Елдің, халықтың, өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамның өміріне тікелей қатысы бар сайлау сынды оқиғаның әрбір саналы азамат үшін орны бөлек. Дана халқымызда «Бірлік болмай, тірлік болмайды» деген мағынасы өте тереңде жатқан қанатты сөз бар. Дәл осындай бүкілхалықтық таңдау жасау, көпшілік болып өзіміздің азаматтық борышымызды орындау арқылы біздер өзіміздің бір екенімізді, жұмылған жұдырықтай зор күш екенімізді көрсете аламыз. Еліміздің қоғамдық өміріне етене араласып жүрген жеке өзім үшін – сайлауға қатысып, ел игілігі үшін өз дауысымды беру, оның одан әрі алға сәтті қадам басып, дамуына үлес қосу зор құрмет. Біздер аға буын өкілдері, ел мүддесінен артық еш нәрсе жоқ екенін, жастарға өзіміздің нақты істеріміз арқылы көрсете білуіміз керек деп білемін. Елімізде тұратын әрбір жанның дауысы, пікір-пайымы, қоғамды алға жетелейтін, оған тың әрі игі өзгерістер алып келетін ұсыныстары біздер үшін аса бағалы. Дауыс берудің бар әлем жұртшылығына салмағын салып отырған пандемияның ауыр кезеңінде өткеніне қарамастан, біздің елдің тұрғындары азаматтық борышын лайықты түрде орындағанын зор сеніммен айта аламын. Сайлауда қажетті дауыс жинап, жеңіске жеткен партия өкілдері алдағы уақытта ел үмітін ақтап, халықтың күнделікті өмірдегі өзекті мәселесін шешу жолында аянбай еңбек етеді деп сенемін. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аталып өтетін бұл тарихи жылды тың өзгерістермен бастадық. 2021 жыл еліміз үшін тек жақсылық алып келсін.
Мейрамбек ҚИЫҚОВ, Ақмола облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» ҚБ төрағасы