Бәрі де алғашқылар...

Бәрі де алғашқылар...

Сайлау науқаны – қызық та күрделі процесс. Мұны біз сай­лаудың басы-қасында жүрген­дердің әңгімесінен байқадық. Әрі сайлау күні алғаш рет дауыс беріп, байқаушы, комиссия мүшесі сияқ­ты жауапты қызметте жүргендер мән-жайды түсіндіріп берді. Олар­дың сөзіне сүйенсек, биыл сайлау­шылар белсенді. Біршама жасқа келсе де, алғаш рет дауыс берген­дер көп екен. Жалпы, халық сай­лаушы ретінде құқығы мен міндетін толық орындауға тырысқан.

Алматы қаласында халық сай­лауға салғырт қараған. Шаһардағы №532 сайлау учаскесінде бай­қау­шы болған Мадияр Арыстанбаев түске дейін барлық сайлаушының 7%-ы ғана дауыс бергенін айтты. Ал ауыл-аймақта, солтүстік өңірлерде жұрт сайлауға ынта-шынтасымен қатысқан. Туғанай МҰРАТҚЫЗЫ, жас сайлаушы:

Сайлаудан сыйлық алдым

– Жалпы, сайлау жайлы біле­тінім аз. Тек партия сайлауы бо­лып жатқанын білдім. Әлеуметтік желіде жүрген үгіт-насихат арқы­лы таңдауымды жасадым. Шиелі ауданы Еңбекші ауылындағы №297 сайлау учаскесіне сағат 10-да бардым. Бұл – менің алғашқы сайлауым. Сол үшін аздап қобал­жыдым. Дауыс беріп болған соң комиссия мүшелері ең жас сай­лау­шы ретінде сыйлық берді. «Сай­лауға ерте барғандарға сый­лық береді» дегенді еститінбіз. Ал жас сайлаушыларға сыйлық бере­тінінен хабарсызбын. Бай­қауымша, барлығы ережеге сай өтті. Адамдар лек-легімен келіп, дауыс беріп жатты. Өз басым ал­ғаш рет дауыс бергеніме, азамат­тық таңдау жасағаныма қуаныш­тымын. Өйткені біздің дауысы- мыз – еліміздің болашағы. Қанат БАЙҰЗАҚОВ, сайлаушы:

Учаскеге таңмен таласа бардым

– Жасым 27-де болса да, ал­ғаш рет сайлауда дауыс бердім. Бұған дейін түрлі себепке бай­ланысты сайлауға қатыса ал­мадым. Бұл жолы өзімнің туған қа­лам Кентауда болуым әсер ет­кен болар. Ұялы телефоныма ха­барлама келген соң  дауыс беруге бардым. Таңғы сағат 7-де №53 сайлау учаскесіне Әнұран ойнал­ған соң алғашқы болып дауыс бер­дім. Комиссия мүшелері таң­ғалып, алғашқы дауыс беруші деп қол шапалақтап, алғысын біл­дірді. Ал таңдау жасағанда белгілі бір факторлар әсер етті. Бала кезден ауылда өскендіктен болар және қазақ спортының дамуына ерек­ше үлес қосқан журналист Несіп Жүнісбайдың партия құра­мын­да болуы сайлауда дауыс беру­ге құлшындырды. Нұрбол АРНАБЕК,  сайлау комиссиясының мүшесі:

Жауапкершілігі жоғары міндет

– Комиссия мүшесі болған қиын әрі қызықты міндет екен. Мұндай жауапкершілік алғаш рет жүктелген соң аздап толқыдым.  Таңғы сағат 6-да № 694 сайлау учаскесіне келдік. Сағат 7-де дауыс беру басталды. Барлығы 1 сайлау жәшігі тұрды. Қайталап ауыстырғанымыз жоқ. Шамамен 900 адам дауыс берді. Меніңше, сайлаушылардың арасында жас­тардан гөрі орта жастағылар ба­сым болды. Бар қызық бюллетень­дерді санайтын тұста басталды. Дауыс санау  түнгі 2-3-ке дейін жалғасты. Ал нәтижесінен дүйім ел хабардар. Мадияр АРЫСТАНБАЕВ, байқаушы:

Жастар белсенді дауыс берді

– Осыдан бірнеше жыл бұрын байқаушы болуға ұсыныс түскен. Сол уақытта Шығыс Қазақстан облысында лицейде мұғалім едім. Белгілі бір себепке байланысты байқаушы болудан бас тарттым. Осы жолы Алматы қаласында байқаушы болуға ұсыныс түсті. Келістім. Алма­ты­дағы №532 сайлау учаскесінде таңертең сағат 7-ден күндізгі сағат 3-ке дейін байқаушы қызметін ат­қардым. Ол учаскеде 2 456 адам бол­ған екен. Түскі сағат 2-ге дейін сай­лаушылардың 7-ақ пайызы кел­ді. Байқағаным, 60 жасқа дейін­гі кісілердің сайлауға дауыс бе­рудегі қателігін жиі байқадым.Мә­селен, әйел адам жаныма ке­ліп, «екі партияға дауыс беруге бола ма?» деп сұрағанда таңғал­дым. Қайда салатынын, қалай бел­гілейтінін білмегендер кездес­ті. Халықтың қарапайым ғана ере­желерді білмегені таңданыс ту­дырды. Содан кейін аталған сай­лау учаскесінде жастар белсен­ді дауыс берді. Жастардың таңдау жасағанына, белсенділік таныт­қаныма қуандым.  Жалпы ал­ғанда, ешқандай құқық­бұзу­шылық, дауыс ұрлау, бюллетень­дерді жәшікке уыстап тастау дере­гі тіркелген жоқ. Мақпал МЫСА, депутаттыққа кандидат:

Өзгеріске елдің ынтасы зор

– Бұл сайлау – бұрынғыдан көп жағынан өзгерек. Мен үшін сайлау науқанына қатысудың өзі үлкен мектеп болды. Партияның өзі іштей түбегейлі реформаға шын кіріскенін сезіндік, көрдік. Бұл  сайлаудан байқалған ең бас­ты мәселенің бірі – ел тағдыры қа­зақтілді аудиторияда екенінің анық байқалғаны. Жалпы, барлық партияның бағдарламасында руха­ният пен мәдениеттің айтыл­уы – бұл да елдің сұранысы мен тала­бының сапалық жаңа дең­гейге көтерілгенін көрсетеді. «Nur Оtan»-ға елдің сенім біл­діруі – сырт көзге оп-оңай, қа­лып­ты нәрсе сияқты көрінуі мүм­кін. Алайда бұл жеңістің артын­да қаншама жанкешті еңбек­тің жатқанына шын куә болдық. Праймериз кезінде де, сай­лауалды науқан кезінде де бү­кіл республика бойынша әр аудан мен ауылдарға барып, аралап шықтық. Халыққа бағдар­лама­мыз­ды түсіндіріп, сұрақтарына жауап бердік. Өзгеріске елдің ынтасы зор. Ең бастысы, сенім білдірді. Ал бұл бағдарламаның  тиянақты, сапалы, дәйекті, се­німді болуының басты себебі – партияның қаншама жыл бойы жасап келе жатқан жұмысы, тәжірибесі екені дау келтірмейді. Ол – ауыл-ауылдағы, қалалардағы қарапайым қызметкерлердің, дәрігерлердің, мұғалімдердің маң­дай терімен келген еңбегінің нәти­жесі. Бұл жеңіс – сол мил­лиондаған еңбек адамдарының жеңісі. Баршамызға құтты бол­сын!

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ