Марат БАШИМОВ,
заңгер, сарапшы:
Халық межесі айқын, қолынан іс келетіндерді қолдады
– Бірінші кезекте сайлаудың өзі конституциялық нормаға сәйкес, уақытында өтті. Әрі халықаралық сарапшылардың да бағасы жоғары болды. Мен бірқатар халықаралық байқаушылармен тілдесіп, олардың айтқанын назарда ұстап отырдым. Олар заңбұзушылықтарды кездестірмегенін айтуда. Сайлаудың ұйымдастырылу деңгейіне де жоғары баға берді. Ал партиялар сайлаушылардың қанша дауыс жинағанын алдымен exit poll зерттеулері көрсетсе, кейін Орталық сайлау комиссиясы жариялаған алдын ала қорытындының өзі бастапқы деректерден көп алшақ кеткен жоқ. Демек, көппартиялы Парламент жасақталды деуге толық негіз бар. Өз басым дауыс берушілер саны аздау болатын шығар деп ойлағанмын. Дегенмен халықтың белсенділігі жоғары болды. 63 пайыз дегеніңіз – жоғары көрсеткіш. Батыс елдерінде өтетін сайлауларға байқаушы ретінде қатысып жүргендіктен жақсы білемін, ол жақта 50 пайыздың өзі өте тамаша көрсеткіш болып саналады. Мәселен, көрші Қырғыз Республикасындағы сайлауға дауыс берушілердің 39,75 пайызы қатысты. Ал сайлауда «Nur Otan» партиясының жеңіске жетуінің сырына тоқталар болсақ, еліміздегі ең қуатты саяси күш ретінде мойындалған бұл ұйым үгіт-насихат жұмыстарын өте жақсы өткізді. Партияішілік іріктеу – праймериз өткізуі, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің тұрақты жұмыс істеуі, жастар мен әйелдерге көңіл бөлуі, әр аймақтың ерекшеліктерін ескере отырып жергілікті жерлерде жалпы саны 216 сайлауалды бағдарлама даярлауы, сайлауаралық кезеңдерде бұқарамен тығыз байланыс орнатып, кемшілікті ашық көрсетіп, мәселелерді шешуі, қысқасы, жылдар бойы жалғасқан жұмыстың жемісі деп білемін. Оның үстіне, сайлауалды кезеңде партия өз мүмкіндігін барынша молынан пайдаланды. Менің білуімше, «Nur Otan» партиясы орталық аппаратты, аймақтық филиалдарды, бастауыш ұйымдарды, штаб мүшелерін, үміткерлерді, белсенділер мен жақтастарды сайлауалды жұмыстарға жұмылдырды. Шамамен 60 мыңдай адам үгіт-насихат жұмыстарына қатысыпты. Сөйтіп, 28 мың іс-шара өткізіп, оған 5,5 млн дауыс берушіні тарта білген. Республикалық сайлауалды штабы 17 аймаққа барып, 300-ден астам шара өткізіпті. Сонымен бірге «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы нақты екенін де атап өту керек. Яғни, партия популизмге барған жоқ. Бағдарламадағы әр пунктті бюджет мүмкіндіктеріне сай жасады. Мұны халық көріп отыр. Сондықтан партияға сеніп, дауыс берді. Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА, саяси ғылымдарының докторы, профессор:Халық өзі таңдау жасады
– Сайлау – азаматтардың Ата Заңымыз – Конституциямен берілген құқығы. Өз таңдауын жасаудың әлем таныған жолы. Сондықтан Парламент Мәжілісіне сайлауға қатысу арқылы Қазақстан азаматтары болашақта Мәжіліс төрінен кімдерді, қандай партия өкілдерін көргісі келетініне қатысты өз таңдауын жасады. Індеттің өршіп тұрғанына қарамастан, сайлау нәтижелері ел азаматтары өз құқығын білдіруде белсенділік танытқанын көрсетеді. Таңдау партиялар арасында жасалғандықтан, партияның біріне тоқталу оңай шаруа емес. Қалай десек те, таңдау жасалды, нәтиже шықты. Партиялық тізімдегі әйелдер мен жастардың үлесін арттыру мәселесіне келетін болсақ, әрине оның сандық пайызы қуантады. Бұл да тәуелсіздігіміздің әкелген бір жемісі. Қалың көпшілік саяси қатысудың не екенін біле бастады деген сөз. Бірақ бұдан тізімдегі әйелдер мен жастар қаншалықты осы мәртебеге лайықты деген сұрақ туындайды. Әйел болсын, жастар болсын тізімге өз ісімен көзге түсіп, зор қабілет-қарымымен енсе құба-құп. Бұл сайлаудың ерекшелігі – бұрын электоратты мезі қылатын бірізділіктің, тым әсірелеудің, нәтижені алдын ала біліп отырғандай сөйлеудің көзге түспегені. Амалбек ӨМІРТАЙ, Түркістан облысы «Жастар ресурстық орталығы» басшысы:Ел сенімі еселенді
– 2021 жылғы 10 қаңтар күні Парламент Мәжілісі мен өңірлердегі мәслихат депутаттарын сайлау науқаны өтіп, алғашқы exit poll көрсеткіштері мен Орталық сайлау комиссиясының алғашқы қорытындылары жарияланды. Мәжіліс депутаттығына еліміздегі үш партия үміткерлері жолдама алмақ. Осы орайда, халқымыз «Nur Otan» партиясына тағы да үлкен басымдықпен сенім артып отыр. Сайлауалды бағдарламаның кеңінен таныстырылуы, жастарға беріліп жатқан мүмкіндіктер, сондай-ақ сайлаушымен жұмыс істеудегі жаңашылдық науқанның пандемия жағдайында да белсенді, тартысты өтуіне кедергі болған жоқ. Көріп отырған нәтиже ел дамуына тікелей әсер етеді деп ойлаймын. Алдағы бесжылдықтағы еліміздегі заң шығару, сондай-ақ барлық мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру жолында халық қалаулылары аянбай еңбектенеді деп сенемін. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары барысында Елбасы, Тұңғыш Президент Н.Назарбаев басқаратын билеуші партия қарқынды жұмыс жүргізді. Бұл жолғы «Nur Otan»-ның саяси кампаниясының жолы да, жөні де, ережесі де бөлек болғанына бәріміз куә болдық. Праймеризбен үздіктер анықталып, жергілікті халыққа жақын әрі ашық болу үшін әлемдегі озық тәсілдемелер қолданып, ел тұрғындарын толық ақпараттандыруға мүмкіндік жасалды. Есесіне, ауыл-ауылды, қала- облысты аралаған болашақ депутаттар партия уәдесін біледі, сол жолда еңбек етеді. «Канвассинг» «Есіктен-есікке» акцияларында сайлаушылар шаңырағында қауышып, ұсыныс-пікірлері тыңдалса, экспромт кездесулерде ірілі-ұсақты ұжымдардың ортасында болып, ел дамуына өз үлесін қосып жүрген білікті мамандармен ой бөлісті, сайлауалды бағдарлама насихатталды. Бұл дода жеңімпаз партияның саяси әлеуеті әлемнің озық елдерінің билеуші партияларының саяси әлеуетінен артық болмаса, кем емес екенін көрсетті. Жалпыұлттық дауыстың exit poll нәтижесі – 71,97%, «Nur Otan» партияcының халық алдындағы жауапкершілігін еселеп отыр. Алуа ЖОЛДЫБАЛИНА, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының б"лім басшысы:Партиялардың жұмысы өз нәтижесін берді
– Жалпы, парламенттік партиялардың саяси додада басым түсуі халық көзқарасының тұрақтылығын, бірізділігін көрсетеді. Саяси додада басым түскен партиялардың үлкен тәжірибесі бар, қалыптасқан нақтылы электораты бар, өздеріне тиесілі бағыттарды қамтып алған. Партиялардың үзіліссіз, толыққанды жұмысы өз нәтижесін берді, яғни 2016 жылы өткен сайлаудан кейінгі аралықта партиялар қарқынды жұмыс істегеніне көз жеткіздік. Қабызбек МАЙГЕЛДИНОВ, саясаттанушы:«Nur Otan» – алға нақты меже қойған партия
– Қазақстандағы саяси үрдістерге назар аударсақ, қалыптасқан тұрақтылыққа, орныққан нақты бағытқа деген адамдардың таңдауы бар. «Nur Otan» партиясына келетін болсақ, ол – биліктегі партия. Өзге саяси күштермен салыстырғанда, ең алдымен белсенділігімен танылған. «Nur Otan» сайлауалды науқанда ғана емес, одан бұрын да өзінің нақты бағдарламасы аясындағы жұмыстарымен белгілі партия. Бір сөзбен айтқанда, ел аузында жүрген саяси күш. Бір ғана мысал келтірейін, коронавиурс пандемиясы кезінде «Nur Otan» партиясы Bizbirgemіz акциясын, мұқтаж жандарға қолдау көрcету мақсатында «Jas Otan» Жастар қанаты арқылы еріктілерді ұйымдастырды. Сөйтіп, өзінің нақты іс-әрекетімен танылды. Сонымен қатар сайлаудың алдында жаңа саяси технологияларды енгізіп, тек Қазақстанда ғана емес, тұтас Орталық Азияда алғашқы болып партияішілік іріктеу – праймериз өткізді. Сөйтіп, партия мүшелерінің құрамын жаңартып, жалпы сапасын арттырды. Одан бөлек, партия бұрынғы сайлау кезінде берген уәдесінің орындалуына қатысты, өткен 5 жылда қандай іс-әрекет жасап, қандай жетістікке жеткені жөнінде есеп берді. Сондай-ақ партия алға нақты меже қойып, бағытын айқындады. Мәселен, әр өңірдің жеке ерекшелігін ескере отырып, 216 бағдарлама әзірледі. Ал өзге партиялар өкінішке қарай мұндай тәсілдер қолданбады, не жаңа технология енгізбеді, не сайлауаралық уақытта электоратымен жұмыста белсенділік көрсетпеді. Сондықтан «Nur Otan» осындай объективті факторлар мен іс- әрекеттердің нәтижесінде басқа партияларға қарағанда сайлаушылар арасында танымал болды. Партия тұрақты түрде өзінің нақты іс-әрекетімен көпшіліктің назарынан түскен жоқ. Сол себепті сайлауда бұл партияның алға шығуы заңды еді. Әрі әлеуметтік сауалнамалар барысында дауыс берушілердің осы партияны жақтау мүмкіндігі жоғары екені анықталған. Сол себепті «Nur Otan» партиясының сайлауда басым дауысқа ие болуы күтпеген жағдай болып саналмайды. Андрей ЧЕБОТАРЕВ: саясаттанушы:Жаңа саяси кезеңнің қақпасын ашып берді
– Пандемия халыққа да, мемлекеттік билікке де оңайға түскен жоқ. Себебі індет біреуді бай, біреуді кедей деп бөлмей, көз алдындағысын жайпап өтті. Соған қарамастан экономикалық ахуалды тұрақтандыруға қол жетті. Саяси реформалар жүзеге асып жатыр. Пандемияға байланысты сайлау мерзімі өзгеретіні, дауыс беру онлайнға өтетіні жайлы әртүрлі алыпқашпа әңгіме болған еді. Алайда елдің басшылығының еңбегін атап өту керек. Себебі сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ең бастысы, сайлау 2021 жылдың жаңа саяси кезеңінің қақпасын ашып берді. Енді Мәжілістің жаңа құрамына үлкен жауапкершілік артылғалы отыр. Партиялардың кейбірі сайлауда өтпей қалса да, олардың өкілдері жергілікті мәслихаттарда болар деген сенімдеміз. Себебі өңірлерде белгілі бір адам әкімдіктің көмегімен сайланып жатса, ештеңе істемей, өз мүддесімен жүрсе ешнәрсе өзгермейді. Мәселен, пандемия өршіп тұрғанда мәслихаттардың тіпті барын ұмытып кеттік. Ал енді мәслихаттарда саяси партиялардың өкілдері болса, оларға деген талап та күшейер еді.