Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезекті сайлауын халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден келген 398 байқаушы бақылады. Екі жыл бұрынғы Президент сайлауында мыңнан астам шетелдік байқаушы жұмыс істегенін ескерсек, COVID-19 пандемиясы саяси науқанға да өз түзетуін енгізгенін мойындаймыз. Десе де, саннан сапа маңызды: мыңның айтқан бір пікірінен жүз адамның түрлі пікірі бағалы болса керек.
Күні кеше мәреге жеткен сайлауды 10 халықаралық ұйымнан келген 322 адам бақылады. Оның ішінде ТМД елдерінен келгендердің үлесі басым. Мысалы, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы – 48, ТМД ұйымы 179 өкіл жіберген. Ислам ынтымақтастық ұйымы – 4; ЕҚЫҰ демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы – 42; ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы – 9; Шанхай ынтымақтастық ұйымы – 15; Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі – 7; Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік ассамблеясы – 7; Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясы – 9; Еуропа одағының Қазақстандағы өкілдігі 2 байқаушыға сенім артыпты. Ал қалған 76 бақылаушының халықаралық ұйымдарға қатысы жоқ. Олар Иордания, Қырғыз Республикасы, Мальдив, Молдова, Түркия, Әзербайжан, Армения, Индонезия, Өзбекстан, Ресей, Румыния, Үндістан, Филиппин, Венгрия, Испания, Норвегия, Франция, Швейцария, Польша, Чехия, Италия, Эстония, Украина, Германия, Бельгия, Палестина, Ұлыбритания, Моңғолия, Швеция, Канада, Финляндия сияқты мемлекеттерден келді.Қазақстан қауіпсіз сайлау өткізудің үлгісін көрсетті
Қанша адам болса, сонша пікір қалыптасатыны заңды. Шетелдік байқаушылар пікірі де екіге жарылды. Бірі сайлау барысында бірде-бір кемшілік таппадық десе, екінші топ ескертуін естіртіп айтты. Десе де, бүгінгідей пандемия кезінде сайлау учаскелерін дауыс беруге жоғары деңгейде дайындағанымызды оң бағалағандар басым болды. Мысалы, Германия сыртқы сауда және федералды қауымдастығының экономикалық даму кеңесшісі Урс Ункауф Қазақстан пандемия кезінде қауіпсіз сайлау өткізудің үлгісін көрсетті деген пікірде. «Нұр-Сұлтан қаласындағы бірнеше сайлау учаскесінде байқаушы болдым. Байқағаным, Қазақстандағы сайлау ұлттық заңнамаға және халықаралық стандартқа сай өтті. Барлық дауыс берушіге тең құқық берілген. Адамдар бір орында көп шоғырланбауы үшін барлық шара қарастырылған. Қазақстаннан бөлек, шетелде өткен сайлауларда байқаушы болдым. Ол кезде әлемде коронавирус індеті жоқ еді. Сондықтан арақашықтықты сақтау, бетперде тағу міндеттелмеді. Қазақстан бүкіл әлемге пандемия кезінде қауіпсіз сайлау өткізудің үлгісін көрсетті. Мен барған сайлау учаскелерінде санитарлық талаптар қатаң сақталды», – деді. Польшалық байқаушы өзге посткеңестік мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстандағы жүйе мен тәртіпті ерекше бағалады. «Мысалы, Украина мен Беларусь елдеріндегі сайлауды айтуға болады. Ал сіздерде жүйе мен тәртіп және ел тұрақтылығы бақыланады. Сондай-ақ сайлау процесін қазақстандықтармен қатар, халықаралық байқаушылардың қадағалап жатқанын да айтқан жөн», – деді Польша Сеймнің депутаты Томаш Ленц. ТМД Парламентаралық ассамблеясы өкілі Олег Цепкин сайлауға жастардың белсенді қатысқанын байқапты. Ал Өзбекстанның Олий Мажлисінің заң шығару палатасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және сот-құқықтық мәселелер комитетінің мүшесі Адхам Шадманов әйелдер мен жастар үшін енгізілген квотаның тиімділігіне мысал келтірді. «Кей экономистер Парламент жастар мен әйелдерге толы болады деп болжайды. Шындығында, квота бойынша қабылданған өзгеріс оң нәтиже береді. Бізде 8 жыл бұрын белгіленген квота өз нәтижесін бергенін айтқым келеді. Қазір біздің Парламентте әйелдер үлесі – 33%. Сонымен бірге мұндай жас Парламентті ешқашан көрген емеспін – жасы елуден асқан депутаттардың үлесі 20% ғана», – деді. ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеясынан келген Умахан Умаханов бір күнде 49 сайлау учаскесіне барғанын, оларда бірде-бір заң бұзу тіркелмегенін айтты. «Сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Осынау күрделі уақытта Қазақстан сайлауды қалай ұйымдастырғанын көрдік және өзге елдер де қазақстандық тәжірибені қолданады деп ойлаймын», – деді ол.Ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған пандус болған жоқ
Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі хатшысының орынбасары, сайлау байқаушылары делегациясының басшысы Омер Кожаман Қазақстандағы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы ұлттық заңнама мен халықаралық нормаларға сай жүзеге асырылды деп санайды. Ол барлық сайлау учаскесі ашық қолжетімді болды, қандай да бір бұзушылықтар тіркелмегенін айтты. Миссия сайлау учаскелерінің жанында және учаскелер ішінде үгіт-насихат жүргізетін материалдар көрмеген. Дегенмен Омер Кожаман келесі сайлауда назар аударатын мәселені атады. «Халықтың барлық жастағы тұрғыны сайлауға қатысты, бірқатар сайлау учаскесінде ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған пандустар болған жоқ. Біздің ойымызша, ол сайлаушылардың қатысуына, дауыс беруіне кедергі болады. Ал жалпы Қазақстанның ұйымдастырған сайлауы басқа елдер үшін үлкен тәжірибе болады деген сенімдемін», – деді Омер Кожаман. Оның айтуынша, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі Қазақстанның Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауы ашық транспарентті түрде және ұлттық заңнама мен халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізілді деп есептейді. Миссия өзінің сайлау туралы мәлімдемесін жуық арада жариялайды.Сайлаушыларда таңдау жасау үшін альтернатива болмады
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Адам құқықтары мен демократиялық институттар жөніндегі бюросы мен ЕЫҚҰ Парламенттік ассамблеясының байқаушылары Қазақстандағы құқықтық база ЕҚЫҰ-ның демократиялық сайлауға қатысты міндеттемесіне әлі де негіз бола алмайды деген шешімге келгенін мәлімдеді. «Осы уақытқа дейін заңдарға бірқатар түзету енгізілді. Соған қарамастан негізгі бостандықтардан бастап дауыс беру, сайлауға қатысу, сайлаушыларды тіркеу мен нәтижені жариялау құқына дейінгі сан алуан мәселе бойынша бұған дейін берілген ұсынымдарды әлі де орындау қажет», – деді ЕҚЫҰ бақылау миссиясының жетекшісі Кристиан Вигенин. Оның айтуынша, коронавирус пандемиясына байланысты сақтық шаралары ескеріліп, сайлау тиісті деңгейде ұйымдастырылды. Алайда осы науқанның саяси жағын да жетілдіру керек. ЕҚЫҰ ұстанымы кедергісіз плюрализм мен еркін азаматтық қоғамның өркендеуіне үндейді. «Осыған байланысты Президенттің «Халық сөзіне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы, шынымен де, осы жағдайға жол ашады деп сенеміз. Сонда барлық азаматтың дауысы бағаланады. Кешегі сайлауда, шамамен 12 миллион сайлаушы тіркелген болатын. Сайлау комиссиялары дайындық жұмыстарын жүргізді. Орталық сайлау комиссиясы отырысы партия өкілдері мен бақылаушылар үшін ашық болды. Дегенмен тиісті шешімдер ресми отырыстарға дейін қабылданып отырған», – дейді. Жалпы, сайлау күні тыныш өтті. Бірақ жергілікті жерде байқаушылардың жұмысын тиімді жүргізуге кедергі жасалды деп санайды. «Бірлесу еркіндігі жағынан әлі күнге дейін айтарлықтай кедергі бар. Саяси балама да аз, 2013 жылдан бері бірде-бір жаңа партия тіркелген жоқ. Партия мен Үкіметтің айырмашылығы анық көрінбейді. Сайлауға қатысқан барлық саяси партия билік партиясын қолдағаннан кейін үгіт-насихат кезінде бәсеке болған жоқ. Сайлаушыларда таңдау жасау үшін нақты альтернатива болмады», – дейді Вигенин. ЕҚЫҰ бақылау миссиясы сөз бен жиналыс бостандығының шектелуі үгіт-насихат жұмысына кері әсер еткенін, ондайда қоғамдық пікірталас көп жағдайда интернетке ауысып кететінін айтады. «Сайлаушыларда нақты саяси таңдау мүмкіндігі болса, азаматтық қоғамның дауысы естілетін болса, ондай сайлау, шынымен демократиялық сайлау бола алады», – дейді ЕҚЫҰ Адам құқықтары мен демократиялық институттар жөніндегі бюроның шектеулі миссиясының басшысы Ярослав Марчин Доманьски. «Сырт көз – сыншы» демекші, біз байқай бермейтін мәселеге өзгелер назар аударса және оны достық ниетпен жеткізсе, ондай сын мен ескертуден қорытынды шығаруға болады. Бұл түптептеп келгенде, демократия құндылығын дәріптейтін елдегі сайлау ұйымдастырудың сапасын жаңа деңгейге көтерері даусыз.