Әкімнің орынбасары құлағалы тұрған үйге түнеуге мәжбүр болды
Әкімнің орынбасары құлағалы тұрған үйге түнеуге мәжбүр болды
234
оқылды

Шенеунік бұл қадамға тұрғындарды тыныштандыру үшін барған.

Алматы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев қаланың Зерделі-6 ықшам ауданындағы қисайған үйге түнеп шыққан. Құлағалы тұрған үйде қонуға оны тұрғындар көндіріпті.

« Адамдар үй құлап кетеді деп қорқады. Мен оларға үйдің қисайғанын, бірақ құламайтынын айтып түсіндірмек болдым. Сондықтан тұрғындарды басқа жаққа көшірудің қажеті жоқ екенін де жеткіздім. Олар маған осындай үйде түнеп шыға аласың ба деді. Мен жататын жер болса қонуға дайын екенімді айттым. Жарты сағаттан кейін сегізінші қабаттағы бір пәтерде бос орын бар екенін айтты. Мен сонда қонып шықтым. Түн тыныш өтті. Ешқандай оқыс оқиға болған жоқ», – деді Мұхит Әзірбаев.

Естеріңізге сала кетейік, Зерделі-6 ықшам ауданында орналасқан № 179 үйдің тұрғындары ғимараттың қисайып кеткенін айтып шағымданған болатын. Олар Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа арыз жазған. Тұрғындар есіктері жабылмайтынын, қабырғаның жарылып, темір тордың қисайып кеткенін айтқан. Әкімдіктегілер тексерістен кейін ондай кінараттың барын, бірақ оның болмашы ғана ауытқу екенін жеткізген. Сондай-ақ шенеуніктер үйдің іргетасын бекітіп, ғимаратты түзетеміз деп сендірді. Алайда тұрғындар үйде қалуға қорқатынын айтып, кіруден бас тартқан.

Естеріңізге сала кетсек, аталған тұрғын үй «Қолжетімді баспана» бағдарламасының аясында 2013 жылы қолданысқа берілген. Тоғыз қабатты ғимаратта 72 пәтер бар.