Қазақстанда Балық шаруашылығы комитеті қайта құрылды. Енді жаңа комитет Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағында болмақ. Аты жаңа демесеңіз, аталған мекеме бұрын да болған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамында болған Балық комитеті 2014 жылы таратылған еді. Ал оның қайта құрылуына не түрткі? Ел нарығында теңіз өнімдерінің үлесі өзге елдермен салыстырғанда айтарлықтай жағдайда емес, сол себепті мұның балық өндіру көлемін арттыруға бағытталған әрекет екені анық.
Үкімет қаулысымен саланың жеке ведомствоға біріктірілуінің басты себебі жақында қабылданған балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы болып тұр. Осы бағдарлама балық өсіру, тұтыну және экспорт көлемін жоспарға сай арттыруға мүмкіндік береді деп танылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың қыркүйек айындағы Жолдауында Қазақстанның балық шаруашылығындағы әлеуеті зор екенін ескере отырып, оны дамытуға аса мән беру қажеттігін айтқан. Елімізде Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамында болған Балық шаруашылығы комитеті таратылғалы бері бұл саланы Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті жүргізіп келді. Дегенмен арқасында жүгі көп комитет міндетті жақсы орындай алмасы әу бастан белгілі еді. Ақырында өзін-өзі басқара алмаған балық шаруашылығы тиімді жұмыс істей алмағандай. Экология министрлігінің дерегіне сенсек, егер жұмыс жүйелі түрде жүрер болса, мемлекеттік бағдарламада көрсетілгендей су ресурстарындағы балық өсіру көлемін 600 мың тоннаға жеткізуге болады екен. Тек балық экспортын 300 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланған. Ол үшін 545 жаңа балық шаруашылығы құрылмақ. Енді жаңа комитеттің алдында мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуына жол ашатын саланы мемлекеттік қолдау аясын кеңейту, заңнаманы жетілдіру, балық жемі өндірісін жолға қою, кадрлық қамтамасыз ету міндеттері тұр. Дегенмен жоғарыда көзделген мақсаттың орындалуы қиын дүние секілді. Себебі еліміздің балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 2019 жылы шамамен 66 мың тоннаны құраған. 45 мың тонна балық ауланса, 7,4 мың тонна балық өсірген. Одан бөлек, 36 елге құны 60 миллион доллар болатын 30 мың тонна балық экспорттаса, импорт көлемі 43,5 мың тоннаға жеткен. Ал қараңыз, сонда Қазақстан алдағы 10 жылдың ішінде балық өсіруді 13 есе, экспортты 10 есе арттыруы тиіс екен. Негізі, Қазақстан жан басына шаққанда дәрумені көп балық өнімін аз тұтынады екен. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам басына шаққанда жылына 16 келіден кем емес балық тұтынуды ұсынған. Қазақстанда бұл көрсеткіш бір адамға 4 келіден ғана келеді. Ал көрші Ресейде адам басына 23 келі, Қытайда 45 келі балық тұтынылады. Мұның өзі балық шаруашылығының елімізде сәл де болсын кенжелеп қалғанын аңғартады. Бүгінде Қазақстанда 1 000-нан астам балық шаруашылығы субъектілері болса, оған 1 646 балық шаруашылығы су айдыны мен учаскелері бекітілген. Салада 11 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Негізгі балық аулау Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында іске асады. Балықты жасанды өсіру бойынша Түркістан облысы көшбасшы болып келе жатыр, оның көлемі 5 мың тонна (68,7%). Ал Алматы облысында шамамен 1 000 тонна (12,8%), Солтүстік Қазақстан облысында 380 тонна және Шығыс Қазақстан облысында шамамен 300 тонна балық өсіріледі. Экология министрі Мағзұм Мырзағалиевтің сөзіне қарасақ, Алматы облысындағы Бартоғай және Қапшағай су қоймалары мен Балқаш көлі форель, карп балықтарын, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары сиг және карп түрлерін өсіру үшін қолайлы. Өз кезегінде Маңғыстау облысында лосось және бекіре балықтарын, Қызылорда облысындағы Арал теңізінде карп балықтарын өсіруге болады. – Негізі, біз балық филесін, кептірілген-ысталған өнімдерді және балықтың тоңазытылған етін экспорттаймыз. Мысалы, көксерке филесі Еуропалық одақ елдерінде (Германия, Нидерланд) қазақстандық бренд ретінде саналады. Сонымен қатар кептірілген-ысталған өнімдер Ресей, Украина, Литва, Қытай және басқа елдерге экспортталады. Бұл ретте, біздің қасымызда экспорт үшін айтарлықтай потенциалды нарықтар жетерлік, – деп мәлімдеген Мағзұм Мырзағалиев. Балық өсіру Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) мәліметі бойынша, акваөсіру саласы ақуыз өнімдерін өндіруде әлемде ең қарқынды дамып келе жатқан бағытқа жатады. Мысалы, өсірілетін балықтың әлемдік көлемі 60 жыл бұрын небәрі 1 млн тоннаны құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 82 млн тоннадан асып түскен. Бұл ретте, соңғы 25 жылдың өзінде акваөсіру көлемі 67 млн тоннаға немесе 450%-ға өсті. Әйтсе де, Қазақстанның балық өсіру саласындағы потенциалы өте жоғары болғанымен, жыл сайынғы өнімі артпай, тұрақты деңгейде тұр. Осылайша, еліміздегі су ресурстарын ескере отырып, өсірілген балық көлемін 600 мың тоннаға дейін арттыруға, экспорт көлемін 10 есе ұлғайтуға, сол арқылы шамамен 500 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартуға балық шаруашылығының әлеуеті жеткілікті екенін айта кету керек. Бұдан басқа, бұл шамамен 10 мың қосымша жұмыс орнын құруға және халықтың табысын көбіне ауылдық жерлерде арттыруға ықпал етеді.