Жаныңда жүр жақсы адам

Жаныңда жүр жақсы адам

Тәуелсіздік күні қар­са­ңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақпарат және қоғамдық да­му министрлігі ұйым­дас­тырған қайырым­ды­лық­пен елге танылған жан­дарды «Жомарт Жү­рек­пен» марапаттау рәсімі өтті.

Сыйлық «Жыл меценаты», «Жыл тұлғасы», «Туған өлке», «Ерен ерлігі», «Үздік ұйым» ата­лымдары бойынша берілді.

Туған өлкесінде ірі әлеуметтік жобаларды іске асырып, аз қам­тылған, көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және ата-ана­сы­ның қамқорлығынсыз қалған ба­лаларға, мүгедектерге, соғыс ар­дагерлеріне, зейнеткерлерге өтеу­сіз көмек көрсеткені үшін «Жыл меценаты» болып Атыраулық Gaz stroy montazh KZ танылды. Аты озғандар қатарында «Ажар» балабақшасына демеушілік көмек көрсетіп, өз қаражатына мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізген Солтүстікқазақстандық Геннадий Зенченко басқаратын «Зенченко и К» шаруа қожалығы да бар.

Ал «Жыл тұлғасы» Жамбыл облысының паралимпиадалық чемпионы, жүзу бойынша халықа­ралық деңгейдегі спорт шебері Зульфия Ғабидуллинаға бұйырды. Ол өз есебінен көпбалалы, аз қам­тылған отбасыларға қайырым­ды­лық көмек көрсетіп жүр. Жезқаз­ған өңірінің Атымтай жомарты Бекзат Алтынбеков те осы ата­лымда үздік атанды.

«Туған өлке» аталымында де­меушілік көмек көрсетуге бағыт­талған әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін жеңімпаздардың бірі «Алматы менеджмент уни­вер­ситеті» ҚБ, Азаматтық альянстың президенті Асылбек Қожахметов болды. Сондай-ақ осы аталым же­ңімпазы Маңғыстау облысы­ның кәсіпкері Нұржан Еділов Рахат ауылына 295 млн теңгеге спорт кешенін салып берген.

«Үздік ұйым» аталымында 2018-2019 жылдар аралығында 46 млн теңгеге қайырымдылық жа­саған Мұқаш Искандиров басқа­ратын «Қазфосфат» ЖШС алға шықты. Сонымен қатар Айдын Рахимбаев басшылық ететін BI Group ірі инвестициялық-құры­лыс холдингі де жеңімпаз. Хол­динг Түркістан облысы, Арыс қаласында 100-ден астам қираған үйлерді қалпына келтірді. «BI – Жұлдыз-ай» әлеу­меттік жобасы үнемі қайы­рым­дылық акция­ларын өткізеді. Осы жоба аясында науқас балаларға, көпбалалы отбасыларға, көмекке мұқтаж адамдарға тұрақты түрде қолдау көрсетіледі.

Волонтерлік қызметке бел­сен­ді қатысқаны үшін «Ерен ерлігі» номинациясы бойынша сыйлық иегерлерінің бірі Арман Қасымов болды. Арман – «Өмірзақ-Сер­вис» мұнай компаниясында жұ­мыс істейді, белсенді волонтер. Ал Үкіметтік емес ұйымдарға ар­налған сыйақы жеңімпаздары қатарында Қостанай облысынан «Үміт-Надежда» тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған мүгедек азаматтарды қолдау қо­ғамы» бар. Үмітшілер 14 жыл бойы халықтың әлсіз топтарын қолдауға бағытталған 20-дан ас­там жобаны, соның ішінде арба­дағы спорттық бал билері бо­йын­ша республикалық жобаларды іске асырды. Сонымен қатар «Өмір тынысы» трансплан­та­ция­ланған науқастардың қоғамдық бірлестігі де үздіктер қатарында. Бірлестік өмір сүру ұзақтығын арттыру және сапасын жақсарту мақсатында ағзаларды транс­план­тациялаған тұлғалар арасында спорттық белсенділік бағдарл­а­ма­ларын ілгерілетумен айналысады.

Топ жарғандардың бірі «Ұлы Тағзым» қоғамдық қоры Ұлытау­дың табиғи, тарихи-мәдени және рухани мұрасын зерттеумен, сақ­таумен және насихаттауды қолға алған.

Қор тарихи-мәдени ескерт­кіш­тердің археологиялық және қалпына келтіру жұмыстарын, өңірдің табиғи, материалдық және материалдық емес мұрала­рына зерттеулер жүргізуде. «Ұлы­тау» мұражай-қорығымен бірлесе отырып, ЮНЕСКО-ның мате­риалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне (Мав­ри­кий, 2018) қазақ жылқы өсіру­шілерінің дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптарын енгізу бойынша жұ­мыс жүргізді: айғыр қосу, қымыз мұрындық және бие байлау. Қор жыл сайынғы «Терісаққан көкте­мі», «Ұлытау қымызы», «Көк­май­са», «Жезкиік» этно-фестиваль­де­рін өткізу арқылы этнотуризмді дамытумен белсенді айналысады.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ