ЕҚЫҰ өкілі Қазақстанда өткен сайлауға баға берді
ЕҚЫҰ өкілі Қазақстанда өткен сайлауға баға берді

Ол пандемияға байланысты сайлау учаскелерінде санитарлық талаптарды сақтауға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.

«Халықаралық байқаушылардың барлық сайлау учаскесін толықтай аралап шығуға уақыты жетпеді. Қазақстандағы сайлау жалпы тыныш өтті. Дегенмен сайлау науқанының саяси жағын әлі де жетілдіру керек. Партиялар арасында бәсекелестік болуы тиіс. Үгіт-насихат кезінде бәсекелестік болған жоқ. Сайлауға қатысу, сайлаушыларды тіркеу, нәтижені жариялауға қатысты бұған дейін де айтылған ұсынымдарды орындауы қажет. ЕҚЫҰ азаматтық қоғамның өркендегенін қолдайды, – деді Кристиан Вигенин.

Сондай-ақ ол Қазақстанда сайлау процесін жетілдіру қажеттігіне тоқталды. Алдағы уақытта осыған байланысты халықаралық ұйым сайлау процесін оңтайландыруға қатысты ұсыныстарын айтады. Кристиан Вигениннің пайымдауынша, азаматтық қоғамда демократиялық сайлау өтеді.

«Біз сайлау туралы қорытынды есеп даярлаймыз. Ол 8 аптадан соң дайын болады. Қазақстанда болашақта сайлау процестерін жақсартуға бағытталған ұсыныстарымызды айтамыз», – деді ол.

Жалпы, ЕҚЫҰ-ның бақылау миссиясы сайлау күні Қазақстанның 17 өңірінің 13-інде 90-нан астам сайлау учаскесін аралады. Қазақстандағы өткен сайлауға 20 елден 48 халықаралық байқаушы келді. Оның ішінде 41-і – ЕҚЫҰ өкілі. Байқаушылардың мәлімдемесі ЕҚЫҰ-ның ресми сайтында жарияланды.

Айта кетейік, бұған дейін біз Орталық сайлау комиссиясының қорытындысын хабарлаған едік.