Шығысқазақстандық азамат ерекше домбыра жасайды
Шығысқазақстандық азамат ерекше домбыра жасайды
140
оқылды

Шебер әр жұмысына апталап уақыт жұмсайды екен.

Шебер туралы алғаш Kazakh TV хабарлаған болатын. Қос бетті домбыра жасайтын Жанарбек Қазезұлын облыс түгел таниды. Бұл өнерді ол атасы мен әкесінен үйренген. Енді өзі балаларына мирас етпекші.

Қос бетті домбыралар қазір ұмыт бола бастаған. Сондықтан, әр аспапты өнер туындысына балауға болады. Домбыраның үні әуезді болуы үшін қайың мен үйеңкі ағаштарынан жасайды.

«Домбыраның қазір менде үш-төрт түрі бар. Сұранысқа ие. Негізінен балалардың домбырасы көп өтеді. басқа домбыраларды үлкен көрмелерге алады. Былтыр Өскеменде сол қолөнерден бірінші болдым жарыста», – деп ағынан жарылды шебер. Бір аспапты жасауға кем дегенде бір апта кетеді екен. Сондықтан, оған жеті жасар ұлы Есіл қолғабыс етіп жүр. Қазір жас шебер өз бетінше ағаш сүргілеп, домбыраның кей бөлігін жасай алады.

Жанарбек көршілері мен достарына домбыра сыйлауды әдетке айналдырған. Өйткені, әр үйде домбыраның қоңыр даусы шығып тұрса шебер өзін бақытты сезінеді. Балалар ұлттық аспапты жақсы көріп, оның үнін естіп өсуі керек дейді ол. Қазір Шымқораның әр шаңырағында кемі бір домбырадан бар.

Шебер өзінің домбыраларын дәулескер күйшілердің қолынан көруді армандайды. Бүгіннің өзінде оның туындыларын облыстық өнерпаздар ұстап жүр. Мысалы, жазда өткен оркестрлер шеруінде Жанарбек жасаған домбыралар күмбірлетіп күй төкті.

https://youtu.be/1xj2fIidXxA