Бас қаланың тұрғындары жылуға төленетін ақының екі есе қымбаттағанын айтып, шағымдана бастады. Ал Табиғи монополияларды реттеу комитеті баға өспегенін айтып отыр.
Комитеттің ақпаратына қарасақ, тарифтер былтырғы деңгейде сақталған. Әрине, құны әр өңірде әртүрлі белгіленген. Мәселен, табиғи газдың бір текше метрі елордада шамамен 30 теңге болса, Атырауда – 7 теңге 27 тиын. Қазақстан бойынша табиғи газдың бір текше метрі орташа алғанда – 19 теңге 43 тиын. Ал жылудың бір гигакалориясы орташа 3 мың теңгеге тең. Десе де, ел бойынша жылуға ақмолалықтар аз төлейді екен. Шамамен, 1 600 теңге. Республиканың басым бөлігінде жылу ақысы 2 мыңнан асып жығылады. Алматы, Шымкент, Атырау мен Қостанайда тіпті қымбат. Мұнда жылудың бір гигакалориясы үшін 4 мыңнан астам төленеді. Электр қуатының тарифі де облыстарда әртүрлі. Қазақстан бойынша орташа ақысы 12 теңге 69 тиын деп белгіленген. Дегенмен атыраулықтар әлдеқайда аз төлейді. Мұнда бір киловатт сағатына 5 теңгеден алынады. Алматыда үш есе қымбат. Яғни, 17 теңге 12 тиыннан. Қазақстан бойынша суға ең аз төлейтін өңір – Шымкент қаласы. Олар тіршілік нәрінің текше метрі үшін 31 теңге береді. Ал маңғыстаулықтар 200 теңгеден сатып алып отыр. Қазақстан бойынша көмірдің орташа бағасы – бір тонна үшін шамамен 14-15 мың теңге. Қазақстан бойынша Шұбаркөл көмірі ең арзан өңір Қарағанды екен. Мұнда бір тоннасы –10 мың 500 теңгеден. Көкшетауда 13 700 теңге шамасында. Елордадағы көмір сататын жерден 14 мың теңгеге алуға болады. Павлодарда мың теңгеге қымбат. Ақтөбе жұрты Шұбаркөл көмірінің бір тоннасын 15 жарым мыңнан алады. Қазақстан бойынша көмір ең қымбат өңір – Қостанай. Мұнда тоннасы 16 мың теңгеден екен.Ж.АҚҚАЙЫР