Жаңа президент және оралған ескі жүйе
Жаңа президент және оралған ескі жүйе

Біз Мәжіліс пен мәслихат сайлауына сабылған күні Алатаудың ар жағындағы айыр қалпақты ағайын да қарап жатпады. Біз депутаттарға дауыс берсек, қырғыздар екі таңдау жасады: біреуі – президентті сайлау, екіншісі – мемлекеттік басқару формасын анықтау. Президент сайлауында Садыр Жапаров 79 пайыз басымдықпен жеңіске жетті. Референдумда азаматтардың 81 пайызы президенттік жүйені қолдапты. Сонымен, Садыр Жапаров деген кім? Борышқа белшеден батқан, ЖІӨ бірден 8 пайыз құлдыраған елдің экономикасын жаңа басшы көтере ала ма? Президенттік басқару формасы ескі сүрлеуді қайта шиырлау емес пе?

Қырғыз Республикасы орталық сайлау комиссиясының дерегіне сенсек, Садыр Жапаров 79,18 па­йыз дауыс иеленген. Сайлауда Жапаров­тан басқа 17 кандидат бақ сынаған. Екінші орын 6,7 пайыз дауыспен Адахан Мадумаровқа, үшінші орын 2,4 дауыспен Бабыр­жан Төлбаевқа бұйырған. Қалға­нының дауысы 2 пайызға да жет­пеген. Садыр Жапаровтың бақталас­тары­нан оқ бойы озғанын қалай түсі­­не­міз? Сарапшылардың ай­туын­ша, Жапаровтың сайлауға жұм­са­ған қаржысы өзге үміткер­лердің бюджетінен бірнеше есе асып түседі екен. Мысалы, жаңа пре­зиденттің сайлау қоры 62 млн сом­ды (600 мың еуро) құраса, бақ­таластары небәрі 1-3 млн сомды місе тұтқан. 62 млн-ның үштен бір бө­лігі түрмеде отырған кезінде де­меушілердің есебінен жиналған деседі. Сондай-ақ ірі бизнесмендер, бұ­рынғы саясаткерлердің бала­лары, экс-шенеуніктер де Жапа­ров­қа жанталаса жәрдемдескен. Тіпті, ол әкімшілік ресурстарды, тыйым салынған үгіт-насихат құрал­дарын пайдаланып, бәсе­келес­теріне қо­қан-лоқы жасаған деседі. Қош. Қандай жолмен жеңсе де, әйтеуір Жапаровтың ойлағаны орайымен орындалды. Ол енді өзіне дейінгі басшылардың қате­лігін қай­таламауға, туыстары мен достарын билікке араластырмауға серт қылып отыр. Сайлаудың ал­дын ала нәти­жесі жарияланған соң халық алдына шыққан Жапаров: «Бұрынғы пре­зидент­тер алғашқы жылдары оң нә­ти­же көрсетті, со­дан кейін олар­дың туыстары билік­ке араласа бас­тады. Мен мұндай қателіктерге жол бермеймін, біз тарихтан сабақ ал­дық. Құдай қала­са, қанша жыл би­лік­те болсам, сон­ша жыл өзім бас­қарамын. Ме­нің достарым, жүр­гізушілерім, кө­мекшілерім мен туыстарым билік жүргізбейді», – деп ант-су ішті. Екі қылмыстық іс бойынша әлі күшін жоймаған соттылығы, би­лікті басып алуға талпынғаны, адам­дарды кепілде ұстағаны, қыл­мыс әлемінің серкелерімен және Бакиев кланымен астыртын бай­ланысы бар деген қауесеттер Жапаров­тың абыр­ойына көлеңке түсіретіні анық. Бәсекелестерімен теледебатта айты­судан бас тарт­қанын оппо­зиция бетіне басады. Бірақ қалай десек те, Қырғыз Рес­публикасының алдағы бесжылдық тағдыр-талайы Садыр Жапаровтың қолында. Әрине, Қырғыз Респуб­лика­сын­да саяси партиялар арасында плюрализм дамыған, жаңа пар­тия­лар қалыптасқан. Сайлау науқаны жаңа тәсілмен, бюллетеньді авто­матты сканерлеу арқылы жүргіз­іледі. Сайлау жәшігінің ішіне орнатылған аппараттар адамның кімге дауыс бергенін дереу анық­тап, дауыс беру аяқталғанда нәти­жені бірден көрсетеді. Ең соңында бюллетеньдер қолмен саналады. Алайда «Орталық Азиядағы демо­кратия бесігі» атанғанына қарамас­тан, онда да сайлаушылардың дауысы ұрланатынын сарапшылар жоққа шығармайды. Өйткені әр аймақта халыққа белгілі бір клан­дардың ықпалы бар. Садыр Жапаровтың кім екеніне тоқталу үшін сәл шегініс жасауға тура келеді. Былтыр 4 қазанда Қыр­ғыз Республикасында өткен парламент сайлауының қорытын­дысымен келіспеген жұрт көшеде наразылық ұйымдастырып, оның соңы мемлекеттік ғимараттарды саяси дағдарысқа әкеп соққан. Жаппай ереуілден кейін үкімет те, сол кездегі президент Сооронбай Жээнбеков те отставкаға кеткен. Саяси қарсыласын ұрлап әкетті деген айыппен қамалған Садыр Жапаровты көтерілісшілер 5 қазан­да түрмеден босатқан. Көп ұзамай парламент мүшелері оны премьер-министрдің міндетін атқарушы етіп тағайындады. Жээнбеков тақ­тан тайған соң президент міндетін де бірге атқарды. Міне, осы кезеңде Жапаров тамырын тереңге жайып, бүкіл билікті қолына шоғыр­лан­дырып үлгеріпті. Айтпақшы, ел басқару форма­сын қазіргі парламенттік үлгіден президенттік үлгіге көшіруді де Садыр Жапаров ұсынды. Бұған дейін Қырғыз Республикасында пар­ламент үкіметті отставкаға жібе­руге және президентке сенім­сіздік білдіруге құқылы еді, ал пре­мьер-министр президент сияқты үкімет мүшелерін тағайындай алатын. Жапаров «парламентаризм он жыл ішінде өзінің беделін түсірді, елді құрдымға құлатты, пар­тиялық жүйе кландық схема құрды, адамдарды байлар мен кедейлерге бөлді, сы­бай­лас жем­қорлықтың жай­лауы­на жағдай жасады» деп мәлімдеді. Сайлауда азаматтардың 81 пайызы осы бастаманы қолдады. Бұдан былай конституциялық реформа аясында депутаттар санын төрттен біріне (120-дан 90-ға дейін) қысқартып, олар көпшілік және пропорционалды түрде сай­ланады. Президент үкімет басшы­сын, оның орынбасарларын, ми­нист­рлерді және атқарушы орган­дар­дың басқа басшыларын қыз­мет­ке тағайын­дайды және босата­ды. Заң жоба­ларын енгізіп, бекітіп, пысықтауға жіберуге құқылы. Соны­мен қатар парламентке кон­сти­туциялық және Жоғарғы сот судья­ларының канди­датурасын ұсы­на алады. Кейбір саясат­тану­шылар мұны «супер-президенттік басқару формасы» деп атап, Қыр­ғыз Республикасын қай­тадан авто­ри­таризмге апарады деп топшы­лайды. Яғни, қырғыз халқы­ның белгілі бір бөлігі пре­зиденттік басқару формасын ескі жүйеге оралу деп санайды. Бірақ Жапаров командасының өз уәжі бар. Олар 10 жылдық пар­ламен­таризм Қырғыз Республика­сында тиімсіз болғанын, бірнеше революцияға жол ашқанын алға тартады. Оны да терістеу қиын. Кезінде Украинаның экс-пре­зиденті Виктор Ющенко билікті парламентке тапсырып қойды. Парламент сайланып, өкілетін кеңінен пайдаланып жұмыс істеді, бар құзыретті өз қолына жинап алды, ақыр аяғында бұл жүйе Ук­раинаны бұлғаққа ұшыратты, халық сайлаған президент мем­лекет тұ­рақ­тылығына кепіл бола алмай қал­ды. Дәл сондай жағдай Қырғыз Республикасында бірнеше рет айна-қатесіз қайталанды. Екі жүйенің бірін ала, бірін құла деп бөле-жарудан аулақпыз. Әлемде парламенттік басқарумен гүлденіп, президенттік басқарудың арқа­сын­да дәуірлеген мысалдар молынан кездеседі. Қоғам тірі ағза секілді. Жаңарып, түрленіп, дамып отыруы керек. Ең бастысы, өзге­рістер саналы һәм сапалы жүзеге асса дейміз. Билік пен басқару формасы ауысса, елдің көсегесі көгеріп шыға келеді деген қағида жоқ. Бұл кезең – «тар жол, тайғақ кешуге» толы сапардың басы ғана.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ