Сайлаудың мәні де, мазмұны да өзгеше...

Сайлаудың мәні де, мазмұны да өзгеше...

Тәуелсіз Қазақстан тари­хын­­дағы 8-ші парламенттік дода өз мә­ресіне жетті. Оның қоры­тындысында VII шақы­рылымдағы жаңа депутаттық корпус жасақталуда. Неге 7-ші? Өйткені отандық пар­­ла­ментаризмнің жаңа тарихы 1995 жылдан басталады: сол жылы қабылданған жаңа Ата Заңға сәйкес, Қазақстанда қос па­ла­тадан тұратын кәсіби Пар­ламент қалыптасты. Оған дейін жал­ғыз палатадан құ­ралған, әрі тек жалпы оты­рыс­тарға ға­на жина­латын кеңес­тік үлгідегі Жоғарғы ке­ңес жұмыс істегені мәлім.

Бұл сайлаудың бес ерекшелігі

Халықаралық және отандық сарапшы­лар мен саясаттану­шы­лар­дың ортақ бай­ламынша, бұл жолғы сайлау, шынында бұрын­ғылардан ерекшеленді. Жаңа үрдіс-тенденция­лар бой көрсетті. Біріншіден, 16 жыл ішінде алғаш рет Мәжіліс сайлауы уақытынан бұрын емес, өз мер­зімінде өтіп отыр. Әйтпесе, ал­дың­ғы сайлау­лардың бәріне «кезектен тыс» де­ген айқындауыш жалғанатын. Екіншіден, қазақ тарихында тұң­ғыш рет жалпыұлттық сайлау пан­демия және карантин аясында ұйым­дастырылды. Тиісін­ше, қауіп­сіздік мәселесі, яғни сай­лау­­шылар­дың коронавирус індетін жұқ­тыр­мауы бірінші орынға қо­йылды. Ал үгіт науқанында пар­тиялар өз бағ­дар­ламасын ақпарат құралдары, әлеу­меттік желі, ин­тернет, сондай-ақ ауыл-аймақтар­дағы шағын кез­десулер арқылы елге түсіндіруге күш салды. Үшіншіден, бұл сайлау әйел­дер мен жастардың мүмкіндігін кеңейт­ті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастама­сымен сайлау және партиялар туралы заң­дарға өзгеріс енгізіліп, пар­тиялық тізім­дер­де нәзік болмыс иелері мен жас ұр­пақтың жасы 35-ке жетпеген өкіл­деріне 30 па­йыз­дық квота берілді. Төртіншіден, «Nur Otan» пар­тиясының ұйымдастыруымен 17 тамыз бен 3 қазан аралығында Қазақстан тарихында тұңғыш рет кең ауқымды, барлық өңірлерді теңдей қамтыған праймериз – пар­тияішілік сайлау өтті. Яғни, көш­басшы партия ашық саяси бә­се­ке­лестікті қамтамасыз ететін, аза­мат­тық қоғамның саяси про­цес­ке белсенді қатысуына жаңа өріс аша­тын тың тәжірибені ен­гізді. Бесіншіден, бәйге жолына тұр­ған бес партияның екеуі атауын өзгертіп, ребрендинг жасады. Тұтастай алғанда, шетелдік және отандық байқаушылар бұл сайлауды ашық, әділ, жария, ты­ныш әрі қауіпсіз өтті деп бағалау­да. Ал Денсаулық сақтау министр­лі­гі­нің дерегіне жүгінсек, сайлау, со­ның ішінде үгіт-насихат нау­қаны мен дауыс беру үдерісі елде КВИ ах­уа­лының нашарлауына соқтыр­мады.

Жеңіс тұғырында – үш партия

Сонымен, Орталық сайлау комиссиясы 10 қаңтарда өткен Парламент Мәжілісі және мәсли­хаттар депутаттары сайлауының алдын ала қорытындыларын жа­риялады. Ең алдымен, яғни дауыс беру аяқтала салысымен, ОСК аса маңызды бірінші көрсеткішті – сайлаушылардың дауыс беруге келуінің (явка) нәтижелерін хабар­лады. Осы мақсатта 2021 жылғы 10 қаңтарда ашылған 10 мың 60 сайлау учаскесінде (оның 66-сы 53 шетел­дік мемлекетте орналасты) дауыс беру негізінен сағат 20.00-де аяқтал­ды. Тек сағат белдеулерінің өзге­шелігіне орай 5 өңірде – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызыл­орда және Маңғыстау облыстарын­да дауыс беру астана уақыты бо­йынша сағат 21.00-де аяқталды. 10 қаңтарда сайлау бюлле­тень­дерін тізімдерге енгізілген сайлау­шы­лардың жалпы са­нының 63,3%-ын алды. Өңірлер бойынша дерек­терге жеке тоқ­талсақ, Солтүстік Қа­зақстан облы­сында сайлаушы­лардың – 75,5%-ы, Қызылорда облысында – 73,9%, Алматы облы­сында – 73,5%, Ақмола облысында – 72,8%, ШҚО-да – 72,4%, Жамбыл облысында – 72,2%, Қостанай облысында – 71,8%, Павлодар облысында – 71,3%, Қарағанды облысында – 70,7%, Түркістан облысында – 65,8%, БҚО-да – 62,4%, Ақтөбе об­лысында – 58,8%, Атырау облы­сында – 56,4%, Шымкентте – 56,5%, Маңғыстау облысында – 55%, Нұр-Сұлтан қаласында – 45,1%, Алматы қаласында 30,3%-ы дауыс берген. Ал 11 қаңтарда Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депу­тат­тарының кезекті сайлауы­ның алдын ала қорытындыларын да жария етті. Осылайша, 10 қаңтарда өткен партиялық тізім­дер бойын­ша сайланатын Пар­ламент Мә­жілісі депутаттарының сайлауында сайлаушылардың дауысы былайша бөлінді: «Nur Otan» партиясына – 71,09%; «Ақ жол» демократиялық партиясына – 10,95%; «Қазақстан Халық пар­тиясына» – 9,10%; «Ауыл» халықтық-демокра­тиялық патриоттық партиясына – 5,29%; ADAL саяси партиясына – 3,57%. Мұның ішінде 7%-дық шек­тен өте алған үш партия – «Nur Otan», «Ақ жол» және ҚХП Мә­жілісті қалыптастыратын бо­лады. «Ауылға» осы қатарды толық­тыруға небары 1,8 пайыздай ғана жетпей қалды. Ортсайлауком шетелде дауыс берген қазақстандықтардың қан­дай таңдау жасағанын кешірек айтады. Дегенмен ол осы нәти­желердің көп өзгеруіне әдетте ықпал етпейді. «Бұл сайлауда жетекші «Nur Otan» партиясының мерейі үстем боларына, оның басым да­уыс­пен жеңеріне пессимистердің өзі күмәнданбаған шығар. Ендігі ең қызығы – жеңіс тұғырына кө­теріл­­ген үш партияның бюро оты­­рыста­рын өткізуі болмақ. Сон­да депу­таттық мандат әр пар­тияда нақты қандай тұлғаларға бе­рілгені, яғни жетінші шақыры­лымдағы Пар­ламент Мәжілісі депу­тат­тарының тізімі белгілі бо­лады», – дейді белгілі саясат­танушы Максим Казначеев. Атап өтер жайт, «Nur Otan»-ның партиялық тізіміне – 126, «Ақ жол» партиясы – 38, ал «Қазақстан Халық партиясы» тізімінде 113 үміткер болды.

Айхан ШӘРІП