Тәңір сыйы
Тәңір сыйы

Тәуелсіздік бізге оңай­лықпен келген жоқ. Ұлт­ тарихына бай­ланысты әлі күнге зерттеуді қажет ете­тін дү­ниелер өте көп. Бір ғана Абай­дың толық ада­мын дәл қазіргі идео­ло­гияға пайдалансақ, біз көп нәр­седен ұтар едік.

Патша үкіметі бізді сексеуіл әдісімен басқарған. Сексеуілді балтамен шапса, жарылуы қиын, ал өзіне-өзін ұрса тез жарылады. Қазақты бір-біріне аңдыту ар­қылы біздің өзімізді ғана емес, санамызды да құлдықта ұстаған. Осы саясатты кеңестік билік­те­гілер де пайда­ланды. Кеңес Ода­ғындағы 15 республиканың ішінде ең орыстанып кеткен ел біз едік. Бұл – шындық. Ра­сында, біздің ұлттық тарихымыз тәуелсіздік алғанға дейін Ре­сей­дің қатаң бақылауында болды. Солардың ықпалымен жазылды. Алайда қазір ол олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік бар.

Өйткені шындық пен ақиқат күндердің күнінде тарих сахна­сына шығады. Шын мәнісінде, біз қаны таза, ойы сер­гек, дүние­танымы өте терең халықпыз. Аллаға шүкір, есімізді жидық. Еңсемізді көтердік.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты жүйелі мақаласында аса көрегендікпен халықты тарихқа құрметпен қарауға және зерде­леуге, өткеннен сабақ үйренуге шақырды. Себебі әр халықтың шежіресі қаһармандыққа, же­ңістер мен трагедияларға толы, оны сол күйінде қабылдаған абзал. Ол үшін ғылыми тұрғы­дағы көзқарас қажет.

Осыдан бір жарым жыл бұ­рын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарла­малық мақаласы жа­рық­қа шық­ты. «Ұлы даланың же­ті қыры» ма­қаласындағы жо­ба­ларды «Ру­хани жаңғыру» бағ­дар­ламасының жалғасы ретінде қарастырды. «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компо­ненттері ата-баба­мыздың көп­ға­сырлық мұрасы­ның цифрлы өр­ке­ниет жағда­йында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүм­кіндік бе­реді. Төл тарихын біле­тін, баға­лайтын және мақтан ете­тін халықтың болашағы зор болады. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және бо­ла­шаққа оң көзқарас таны­ту – елі­міздің табысты болуы­ның кепілі.

Тәуелсіздік – халықтың үні, ұлттың тілі мен ділі. Тәуелсіздік – халықтың тойы, елдің тойы. Қа­лың Қазақ, алты алаш туған күн, мерейтой. Қаз тұрып, қадам басқан тәуелсіздік сәбилік тұ­сауын өміршең уақытқа кестір­ген кезден бастап, осынау 28 жыл­дың бедерінде айшылық жер­ді алты рет аттаған алып се­кілді, дәуір жалынын мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді.

Тәуелсіздік – әлмисақтан қазақ халқы үшін аса қадірлі күн. Өйткені Тәуел­сіз­дікпен бірге біз ана тілімізбен, ата дінімізбен қауыштық. Салт-дәстүріміз жаңғырды. Кешегі құбылмалы заман көшінде дін ілімін тарату емес, үйренудің өзі қылмыспен тең болды. Осындай қан мен тердің, ерік пен жігердің арқа­сында жеткен Тәуел­сіз­дігі­мізді сіз бен біз көзіміздің қара­шы­ғындай сақтауымыз керек.

Тағы бір ескеретін дүние бар, бұл дүниеде ең жаманы – бей­қамдық. Біздің өмір сүріп отыр­ған аумалы-төкпелі уақытымыз жайбасарлықты көтермейді. Сол себепті қазақ жастары тә­уел­сіздіктің құнын жете түсініп, оның ғұмыры ұзақ болуы үшін ұлтқа қалтқысыз қызмет етіп, аянбай еңбектенуі керек. Қо­­лымызда бар алтынның қаді­рін біліп, бабалар амана­тына қиянат жасамау – басты па­рызымыз.

 

Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ,
ғалым