Бүгін Бурабайда Үлкен Шабақты көлінде адасып кеткен екі адам қар құрсауында қалып қойған. Өздері әрекет етіп боранда қай бағытқа бет алғанын біле алмай қалған балықшыларды құтқарушылар құтқарды, деп хабарлайды «Айқын» газетінің тілшісі Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Құтқарушылар балықшыларды Трэкол автокөлігімен құтқарған. Жақын маңдағы Ақылбай ауылына жеткізілген балықшылар психологиялық және медициналық көмекке мұқаж болмапты. "Біз зейнеткерлерімізбен бірге Көкшетау қаласынан кеше кешкісін балық аулауға шығып кеткен едік. Бүгін таңғы тоғыздар шамасында ауа райының салдарынан адасып кеттік. Алғашқыда өзіміз жол тауып шығуға тырыстық. Алайда көлігіміз от алмай, «112» нөміріне қоңырау шалуға мәжбүр болдық. Сұрағанымызға қарай көмек дер кезінде жетті", - дейді Демкин Анатолий. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындарына ауа райы жағдайларына байланысты елдімекеннен тыс шықпау қажеттігін ескертті.
"SMS хабарламаларға мән беріңіздер. Алдағы күндердегі ауа райы туралы мәліметерді қарап, аса қажет болып жатса теміржол көлігімен жолға шыққан жөн", - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаметінен.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы