Орталық сайлау комиссиясы 10 қаңтарда өткен Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттары сайлауында саяси партиялар жинаған дауыстардың қорытындысын жариялады.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафинаның дерегінше, "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 5,29, "Nur Otan" партиясы 71,09, "ADAL" саяси партиясы 3,57, Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясы 10,95 және "Қазақстанның Халық партиясы" 9,10 пайыз дауыс жинады.Бұған дейін "Қоғамдық пікір" ғылыми-зерттеу институты жүргізген Exit poll нәтижесі жарияланды. Парламент Мәжілісіндегі мандат үшін сайлауда Nur Otan партиясы сайлаушылардың 71,97 % дауысына ие болып, көш бастады. Сондай-ақ «Демократия институты» 10 қаңтар күні сайлау учаскелерінен шыға берісте азаматтарға сауалнама – Еxit poll жүргізді. Оның нәтижесі бойынша "Nur Otan" демократиялық партиясы сайлаушылардың 72% дауысын иеленді.