Алматы қаласы Бостандық ауданындағы №301 сайлау учаскесіне барып, дауыс беріп, өзіміздің азаматтық міндетімізді орындадық. Сайлау учаскесінде ұйымдастыру, әсіресе денсаулық сақтау шарттары жақсы жолға қойылған. Соған разы болдық. Көлденең заңбұзушылық, тәртіпбұзушылықты байқамадық.
Бұл сайлаудың біз үшін ерекшелігі бар. Өйткені бұл сайлауға белгілі жас журналистер көп түсіп жатыр. Журналистер – халықтың үні, сөзі, тілі. Жас журналистер болғандықтан, олар батыл болады. Олар барса, Парламенттің сапасы сөзсіз көтеріледі. Өйткені журналистер онсыз да жаяу жүрген саясаткерлер. Ал Парламент қабырғасына олар халық өкілі ретінде барады да, ылғи халықтың сөзін айтып отырады. Жаңа сайланған депутаттарға аманатымыз бар. Ол аманатымыз – өткен 30 жыл бойы Парламент заңдарды қазақ тілінде емес, мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде қабылдады. Бұл, әрине үлкен келеңсіздік еді. Парламенттің жаңа құрамы осы келеңсіздіктен құтқарар деген үмітіміз бар. Сайлауда Алматы халқы айтарлықтай белсенділік танытпады, оған ешкім кінәлі емес. Оның себебі Алматы халқын саясаттанған халық деп түсіну керек. Саясаттанған халық көп жағдайда сынға бейім тұрады. Кеше біз сын айтатын саясаткерлер, зиялы қауым және қарапайым азаматтар Алматыда жетерлік екенін көрдік деп ойлаймын. Жаңа Парламент халықтың жағдайын көтеруге барын салу керек. Бұл Президентке де, Үкіметке де қатысты. Сонда жалпы билікке, қазіргі қоғамға көңілі толмайтындардың қатары азайған болар еді.Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері