Нұр-Сұлтан – Теміртау күре жолында 15 көлік жол апатына ұшырады. Оның салдарынан бір адам зардап шекті, деп хабарлайды "Қазавтожол" ұлттық компаниясы. 12 қаңтарда Нұр-Сұлтан – Теміртау жол учаскесінде жол-көлік оқиғасы тіркелді. Алдын ала келген мәліметке қарағанда, «КамАЗ» жүргізушісі үлкен жылдамдықпен келіп, Lada көлігімен соқтығысқан. Осының салдарынан бір бағытта келе жатқан 13 машина бір-біріне бірінен соң бірі соғылған. Әзірге 1 адамның жарақат алғаны белгілі болды. «12 қаңтарда таңертеңнен бері Нұр-Сұлтан – Теміртау жолында қар жауып, қатты боран соғып, жүргізушілерге жолды қарап отыру қиынға соқты. Қазір жолда қар күреліп жатыр. Сағат түскі 13.00-ден бастап жергілікті полиция қызметі ол жердегі жол қозғалысына шектеу қою туралы шешім қабылдады», - делінген хабарламада.