Өткен жылы республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттерді 2 қала мен 3 облыс әкімдігі игере алмады. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет қаржысын игермеген мемлекеттік органдардың тиісті лауазымды тұлғаларын жауапкершілікке тартуды ұсынды. Ол бұл ұсынысын кешегі Үкімет отырысында айтты.
Оның айтуынша, өткен жылы республикалық бюджеттің параметрлері екі рет нақтыланған болатын. Бұл ретте, бюджет заңнамасына сәйкес шығыс бөлігі республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және жергілікті атқарушы органдардың өтінімі бойынша 8 рет түзетілді. «Дегенмен жыл қорытындысы бойынша бізде республикалық деңгейде де, нысаналы трансферттер бойынша жергілікті деңгейде де бюджет қаржысының игерілмеуі тіркеліп отыр. Осыған байланысты мемлекеттік органдардың тиісті лауазымды тұлғаларын жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыру ұсынылады», – деді Ерұлан Жамаубаев. Қаржы министрінің дерегінше, 2020 жылы өңірлерге көзделген нысаналы трансферттер толық көлемде бөлінді және 2,2 трлн теңгені құрады. Жергілікті жерлерде 99,4 пайызы игерілген. 13 млрд теңгенің жұмысы атқарылмады, оның ішінде 2 млрд теңге үнемделсе, 11 млрд теңге игерілмеген. Бюджет қаржысы Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Павлодар, Ақмола, Қызылорда облыстарында игерілмеді.Тұмар МЫРЗА