын іске қостық. 200-ге тарта инвестициялық қор құрылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы бар. Егер Ұлттық қордағы 60 млрд доллар мен Ұлттық банктің алтын-валюта қоры мен зейнетақы жинақтау қорында жинақталған 50-60 млрд долларды ескерсек, осы қаржыны тиімді пайдалануда қаржы нарығының рөлі зор болмақ. Сондықтан банктер мен қаржылық ұйымдардың жұмысын жетілдіру экономикамызды алға жылжытуға зор ықпал етеді, – дейді ол.

Сапарбай Досжанұлы ел эконо­микасының ары қарай дамуы үшін сыбайлас жемқорлықпен күресуді күшейтуді ұсынады. Сонымен бірге мемлекеттік меншіктің көп үлесін жеке секторға беру де маңызды іс.

– Жалпы ішкі өнімде мемлекеттік меншіктің 55 пайызының болуы дамушы мемлекет үшін тым жоғары, оны 10-15 пайызға түсіру қажет. Сонда дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруге мүмкіндігіміз болады. Үшінші мәселе, инвестициялық жобалардың тиімділігін арттыру. Себебі жүзеге аспай қалған жобаларымыз бар. Осы мәселелерді шешсек, бұдан да жақсы дамуға мүмкіндігіміз болады, – дейді сарапшы.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ