Мүмкіндік мол, бірақ балық әлі аз...
Мүмкіндік мол, бірақ балық әлі аз...
163
оқылды

Қазақстанда Балық шаруашылығы комитеті қайта құ­рылды. Енді жаңа комитет Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағында болмақ. Аты жаңа демесеңіз, аталған мекеме бұрын да болған. Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің құрамында болған Балық комитеті 2014 жылы таратылған еді. Ал оның қайта құрылуына не түрткі? Ел нарығында теңіз өнімдерінің үлесі өзге ел­дермен салыстырғанда айтарлықтай жағдайда емес, сол себепті мұның балық өндіру көлемін арттыруға бағытталған әрекет екені анық. 

Үкімет қаулысымен сала­­­ның жеке ведомствоға бірік­­тірілуі­нің басты себебі жақында қа­был­данған балық шаруа­шылығын дамытудың 2030 жыл­ға дейінгі мемлекеттік бағдар­ламасы болып тұр. Осы бағдар­лама балық өсіру, тұтыну және экспорт көлемін жоспарға сай арттыруға мүмкіндік береді деп танылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың қыркүйек айындағы Жолдауында Қазақстанның ба­лық шаруашылығындағы әлеуе­ті зор екенін ескере оты­рып, оны дамытуға аса мән беру қажеттігін айтқан. Елімізде Ауыл шаруа­шылығы министр­лігінің құра­мында болған Балық шаруа­шы­лығы комитеті тара­тылғалы бері бұл саланы Эко­логия ми­нистр­лігінің Орман шаруа­шы­лығы және жануарлар әлемі комитеті жүргізіп келді. Дегенмен арқа­­сында жүгі көп комитет міндетті жақсы орындай алмасы әу бастан белгілі еді. Ақырында өзін-өзі басқара ал­маған балық шаруа­шылығы тиімді жұмыс істей ал­мағандай. Экология министрлігінің де­регіне сенсек, егер жұмыс жүйелі түрде жүрер болса, мем­лекеттік бағдарламада көр­сетілгендей су ресурстарындағы балық өсіру көлемін 600 мың тоннаға жеткізуге болады екен. Тек балық экспортын 300 мың тоннаға дейін арттыру жос­парланған. Ол үшін 545 жаңа балық шаруашылығы құрылмақ. Енді жаңа комитеттің алдында мемлекеттік бағдарламаның жүзе­ге асуына жол ашатын са­ланы мемлекеттік қолдау аясын кеңей­ту, заңнаманы жетілдіру, балық жемі өндірісін жолға қою, кадр­лық қамтамасыз ету мін­деттері тұр. Дегенмен жоғарыда көзделген мақсаттың орындалуы қиын дү­ние секілді. Себебі елі­міздің ба­лық және балық өнім­дері нары­ғының жалпы көлемі 2019 жылы шамамен 66 мың тоннаны құра­ған. 45 мың тонна балық ауланса, 7,4 мың тонна балық өсірген. Одан бөлек, 36 елге құны 60 мил­лион доллар болатын 30 мың тонна балық экспорттаса, импорт көлемі 43,5 мың тоннаға жеткен. Ал қа­раңыз, сонда Қазақстан алдағы 10 жылдың ішінде балық өсіруді 13 есе, экспортты 10 есе арт­тыруы тиіс екен. Негізі, Қазақстан жан басы­на шаққанда дәрумені көп ба­­лық өнімін аз тұтынады екен. Мәселен, Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы адам басына шаққанда жылына 16 келі­ден кем емес ба­лық тұты­нуды ұсынған. Қа­зақ­станда бұл көрсеткіш бір адамға 4 келіден ғана келеді. Ал көрші Ресейде адам басына 23 келі, Қы­тайда 45 келі балық тұ­­тынылады. Мұның өзі балық шаруа­­шы­лы­ғының елімізде сәл де болсын кенжелеп қалғанын аң­ғартады. Бүгінде Қазақстанда 1 000-нан астам балық шаруашылығы субъектілері болса, оған 1 646 ба­­­­лық шаруашылығы су айдыны мен учаскелері бекітілген. Са­лада 11 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Негізгі балық ау­­лау Аты­рау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында іске асады. Ба­­лықты жасанды өсіру бойынша Түркістан облысы көшбасшы болып келе жатыр, оның көлемі 5 мың тонна (68,7%). Ал Алматы облысында шамамен 1 000 тонна (12,8%), Солтүстік Қазақстан облысында 380 тонна және Шығыс Қазақстан облы­сында шамамен 300 тонна балық өсі­ріледі. Экология министрі Мағ­зұм Мырзағалиевтің сөзіне қарасақ, Алматы облысындағы Бартоғай және Қапшағай су қоймалары мен Балқаш көлі форель, карп балықтарын, Сол­түстік Қа­зақстан, Қостанай, Ақ­мола облыстары сиг және карп түрлерін өсіру үшін қо­лайлы. Өз кезегінде Маңғыстау облысында лосось және бекіре балықтарын, Қызылорда об­лысындағы Арал теңізінде карп балықтарын өсіруге болады. – Негізі, біз балық филесін, кептірілген-ысталған өнімдерді және балықтың тоңазытылған етін экспорттаймыз. Мысалы, көксерке филесі Еуропалық одақ елдерінде (Германия, Ни­­дер­ланд) қазақстандық бренд ре­тінде са­налады. Сонымен қатар кеп­тірілген-ысталған өнім­дер Ресей, Украина, Литва, Қытай және басқа елдерге экс­порт­талады. Бұл ретте, біздің қасы­мызда экспорт үшін ай­тарлықтай потенциалды на­рықтар же­тер­лік, – деп мәлім­деген Мағзұм Мырзағалиев. Балық өсіру Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы­­ның (ФАО) мәліметі бойынша, аква­өсіру саласы ақуыз өнімдерін өндіруде әлемде ең қарқынды дамып келе жатқан бағытқа жа­тады. Мысалы, өсірілетін ба­­лықтың әлемдік көлемі 60 жыл бұрын небәрі 1 млн тоннаны құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 82 млн тоннадан асып түскен. Бұл ретте, соңғы 25 жылдың өзінде акваөсіру көлемі 67 млн тоннаға немесе 450%-ға өсті. Әйтсе де, Қазақстанның балық өсіру сала­сындағы потенциалы өте жоғары болғанымен, жыл сайынғы өнімі артпай, тұрақты деңгейде тұр. Осылайша, еліміздегі су ре­сурстарын ескере отырып, өсі­рілген балық көлемін 600 мың тоннаға дейін арттыруға, экспорт көлемін 10 есе ұлғайтуға, сол арқылы шамамен 500 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тар­туға балық шаруашылығының әлеуеті жеткілікті екенін айта кету керек. Бұдан басқа, бұл ша­мамен 10 мың қосымша жұ­мыс орнын құруға және ха­лықтың табысын көбіне ауыл­дық жер­­лерде арттыруға ықпал етеді.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ