Жаңа Үкіметтен не күтеміз?

Жаңа Үкіметтен не күтеміз?

Сайлау аяқталды. Ендігі күтетініміз – Мәжілістің жаңа құрамының жасақталуы. Заңға сәйкес, сайлау біткен соң қазіргі құрам отставкаға кетеді. 15 қаңтарда Президент Тоқаев Парламентте Мәжілістің  жаңа құрамына Үндеу жасайды. Әзірге сарапшылардың жаңа құрамнан не күте­тініне байланысты жасалған сауалнамамызды назар­ларыңыз­­ға ұсынамыз.

Талғат ҚАЛИЕВ, саясаттанушы:

Жұмыс жандана түседі

– Депутаттық корпус түгелдей жаңарады. Әрі партиялық тізімге жастар мен әйелдерге арналған 30 пайыздық квота енгізілгендіктен, бұл да тізімді өзгертеді. Жаңа өкіл­дік органдардың құрамынан ша­қырылым сайын орындыққа жай­ғасатын көптеген депутатты көр­мей­міз. Демек, көп жаңа есім пайда болады. Шамамен болжам жасап көрсек, жартысына жуығы жаңаруы мүмкін. Санына байланысты болған өзгерістер міндетті түрде сапаға да әсер етеді. Мәжілісте күш балансы да өзгеріп, фракциялар мен олардың арасындағы қарым-қатынастың әдеттегі тәртібі де бас­қаша бола түседі. Жаңа депутат­тар келсе,  жұмыс та жанданады. Ал желідегі танымалдыққа бойы үй­реніп қалған халық қалаулылары аудиторияларынан тақырыптар алуын жалғастырады. Ал Үкіметке жұмыс істеу қиындайды. Пар­ламентке бару министрлерге ғана емес, Министрлер кабинетінің жетекшілігі үшін де күйзеліс сына­ғына айналады. Өйткені ыңғайсыз сауалдар тым көбейеді, бюджетті де тереңірек зерттей бастайды. Бұл болса, барлық шенеунік ап­паратына бақылау күшейіп, соңын­да атқарушы биліктің жұмысының тиімді іске асуына жол ашылатынын білдіреді. Жергілікті мәслихаттарға өз ресурсы арқылы бір депутаттық мандатты күшейтуге қабілетті партиялар келеді. Осылайша, мәсли­хаттар әкімшіліктің қосым­шасы болмай, мығым бола түседі деп үміттенеміз. Партиялар үшін танымалдығын арттырып, бес жыл­дан кейін мәжіліске жол сала­тын маңызды әрі тиімді құрал еке­нін айта кету керек. Яғни, Мәжіліс пен мәслихаттың шақырылымы қызықты әрі шулы болады деп ойлаймын. Бауыржан ЫСҚАҚ, экономист:

Үш бағытқа баса назар аудару керек

– Заң бойынша, Парламент сай­лауынан кейін Үкімет тара­тылып, жаңадан жасақталатыны белгілі. 2021 жылдағы басты артық­шылық пандемияның Қазақстанға тигізген кері әсерінен сабақ алуға бағыт­талуы керек. Яғни, қандай бағыттар экономикалық тұрақты ете алды, қайсысының пайдасы жоқ екенін көрдік. Сол тұрғыдан алғанда, мем­лекеттің мынадай үш түрлі бағытта дамығаны дұрыс деп ойлаймын. Сонда ғана шикізатқа тәуелділіктен арылып, экспорттық потенциалды арттыруға болады. Біріншісі, ауыл шаруашылығын дамыту. Өйткені қазірге дейін бұл салада бәсекеге қабілетті тауарлар шығаратын салаға айнала алмай келеді. Біздің түрлі мемлекеттік бағдарлама нәти­жесін берген жоқ. Сол үшін ауыл шар­уа­шылығын толыққанды дамы­туға мүмкіндік беретін субси­диялар көлемін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару­шыларды салықтан босатып, несиелерді кешіру қажет. Мысалы, Қырғыз мемлекеті ауыл шаруа­шылығын экономиканы дамыта­тын басты драйвер деп есептеп, сол арқылы қарқынды дамып келеді. Тіпті, осы елде басқа саладағы бизнес­мендер­дің өзі ауыл шаруа­шылығына ақша салғанды құп көреді. Себебі бұл – тез пайда әке­летін сала. Мәселен, мал не егінмен айналысқысы келе­тіндерге мемле­кет толыққанды кө­мек көрсетіп, қайтарымсыз грант­тар, төмен­детілген несие бер­гені жөн болады. Мынаны қараңыз, Петропавл қаласы астықтың отаны саналады. Бірақ ол жердегі бидай­дың бағасы батыс­тағы бидайдан қымбат. Қандай парадокс?! Неге? Өйткені механизм жоқ. Сондай ол­қылықтар орын алмас үшін ауыл шаруа­­шылығына мемлекет тарапы­нан бөлініп жат­қан қаражат қара­пайым халыққа қолжетімді болуы керек. Минист­рлік тарапынан жұ­мыс ашық жүр­гені дұрыс. Екінші бағыт – отандық азық-түлік тауар­ларын жол­ға қою. Себебі пандемия кезін­де көршілес Өзбекстан, Ресей, Бела­русь сынды елдердің импорты­на тәуелді болып, қанша қара­жатымызды сыртқа ке­тір­дік. Ішкі сұраныс пен адамдарды жұмыспен қамтамасыз етудің тиімді жолы – ірілі-ұсақты қалаларда сол аймақты қамтамасыз ететін қор пайда болуы керек. Оған логистика қажет. Осыны жолға қойсақ, азық-түлікпен әр аймақ үздіксіз қамта­масыз етіледі. Үшіншіден, жеңіл өнеркәсіпті дамыту керек. Бүгінде біз қолданатын тұтынушылық тауарлардың небәрі 20-25 пайызы ғана елде өндіріледі. Қалғаны – импорттан. Міне, осы жерде бәсеке керек. Біздегі бір кемшілік – мысал ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігін алсақ, экспортқа ұн, ет шығаруға тырысады. Ал одан ел экономикасына келетін пайда көп емес. Бар болғаны белгілі бір тұлғалардың бизнесін дамытуға мүмкіндік береді. Одан жұмыс орны көптеп ашылып, қосымша кіріс кіріп жатқан жоқ. Әрі шикі­затты ешқандай дайын өнімге айнал­дырмай, сыртқа шығарудың ең қарапайым жолы. Бұдан мемле­кет ештеңе ұтпайды. Сол үшін осыған дейінгі экспортқа шығару бағытын азайтып, отандық тауар­ларды көптеп шығаруды заңмен қадағалаған жөн болады. Министр­ліктерге осындай талап қою қажет. Сыртқа шығарған өнімнен түсетін пайданы үлкен олигархтар мен бірнеше компания ғана көреді. Міне, осы үш бағытты жаңа Үкімет алға тартса, ұлттық қордан бөлінген қаражат дұрыс жұмсалар еді. Дос КӨШІМ, сарапшы:

Экономиканы пандемия жағдайында жұмыс істеуге ыңғайлау қажет

–  Біріншіден, Үкімет жаңармай­ды, сол күйінде қалады. Тек Үкімет­тегі адамдар өзгереді. Бір министр­ліктің орынбасары басқа министр­лікке министр болып барады немесе бір министр агенттіктің бас­шысы болады дегендей. Бұл Үкі­меттің тарауы да, жаңа Үкіметтің жасақ­талуы да емес. Бұл – ротация деп аталады. Екіншіден, «жаңа» Үкімет те бұрынғы Президент ап­параты­ның нұсқауымен, солардың алдына қойған мәселелерін шешу­мен айналысады. Үкімет – атқару­шы орган, олардың жұмысы жо­ғарыдан тапсырылған мәселелерді жүзеге асырумен шектеледі. Ең бастысы, карантиннің салдарынан аса қиын жағдайға түскен эко­номика­лық, әлеуметтік мәселелерді шешуге ба­ғытталған нақты жоба­лар, іс-әре­кеттер керек. Эко­номика­ны қалпы­на келтіру не пан­демия жағдайында жұмыс іс­теуге ыңғайлау қажет. Би­лік пен қо­ғамның арасындағы сенім азай­ған уақытта, қоғам тарапынан қол­­даудан гөрі сын басым болып тұр­­ғанда бұл жобаларды халыққа тү­­сіндіру де оңай емес. Демек, идео­логиялық жұмыс та алғашқы орын­ға шығады.

Дайындаған Жадыра АҚҚАЙЫР