Бұл туралы Facebook-тағы парақшасында жазды.
«Құрметті достар! Орталық сайлау комиссиясы парламенттік сайлаудың қорытынды нәтижесін жариялады. Nur Otan партиясы 71,09% дауыс жинады. Барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында да біз айқын жеңіске жеттік. Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Nur Otan партиясының басты мақсаты – халықтың тұрмысын жақсарту және елдігімізді нығайта беру. Ел болып біріге білсек, алынбайтын асу жоқ. Басымызға түскен қиындықтарды біз әрдайым бірге еңсеріп, жетістіктерге бірлесе жетеміз. Біздің «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламамыз – еліміз бен өңірлерді алдағы 5 жылда дамытудың дайын жоспары. Ол Елбасының 5 институционалдық реформасының бағдарын жалғастырады және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді қамтиды. Nur Otan-ның бағдарламасы – егжей-тегжейлі есептелген, қаржылық және нақты ресурстармен қамтылған шаралар. Алғаш рет жоспарлау тәсілі де өзгерді. Мұнда салалық емес, страттық қағидат негізге алынды. Бұл ретте нақты әлеуметтік топтардың мүддесі басты назарда болады. Елбасы айтқандай, енді партиямыз сайлауалды уәделердің және Мемлекет басшысының пандемия салдары мен экономикалық дағдарысты еңсеру бойынша қойған міндеттерінің барлық деңгейде іске асырылуын қамтамасыз етуі тиіс. Алдымызда атқаратын ауқымды жұмыс бар. Достар! 10 қаңтарда сайлау учаскелеріне келіп, Nur Otan партиясына дауыс беру арқылы жасампаздық пен Қазақстанның өркендеу жолын таңдаған барша азаматқа тағы да алғыс айтамын. Бірлесе отырып, сайлауалды уәделеріміздің бәрін де жүзеге асыратынымызға сенімдімін! Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!», – деп жазды Бауыржан Байбек.