Қарағанды облысында киіктердің өлексесі табылды
Қарағанды облысында киіктердің өлексесі табылды
225
оқылды
Қорықшылардың айтуынша, ақбөкеннің дені күйектен өлген, деп хабарлайды «Хабар 24». Браконьерлер көбіне мүйізі үшін киіктердің аталығын атады. Сөйтіп осы аталықтың қатары кеміген соң, қалғаны күйек кезінде көп күш жұмсап, зорығып кетеді-мыс. Бұл жылда қайталанатын табиғи жағдай дейді қорықшылар. Қатты аяздан киіктер қырылып жатыр деген жазба әлеуметтік желіде кең тарап кеткен. Бірақ табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мамандары мұны жоққа шығарып отыр. Олар Жаңарқа мен Нұра ауданының маңынан 14 киіктің өлексесін тапқан. Соңғы санақ бойынша Қарағанды өңірін шамамен 20 мыңға жуық ақбөкен мекендейді "Аяздан киік өле қоймайды. Тоңып қалса, жүгіретін мал ғой. Он төрттей киік өлді. Бірақ олардың өлген себебі күйек болып тұр. Сол күйекке байланысты ішіндегі әлсірегендері, жасы келген киіктер өліп жатыр. Ол жылдағы болатын жағдай, оған біз ештеңе істей алмаймыз. Бірақ бүгінгі күнге біздің мекеменің тарапынан үш топ кетті, сол жақта жүр. Сол жақта шөп лақтырып жүр, сонымен бірге жан-жақты қарап зерттеп жүр", – дейді Мақсат Мұқанов, орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Қарағанды шаруашылығы коммуналдық мекемесінің директоры.