Шетелдік байқаушылардың бағасы қандай?
Шетелдік байқаушылардың бағасы қандай?
109
оқылды

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезекті сай­лауын халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден келген 398 байқаушы бақылады. Екі жыл бұрынғы Пре­зидент сайлауында мыңнан астам шетелдік байқаушы жұмыс істегенін ескерсек, COVID-19 пандемиясы саяси науқанға да өз түзетуін ен­гізгенін мойындаймыз. Десе де, саннан сапа маңызды: мың­­ның айтқан бір пікірінен жүз адамның түрлі пікірі бағалы болса керек.  

Күні кеше мәреге жеткен сай­лауды 10 халықаралық ұйымнан келген 322 адам бақылады. Оның ішінде ТМД елдерінен кел­гендердің үлесі басым. Мысалы, ТМД Парла­ментаралық Ассам­блеясы – 48, ТМД ұйымы 179 өкіл жіберген. Ислам ынтымақтастық ұйымы – 4; ЕҚЫҰ демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро­сы – 42; ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблея­сы – 9; Шанхай ынтымақтастық ұйымы – 15; Түркітілдес мемле­кеттердің ын­тымақтастық кеңесі – 7; Ұжым­дық қауіпсіздік туралы шарт ұйы­мының Парламенттік ассамб­лея­сы – 7; Түркітілдес елдердің пар­ламенттік ассамблеясы – 9; Еуропа одағының Қазақстандағы өкілдігі 2 байқаушыға сенім ар­тыпты. Ал қалған 76 бақылаушының халықаралық ұйымдарға қатысы жоқ. Олар Иордания, Қырғыз Респуб­ликасы, Мальдив, Молдова, Түркия, Әзербайжан, Армения, Индонезия, Өзбекстан, Ресей, Румыния, Үн­дістан, Филиппин, Венгрия, Ис­пания, Норвегия, Франция, Швей­цария, Польша, Чехия, Италия, Эстония, Украина, Германия, Бель­гия, Палестина, Ұлыбритания, Моң­ғолия, Шве­ция, Канада, Финляндия сияқты мемлекеттерден келді.

Қазақстан қауіпсіз сайлау өткізудің үлгісін көрсетті

Қанша адам болса, сонша пікір қалыптасатыны заңды. Шетелдік бай­­­­­қаушылар пікірі де екіге жа­рылды. Бірі сайлау барысында бірде-бір кемшілік таппадық десе, екінші топ ескертуін естіртіп айтты. Десе де, бүгінгідей пандемия кезінде сайлау учаскелерін дауыс беруге жоғары деңгейде дайын­дағанымызды оң бағалағандар басым болды. Мысалы, Германия сыртқы сауда және фе­дералды қауымдастығының эконо­микалық даму кеңесшісі Урс Ункауф Қа­зақстан пандемия кезінде қауіпсіз сайлау өткізудің үлгісін көрсетті деген пікірде. «Нұр-Сұлтан қаласындағы бір­неше сайлау учаскесінде байқаушы болдым. Байқағаным, Қазақ­стандағы сайлау ұлттық заңнамаға және халықаралық стандартқа сай өтті. Барлық дауыс берушіге тең құқық берілген. Адамдар бір орын­да көп шоғырланбауы үшін барлық шара қарастырылған. Қазақ­станнан бөлек, шетелде өткен сай­­­­лауларда байқаушы болдым. Ол кезде әлемде коронавирус індеті жоқ еді. Сондықтан арақа­шық­тықты сақтау, бетперде тағу мін­деттелмеді. Қазақстан бүкіл әлемге пандемия кезінде қауіпсіз сайлау өткізудің үлгісін көрсетті. Мен барған сайлау учаскелерінде санитарлық талап­тар қатаң сақ­талды», – деді. Польшалық байқаушы өзге посткеңестік мемлекеттермен са­лыстырғанда Қазақстандағы жүйе мен тәртіпті ерекше бағалады. «Мысалы, Украина мен Бе­ларусь елдеріндегі сайлауды айтуға болады. Ал сіздерде жүйе мен тәр­тіп және ел тұрақтылығы ба­қы­ланады. Сондай-ақ сайлау про­це­сін қазақ­стан­дық­тармен қатар, халықаралық бай­қаушылардың қадағалап жат­қанын да айтқан жөн», – деді Польша Сеймнің депутаты Томаш Ленц. ТМД Парламентаралық ас­­самблеясы өкілі Олег Цепкин сай­­лау­ға жастардың белсенді қатысқанын байқапты. Ал Өзбек­станның Олий Мажлисінің заң шығару палатасы сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл және сот-құқықтық мәселелер коми­тетінің мүшесі Адхам Шадманов әйелдер мен жастар үшін енгізілген квотаның тиімділігіне мысал кел­тірді. «Кей экономистер Парламент жастар мен әйелдерге толы болады деп болжайды. Шындығында, квота бойынша қабылданған өз­геріс оң нәтиже береді. Бізде 8 жыл бұрын белгіленген квота өз нә­тижесін бер­генін айтқым келеді. Қазір біздің Парламентте әйелдер үлесі – 33%. Сонымен бірге мұн­дай жас Пар­ламентті ешқашан көрген емеспін – жасы елуден ас­қан депутаттардың үлесі 20% ғана», – деді. ҰҚШҰ Парламенттік ассамб­леясынан келген Умахан Умаханов бір күнде 49 сайлау учаскесіне бар­ғанын, оларда бірде-бір заң бұзу тіркелмегенін айтты. «Сайлау жо­ғары деңгейде ұйым­дас­ты­рыл­ды. Осынау күрделі уақытта Қазақстан сайлауды қалай ұйым­дастырғанын көрдік және өзге елдер де қазақ­стандық тәжірибені қолданады деп ойлаймын», – деді ол.

Ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған пандус болған жоқ

Түркітілдес мемлекеттер ын­ты­мақтастығы кеңесі хатшысының орынбасары, сайлау байқау­­­­шы­лары делегациясының бас­шысы Омер Кожаман Қа­зақстандағы Мәжіліс және мәс­лихат депу­таттарының сайлауы ұлттық заң­нама мен ха­лықаралық нормаларға сай жүзеге асырылды деп санайды. Ол барлық сайлау учаскесі ашық қолжетімді болды, қандай да бір бұзушылықтар тіркелмегенін айт­ты. Миссия сай­лау учас­­­келерінің жанында және учас­келер ішінде үгіт-насихат жүр­гізетін мате­риалдар көрмеген. Де­­генмен Омер Кожаман келесі сайлауда назар аударатын мәселені атады. «Халықтың барлық жастағы тұрғыны сайлауға қатысты, бір­қатар сайлау учаскесінде ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған пандустар болған жоқ. Біздің ойымызша, ол сайлаушылардың қатысуына, дауыс беруіне кедергі болады. Ал жалпы Қазақстанның ұйымдастырған сай­лауы басқа елдер үшін үлкен тәжірибе болады деген сенімдемін», – деді Омер Кожаман. Оның айтуынша, Түркітілдес мем­­­­лекеттер ынтымақтастығы кеңесі Қазақстанның Парламент Мәжілісі мен мәслихат депу­тат­тары сайлауы ашық транс­парентті түрде және ұлттық заң­нама мен халықаралық стан­­дарт­тарға сәй­кес жүргізілді деп есеп­тейді. Мис­­сия өзінің сайлау туралы мә­лім­демесін жуық арада жа­рия­лайды.

Сайлаушыларда таңдау жасау үшін альтернатива болмады

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Адам құқықтары мен демократиялық институттар жөніндегі бюросы мен ЕЫҚҰ Парламенттік ассамб­­лея­сының байқаушылары Қазақ­стандағы құқықтық база ЕҚЫҰ-ның демократиялық сайлауға қатысты міндеттемесіне әлі де негіз бола алмайды деген шешімге келгенін мәлімдеді. «Осы уақытқа дейін заңдарға бірқатар түзету енгізілді. Соған қарамастан негізгі бос­тан­дық­тардан бастап дауыс беру, сай­лауға қатысу, сайлаушыларды тіркеу мен нәтижені жариялау құқына дейінгі сан алуан мәселе бойынша бұған дейін берілген ұсынымдарды әлі де орындау қажет», – деді ЕҚЫҰ ба­қылау миссиясының жетекшісі Кристиан Вигенин. Оның айтуынша, коронавирус пандемиясына байланысты сақ­тық шаралары ескеріліп, сайлау тиіс­­ті деңгейде ұйымдастырылды. Алайда осы науқанның саяси жағын да жетілдіру керек. ЕҚЫҰ ұстанымы кедергісіз плюрализм мен еркін азаматтық қоғамның өркендеуіне үндейді. «Осыған байланысты Прези­денттің «Халық сөзіне құлақ аса­тын мемлекет» тұжырым­дамасы, шынымен де, осы жағдайға жол ашады деп сенеміз. Сонда барлық азаматтың дауысы бағаланады. Кешегі сайлауда, шамамен 12 мил­­лион сайлаушы тіркелген болатын. Сайлау комиссиялары дайындық жұмыстарын жүргізді. Орталық сайлау комиссиясы отырысы пар­тия өкілдері мен бақылаушылар үшін ашық болды. Дегенмен тиісті шешімдер ресми отырыстарға дейін қабылданып отырған», – дейді. Жалпы, сайлау күні тыныш өтті. Бірақ жергілікті жерде бай­қаушылардың жұмысын тиімді жүргізуге кедергі жасалды деп са­найды. «Бірлесу еркіндігі жағынан әлі күнге дейін айтарлықтай кедергі бар. Саяси балама да аз, 2013 жыл­дан бері бірде-бір жаңа партия тіркелген жоқ. Партия мен Үкі­меттің айырмашылығы анық кө­рінбейді. Сайлауға қатысқан бар­лық саяси партия билік пар­тиясын қолдағаннан кейін үгіт-насихат кезінде бәсеке болған жоқ. Сай­лаушыларда таңдау жасау үшін нақты альтернатива болмады», – дейді Вигенин. ЕҚЫҰ бақылау миссиясы сөз бен жиналыс бостандығының шектелуі үгіт-насихат жұмысына кері әсер еткенін, ондайда қоғам­дық пікірталас көп жағдайда ин­тернетке ауысып кететінін ай­тады. «Сайлаушыларда нақты саяси таңдау мүмкіндігі болса, азаматтық қоғамның дауысы естілетін болса, ондай сайлау, шынымен демок­ратиялық сайлау бола алады», – дейді ЕҚЫҰ Адам құқықтары мен демократиялық институттар жө­ніндегі бюроның шектеулі мис­сиясының басшысы Ярослав Мар­чин Доманьски. «Сырт көз – сыншы» демекші, біз байқай бермейтін мәселеге өзге­лер назар аударса және оны достық ниетпен жеткізсе, ондай сын мен ескертуден қорытынды шығаруға болады. Бұл түптептеп келгенде, демократия құндылығын дәріптейтін елдегі сайлау ұйым­дастырудың сапасын жаңа дең­гейге көтерері даусыз.

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ