– Биылғы сайлаудың жөні бұрынғыдан өзгеше. Себебі халық әлемдік қиын жағдайға қарамастан тағы бір рет біртұтастығы мен бірлігін көрсетті. Үгіт-насихат жұмысы кезінде тұрғындармен тілдесіп, бұқараның мұң-мұқтажына құлақ түрдім. Сондағы аңғарғаным – халықтың құқықтық санасы мен таным-түсінігі кеңейген. Күні кешегі сайлауда бұқара осы татулығымызды биік қойып, тұрақтылық пен тыныштығымызға таңдау жасады. Дауыс беру көрсеткіші көрсеткендей «Nur Otan» партиясы қара халықпен әрдайым бірге көшбасшы партия екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Өзім де Қазақстан азаматы ретінде дауысымды сенім артатын партияма бердім. Сол партиямен бірге елімізді дамудың даңғыл жолына бастап, болашақтың іргетасын бірге қаласам деймін. Халықаралық және отандық тәуелсіз байқаушылар барлағандай сайлау ашық, әрі әділ өтті. Барлық партияға теңдей құқық беріліп, өкілдеріне қажеттінің бәрі жасалды. Бұл біздің елімізде құқықтық теңдік салтанат құрып тұрғанын дәлелдеді. Ел тарихындағы айтулы сайлау кемел келешегіміздің кепілі болады деп сенемін.
Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ, «Қазфосфат» ЖШС директоры, Қазақстанның Еңбек Ері